Бүгін сенің туған күнің мама...
блог
Қызық. Сені бұрын туған күніңмен еш құттықтамаған екенмін. Бұл күні саған арнап өлең де, жазба да жазбаппын. Тіпті, бір құттықтауымды арнамағанмын мама. Сен ол үшін еш ренжіме жарайма?! Елемеді, есіне алмады деме. Себебі, сен менің жүрегімдесің, ал жүректегі адамды еске алудың қажеті жоқ, ол адам мәңгі есте болады, ол адам еш ұмытылмайды. Құттықтау арнамағаным рас, бірақ. Білмеймін, мен бұл күні жазарға сөз таппай қаламын. Жылдағы әдетімше тек музыка тыңдаймын. Ішімнен «Туған күніңмен, мама! Жанның жәннатта болсын!» деймін де, қайтадан мұңлы әуенімді қосып, музыкамды тыңдаймын. Қайдағылар еске түседі. Кейде тіпті ештеңені ойламас үшін бөтен бір іспен шұғылданам. Өз-өзімді алдаған болам. Алданбасымды білсем де...
Ал биыл, биыл бәрі басқаша. Биыл күн де сондай салқын. Таңнан толассыз жаңбыр жауып тұр. Біресе жаңбырға қабаттасып күн шығады, біресе күнге қабаттасым жаңбыр жауады. Аспан да сені жоқтап жатқандай. Сені іздеп сағынғандай болды маған.
Кешке телефоныма хабарлама келді. Сенің сіңлің ғой жазған. Бүгін анаңның туған күні депті. Мені білмейтін шығар деген болар. Жұртқа жадырап өзің жайлы айтпағасын солай деп ойлайды көп адам. Үнемі екі қанатым түгел жанға ұқсап, жалған бақытты жүзіме жабыстырып жүргесін бәрі де бақытты, бәрі де керемет деп ойлайды ғой. Жүректегіні жұрт қайдан көрсін?!
Жә, оның бәрін қойшы. Бүгін сенің туған күнің ғой. Сені бүгін бөтен оймен мазаламайын. Мама, сен расында көктем боп келдің өмірге. Сені танитын, сенің көзіңді көрген адамдардың бірінен сен жайлы жаман сөз естімедім. Кімді көрсем де сенің даналығыңды, сенің сұлулылыңды, сенің білімділігіңді, сенің мейірімді жүрегіңді айтады. Бір адамдар әкеме ұқсатса, бір адамдар өзіңе ұқсатады. Сендерге ұқсасам арманым жоқ. Себебі, ол мен үшін ең биік мәртебе. Әлемдегі бар мақтауды, мадақты, даңқты қоссаң да сол мәртебеге ешбірі жетпейді, мама... ...Туған күніңмен...алтын адам...аяулы жан...!