Бүгінгі қазақ телевизиясы
блог
Жаһандану үдерісімен қатар дамып келе жатқан қазақ телевизиясының бүгінгі бейнесі қалай? Өткеніне көз жүгіртсек
Алғашқы кезеңде қазақ телевизиясы - негізінен ақпарат таратушы, бұрыннан бар кино, театр туындыларын әр үйге жеткізетін техникалық мүмкіндікті ғана пайдаланса, көп ұзамай телевизияның ерекшелігіне сай өз туындылары көріне бастады. Жіңішке және жалпақ кинотаспаларға жедел түсірілген тележаңалықтар, жылжымалы телестанциялар арқылы оқиғаның ортасынан жүргізілген телерепортаждар, студияның ішінде қойылған әртүрлі жанрдағы телетуындылар алғашқы талпыныстар болатын. Ол келе-келе шығармашылық ізденістерге ұласты. Алғашқы телеспектакльдер, телефильмдер пайда болды. Балаларға, жастарға арналған хабарлар, оқулық бағдарламалар дүниеге келді.
Қоғамдық өмірдің, ауылшаруашылығының, өндірістің, ғылымның, өнердің, әдебиеттің өзекті мәселелерін қозғайтын шығармалар әртүрлі жанрда бой көрсетті. Бұлардың сәттісі де, сәтсізі де жетіп, артылатын. Телевизия өмірдің өзі тәрізді тоқтаусыз құбылыс болғандықтан, тынымсыз ізденіс толас тапқан емес.
Алғашқы он жылдықта телевизияның табиғатын терең түсінген жаңа шығармашылық топтар, жеке дарындар өсіп жетілді. Бұрын газеттен, радиодан, театрдан келген мамандардың көпшілігі жаңа өмірдің талабына тез бейімделіп, оның дамуына өз үлестерін қосты. Ал телевизияның өз қазаныңда пісіп жетілген жас журналистер, режиссерлер, тележүргізушілер, телеоператорлар Қазақ телевизиясының іргесін бекіте түсті.
Әр жылдарда Қазақ телевизиясы сан түрлі құрылымдық өзгерістерге ұшырады. Оның бәрі де шығармашылық топтардың жемісті еңбек етуіне қолайлы жағдай жасаудан туындаған еді. Солардың ішінде алпысыншы-жетпісінші жылдардағы шығармашылық бірлестіктер ("Шұғыла", "Құрдастар", "Ровесники" т.б.), бас редакциялардың құрылуы өз жемісін берді. Осы кезеңде басшылықта болған белгілі қайраткерлер К.Шалабаев, К.Үсебаев, Х.Хасенов, К.Смайыловтар Қазақстандағы телевизияның жан-жақты дамуына зор үлес қосты. Көгілдір экранда көп сериялы телеспектакльдер ("Қымызхана"), деректі телефильмдер (50 серия), авторлық бағдарлама ("Сұхбат"), ұлттық бояуы қанық жастарға, балаларға арналған хабарлар ("Алтыбақан", "Айгөлек"), ауылшаруашылығын ("Ақ бидай"), өндіріс тақырыбын қозғайтын ("Операция "Ритм") т.б. туындылар жарық көрді.
Қазақ телевизиясы әзірлеген шығармалар Бүкілодақтық көрермендерге де жетіп жатты. Бүл, әсіресе, жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдары кең өріс алды.
Ал бүгінгі телевизияның кемшін тұстары телевизия өткенімен сабақтаспай жатуында. Бүгінде жылтыраған дүниеге қызығып, кім көрінген жарқырап телеарна тізгінін ұстап жүр. Мұндағы "кім көрінгенім" журналистикаға мүлдем қатысы жоқ жандар. Көшірме бағдарламалар да халықтың мезісін шығарып біткені рас. Әр хабар ұлттың болашағы мен болмысы үшін қызмет етсе деген бізден бір тілек.