"БІРЫҢҒАЙ ҚАРА"

"БІРЫҢҒАЙ ҚАРА"
жеке
блог

                                        

БІРЫҢҒАЙ ҚАРА

(күнделігімнен)

         Күндізгі шырайы мен жылуын жоғалтқан күн шапағы алыстан мұнарлайды. Санамдағы жаңғырықтан тазарсам болғаны, бір уайым кеудені басады да тұрады. Шындыққа тік қарар сәтім жетпеген сияқты әлі күнге. Жалғанмен өмір сүргім келеді. Тәтті қиял, кереметтей болған жалғандық, оралмас өткен бақытпен... қорқамын... дәл сол сәттегідей... «Жоғалтып алдық»,- деген жағымсыз дауысты естігім келмесе де, құлағымның түбінен кетер емес. Әр түн сайын, періштемді ойға алсам болғаны, сыбырлайды да тұрады. Ашумен нестерімді білместен, дел-сал халдегі күйініштен жынданып кетемін бе деп қорқамын кейде. Бұл жолы да солай. Ұзақ жол. «Тірі адам тіршілігін жасайды»,- дейді, кенжені, еркені, тәттіні ұмыту қиын, бірақ. Алайда, бір күнге тырыстық. Әр тұстан кездескен естеліктерді бір шолып, жасырын көз жасқа ерік те беріп аламыз. Сондағы жылауығы мен. Білмеймін, өзімді көп кінәлаймын. Телехикаяларда, өзге елді қарасаң, «менің кесірімнен»,- деп егіліп жатады, өз еліміз «өзіғой» деген сөзді ұмытар емес. Көршілеріміздей мен де егілдім, түңілдім, тағдырдың бір сынынан сүріндім деп жыладым. Өткенді кері қайтару мүмкін емесін білсем де, әлі күнге өзімді кінәлаймын. Туылған сәттен, көз жұмар сәтке дейін, мен кінәлі шығармын деген ой санамнан кетпейді. «Асылжан - ауыр есім екен»- дегенді естігенде, бұл жалғаннан баз кешіп кетерім бар. Менің ұнатып қойған есімім еді. Жаман ойға ие болмадымғой ол тұста, сонда да өзімді жазғырамын. Біздегі қалған жалғыз естелік бейнедегі жансыз қыз, сүйкімді күлкі, періште сәби. Кешірім сұраймын, жанымда болмаса да, естіп тұрғой деген үміт сол. Қолыма қалам алып, ақ бетке шимайлай бастасам болғаны, еріксізден көздегі ыстық жас жерге тамып, қолым өзі жылжи беретін болыпты. Түрлі өрнек... кестелі жіппен тігілген емес, бірыңғай қара... түнек пе дерсің. Нөсерлі жауын мен қатты соққан дүлей желден кейін, ашық аспан, шуақты күнді күтеріміз белгілі. Мезі еткен қиындық пен төгілген көп жастан кейін де, бір тыныштықты аңсайсың. Бірақ, оның ауылы тым алыста сияқты мен үшін...

Періште қыздың бейнесіне үңіліп,

Берілсем қатты кетемін өзім түңіліп,

Қаймыға қарап отырушы едім ол барда,

Сәл ғана затқа қалатындай сүрініп.

 

Арылып ойдан, алаңсыз жатып тынықсам,

Сені іздеп ботам, кетемін асып Тынықтан

Кезіксем саған бар ойым мынау мендегі,

Мұздай боп жатқан денеңді сенің жылытсам.

 

Кішкентай ғана қолымды қысқан алақан,

Орыны суып, жүрегім сыздап, тама қан,

Дірілдеп жаным, жеткізем саған ақырын,

Орының сенің жәннәтта болсын, балапан!

 

 

 

 

Жансая ҚАБДЕН