"Будущий пенсионердің" ермегі - сайт жасау
блог
Wordpress CMS-ін хостқа шығарып, блогты ашып, құрылымын жөндеп, темасы мен қажетті плагиндерін орнатып та қойдым. 18 плагинді іске қостым-ау шамасы. Хост-серверге салмақ сала ма, көреміз. Оның ішінде - құрылымдық, спаммен күрес, форум, жеделдету, сыртпен байланыс плагиндері бар. Маған ең керегі және ұнағаны bbpress форумның плагині. Әрине, Akismet-тің де қаншама спамға тосқауыл қоятынынан үміткермін. Ал Social Share Buttons плагині болашақта сайтыма мол білімқұмарларды бағыттайды деп күтемін. Суретті шертсеңіз, жаңа білім сайтына барасыз :)
Бірден бір қиындығым - CMS ағылшынша не орысша. Мүмкіндігіме қарай қазақшаладым, бірақ... Мысалы, бас бет "Главная" болып тұр қазірше. Солай, кейбір тұс орысша, кейбірі ағылшынша қалып тұр. Жүре жөнделер. Тағы, сайттың дизайнын өзіме бейімдеу, дараландыру өте ізденуді қажет етеді екен. Бұл тұста да әлі даму болатын шығар.
Ендігі жауапты, мүмкін ең жауапты, іс - тиісті мазмұнмен толтыру. Әрине, мен сайтты алғаш рет жасап отырғам жоқ. Тек екінші реттік жеке доменге енді көштім. Материал жоқ емес, тек... өңдеу қажет, аудио, видео контентті көбейту керек. Жұмыс жетеді. Қызық шығармашылық жұмыс.
Мен үшін жаңалық болып тұрған - сайтта білім форумын ашуым. Оқу-білім, тәрбие мәселелерін талқылауға арналған қазақша форумдар интернетте, меніңше, жоқтың қасы. Көптен көңілде жүрген ой еді. Алла жазса, үлкен кәсіби форум, кәсіби пікірсайыс ортасын оталдырып жібергім бар. Осы бағытта көп ойланудамын.
Жалпы, бұл жобадан үлкен іскерлік қайтарым күтемін. Өзімнің ұстаздық ісімнің ең ұшар шыңы осы болса деп тырысамын. Бір татымды мақсатқа ұмтылып өмір сүру керек шығар.
Сосын... пенсияда ермек болады :))