Ақын – жазушы болу бір басқа да, балалар әдебиетінің өкілі болу бір басқа. Ол үшін бойдағы бала көңілді, пәк көңілді сақтап қалу қажет.
Жақсылыққа, бақытқа
Талпынған әр уақытта.
Бала біткен дос-бауыр,
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз! – деп келетін Әнуарбек Дүйсенбиевтің өлеңіндегідей тазалық, достық пейіл қажет. Балаларға арнап жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ыбырай Алтынсариннен бастап тізімдесек әрі кетсе отыз адам жинақталып қалар. Осының өзінде олардан қалған мұра жетерлік. Мәселе оқырманның аздығында. Біздің ұрпаққа «Таза бұлақтан» көрі «Гарри Потердің» басынан кешкендері қызықтырақ. Жарайды «Гарри Потерді» экраннан кетіре алмасақта, интернеттен қазақ әдебиетінің бүгінгі қаймақтарын, поэзия деген осы деп көрсетер жаңалықтарын жөндеуге күшіміз жетеді деп ойлаған едім. Алайда «Шабыт» фестивалінде төрешілерден оң баға алып, баспасөз беттерінде сан рет мадақ естіген мына өлеңді көріп, көзімнен жас ақты.
Есiк көрмей анам ашқан етегiн,
Маңдайымның соры болды сол менiң.
Мешiт көрмей менменсiген әкенiң,
Баласы боп, мен де бесiк көрмедiм.
Ботакөз Мұхиденнiң өлеңі. Иә, шындық екені шындық. Қоғамның қателігі екені де рас. Алайда нені болсын кері қабылдайтын бала көңілге мұның берер тәрбиесі кәні. Әрине балалар әдебиетіне арналмаған дерсіз. Алайда осыны қаншама баланың оқығаныда беймәлім.
Мен деп кірпік қақпаған,
Менсіз тағам батпаған,
Бақыты үшін баланың,
Аман-сау жүр, ақ мамам! – деп балалық бақытты, шаттықты жырлайтын ақындардың аздығын қараңыз. Барлық ақын өз мұңын жырлай берер болса, әрбір адам өз жайын күйттемей қайтсін. Бақытты, адамзаттың бақытын жырлайтын ақын керек!
Мен ұйқымды мәңгілікке ашар ем,
Құз-қияны табаныммен басар ем,
Бөбектерді бір әуенмен әлдилер,
Жалпақ жерге жалғыз бесік жасар ем!
Қосжан Мүсірепов