Бүгінгі "Жұлдыз" журналының тақырыптық, мазмұндық ерекшелігі

«Таң», «Шолпан» журналының ізбасарына айналған «Жұлдыз» журналы өнер мен әдебиет саласының алтын қақпасы іспеттес. Ғасырға жуық өмір сүрген «Жұлдыз» журналы біршама ақын-жазушылардың жұлдызын жаққаны анық. Ендеше, журналдың мазмұндық, тақырыптық ерекшелігіне тоқалайық.

Журналдың барлық сандарына ортақ бірнеше ерекшелігі бар. Ол-тұрақты айдарлардың болуы. Бұл айдарларға «Поэзия, проза», «Зерде», «Мирас», «Абай әлемі», «Сырсандықты» жатқызуға болады. 

Тағы бір ортақ ерекшелігі ретінде журналдың алғашқы бетінде белгілі тұлғалардың суреттері бейнеленіп, лауазымдары жарияланып тұрғанын айтамыз. Мәселен, «Алтын қалам» деген атаумен Әнуар Әлімжанов, Серік Ақсұңқарұлы деген тұлғаларды жарияласа, «Темірқазық» деген атаумен Абай, Әл-Фараби, «Елтұтқасы» деген атаумен мемлекеттік қызметкерлердің бейнесі жариялап отырған.

Ең қызықты ерекшелігі- журналдың шыққан күні мен шығарылған санының бірдей болуы. Мәселен, М.Мағауин редакторлық еткен 2005 жылы 2 ақпанда журналдың 2-нөмірі жарыққа шыққан. Темірхан Медетбек  редакторлығымен 2007 жылы 5 мамырда журналдың 5-нөмірі шыққан. Дәл солай, Ұлықбек Есдәулет басшылығымен 2009 жылы 7 шілдеде журналдың 7-нөмірі басылып шыққан. Бұл дәстүр әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді.

Әдеби-әлеуметтік бағыт алған журналдың көлемі өзгермесе де, шығарылған материалдарың ықшамдалғанын байқауға болады.  Бұрынғы «Жұлдыз» журналының айдарларына сәйкес материалдары да көп болған. Мысалы, журналдың 2005 жылғы 2-ші шығарылымының  «Поэзия, проза» айдарында кем дегенде 7 материал шығарылса, 2020 жылғы 6-шы шығарылымында нақты ықшамдалып, 4 материал жарық көрген.

Журнал әдеби-әлеуметтік басылым болғанымен, журналдағы материалдардың басым бөлігі әдебиетке негізделген.  Сондықтанда болар, айдарлардың басым бөлігінде әдеби шығармалар, әдебиетке байланысты көптеген материалдар шығып отырған. Әдеби-әлеуметтік бағыттағы журнал болғанына қарамастан, мақалаларға қарағанда повесть, поэзия, роман-эссе, әңгімелерге баса назар аударған. Мысал ретінде «Жұлдыз» журналының 2020 жылғы 3-шығарылымын алайық.  «Абай-175», «Мирас», «Атажұрт», «Мағауитану» айдарлары әдеби шығармаларына толы болса,  «Сырсандық» айдарында Серікбай Оспанұлы ақын Сырбай Мәуленовтың хаттарын жарияланған. Тек «Қарашаңырақ» айдарында ғана білім саласы сөз етілген  Р.Наралиева мен М.Тойғанбекованың «ҚазҰУ-Түркі елдер академиясының үздігі» атты мақаласы жарық көрген. Біз бұдан журналда әдебиет саласының рөлінің басымдығын ғана емес, журналдың 3-ші шығарылымында әлеуметтік бағытын жоғалтып алғанын байқаймыз.  

Бірақ, журналдың бір санына бола «Әлеуметтік бағытынан тайды» деп ойлау қате пікір.  Себебі, журналдың 2020 жылдың 5-ші шығарылымында әлеуметтік мәселелерді тілге тиек еткен материалдары баршылық. Мәселен, «Жеті жұрттың тілін біл», «Көкейкесті», «Ұстаз мәртебесі», «Білімдіден шыққан сөз» айдарларында отбасылық және гендерлік саясат, үштілділік, білім беру саласы жайлы мақалалар жарық көрген.  Енді осы әлеуметтік тақырыптағы мақалаларға тоқталсақ.

«Жұлдыз» журналының 2020 жылғы 6 маусымда шыққан санында,  «Көкейкесті» айдарында Садырбек Дәндәқұлұлының «Әйел және әлеумет» атты 2 бөлімнен тұратын мақаласы жарық көрген екен. «Мұзжүректер мен мұңлықтар, немесе қоғам мінсіз болсын десең, қызыңа қара» деген бөлімде жетім балалардың көбейгендігі, қыз баласының зорлану мәселелері көтерілген екен. Мақаланы оқып, автордың обьективті көзқарасына дән риза болдым. Қайырымсыз бай мен қараусыз қалған қызды, қоғамдық құбылыстарды шебер байланыстыра білген автордың пікіріне қалай қосыла алмайсың?! Шынында, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге төтеп бере алмай, байдың қойнына тығылып, ата-ана қарауынан тыс қалған қыздардың шаранасынан бас тартып жатқаны өтірік емес.  «Ер азаматтардан зорлық көріп, оң босағада отырып бала тапқан қыздан әке-шеше бас  тартса, қыз тентіреп, баласын қоқысқа тастап, я болмаса, жетімдер мен аналар үйін паналайтыны- қоғамның жазылмас дерті» деген ойға қалады екенсің.

Автор «Әйел және әлімжеттік» атты 2 бөлімде тұрмыстық зорлық-зомбылық пен педофилдердің көбеюі сөз етіліпті. Садырбек Дәндәқұлұлының: «Маскүнем күйеуінен оңбай таяқ жеген келіншек «ел-жұртқа масқара болмайын» деп қазақы ұяңдыққа басып, «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қағидасына сүйеніп, мәселені жылы жауып қоя салуға бейім. Өйткені, көрші-қолаңға масқара болғанша, үйдегі бықсықты сыртқа шығармау керек. Алыстағы әке-шеше де көзі көгерген қызына оң қабақ таныта қоймайды.» деген пікіріне қосылмасқа шара жоқ. Өйткені , бұл-қазақы психология.  «Педофилдерге кастрацияны түбегейлі ету жағын ойластырған жөн» деген автордың тілегінде қолдаймын. Себебі, қазіргі қоғамның қорғансызы-жасөспірімдер мен нәзікжандылар. Кешегі Аяжан Еділованың өлімі осының дәлелі. Көшеге еркін шығып, еркін жүре алмайтын, қауіпті қоғамда өмір сүріп жатқан қыз балалар қашанғы үреймен өмір сүреді, кім білсін?!

«Жұлдыз» журналының 2020 жылдың 5-ші шығарылымында Сабырбек Олжабайдың «Мұғалім-метеп жүрегі» мақаласы басылып шығыпты.  Автор «Мұғалім» деген ұғымға жан-жақты анықтама беріп, ұстаз мәртебесі жайлы сөз етіпті. Сабырбек Олжабай: «Мұғалімдер қит етсе болды «бізге газет-журналдарды күштеп жаздырады» деп қарсы дау айтып шыға келеді.» -деп жазған екен. Автор айтқандай мұғалімдердің газет-журнал оқитыны дұрыс та шығар. Бірақ, күштеп жаздыру қаншалықты дұрыс? Өз еркінсіз жазылған газет-журналды мұғалім 100 пайыз оқитынына кім кепіл? Ұстаздардың жаңа формацияға лайық білімді қайдан алатынына келер болсақ, мұғалімдер жылда оқып жатқан курстарды неге айтпасқа? Ұстаздар бала оқытып ғана қоймай, өздері де оқып келеді. Себебі, заман талабы. «Мұғалім сенбілікке қатыспасын», «Мұғалім сайлау кезінде көше араламасын» деген сөздер сөз жүзінде болмаса, іс жүзінде орындалып та жатқан жоқ. Сондықтан, «Мұғалімдер маңғазси бермегені жөн» деген пікір ауырлау деп ойлаймын. Жалпы, «Сабырбек  Олжабайдің пікірі дұрыс емес» дегеннен аулақпын. Себебі, ол кісінің де сөзінің жаны бар. Бірақ, біржақты пікірмен қала алмайсың. Күрделірек тақырып болғасын, пікірдің екіге бөлінетіні анық.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, еліміздің байырғы бас әдеби-әлеуметтік  журналы «Жұлдыз» өзінің атына лайық, сан ғасырлық даналықты бойына жинақтаған ерекше журнал. Әдебиет, мәдениет, жалпы руханият айналасындағы  өзекті  тақырыптарды көтеріп, қоғамда шынайы шығармашыл ортаның қалыптасуына көп еңбек  сіңірген «Жұлдыз» журналының қалың оқырман жүрегінен үлкен орын алғаны сөзсіз.



Бөлісу: