"БРО"
блог
Керімжан жыл бойы жанталасып, жан жүйкесін сабақ оқуға ғана арнады. Төккен тер, еткен еңбек еш болмай, барлық сабақтан «бестік» бағасын алып еді-ау... Алайда соңғы болған емтихан оның көңілін құлазытты. Көйлегінің етегіне дейін жеткен көңіл күйін көтеруге күлімдеген күн де, жайқалған жасыл жапырақтар да көмектесе алмады. Әдетте осындай сәт туа қалса, досы Шапағатқа хабарласатын. Ол әрбір сөзімен жүзіне жымиыс ұялатып беруші еді. Соңғы аптада қандай қара ниетті себеп болғаны белгісіз, бұрынғыша ашық-жарқын сөйлеспей жүр. Сондықтан күндегідей қоңырау шалып, өзін ренжіткендер туралы шағымданып, оларды қалжыңмен қағытқанын күтіп, күлудің реті келмеді. Үйге қайтар жолында шайтан арбаға мінгескен екі ұл:
- Мынау сылқым бикештің көңіл-күйі жоқ қой.
- Емтиханнан «төрттік» алып, мұңайып келе жатырғанға ұқсайды.
- Қой, тиіспейік, «таз ашуын тырнадан алып жүрер», - деген диалогын құлағы шалды. «Қазір емтихан уақыты, жарайды ол барлығына белгілі. Ал, қандай баға алғанымды бұлар қайдан біліп тұр? Неге үштік емес, дәл төрттік деп айтады? Қызық». Ойларға оранып келе жатырған күйін телефонына түскен қоңырауы бөлді. «Шапағат бро». Уақыттың ағынымен бауырынан да жақын жанға айналғандай болған ең жақын досын осылай атайтын. Тұнжыраған көңілін жадыратуға осы қоңыраудың келуінің өзі жеткілікті болып қалды да, көмейіне қонған бұлбұлдай үнімен телефонына жауап берді:
- Аллооо?
- Братиш, қалай жағдайың?
- Шүкір, жақсы. Өзің қалайсың ?
- Күшті. Жылаған емессің ба, даусың біртүрлі болып тұр.
- Ааа, жай.
- Кім тиді, айт.
- Оой, апай ғой, барлық сұрағына мүдірмей жауап берсем де, бір есеп дұрыс болмады деп емтиханнан төрт қойды.
- Сол апайыңды ма сенің... Оны енді түзетуге келмес. Емтиханның соңы ол емес. Өмірдің сынақтарынан сүрінбей келесің ғой, шүкір дейік, тұлпарым. Ақылды қыз соған да жылайды ма екен, мойымай ары қарай оқи берші тек. Дипломыңды алып алған соң, игі идеяларыңды жүзеге асырып, көрсетесің әлі оған Керімжанның кім екенін. Еркелігің басылмады-ау әлі. Үлкен қыз болдың ғой, қойсаңшы енді. Қазірден еркелігіңді азайтпасаң болашақта қиын болады ғой. Мен көтерермін, ата-анаң көтереді, басқа да жақынды, алысты достарың түсінеді еркелігіңді. Ал өмір көтермейді ғой... Жарайды, мен тағы да данышпансымақтанып, сенің басыңды қатырып жіберермін. Болды, күл енді.
- Хе-хе-хе. Шынымен де көңілім орнына түсті. Жігерлендіріп тастадың. Сөздеріңмен көңілімді мәз, жүрегімді жаз қылдың ғой. Сенің бар болғаныңа рахмет. Арай да шет елде, соңғы күндері жаным жалғызсырап кетті.
- Ол әлі келмеді ме? Қашан келуші еді өзі ?
- Ертең келеді, бұйырса.
- Олай болса ертең кешке барлығымыз театрға барайық. Мен де Диасты ертіп шығамын.
- Жарайды, келістік. Қандай қойылымға барайық?
- «Келіндер көтерілісі».
- Ол қазір болмайтын болды.
- Неге, келіндерді басып тастаған ба?
- Түуу, әзілдер бермей айтсаңшы.
- Олай болса, «Күйеуіңізді сатыңызшы».
- Менің күйеуім жоқ. Хе-хе-хе. Жарайды, «Күйеуіңізді сатыңызшы» қойылымын көрмеген едім, барайық.
Күткен күн келді. Қойылым өте күлкілі де, әсерлі болды. Еркектердің ақымақ, нәпсіқұмарлығы, әйелдердің ақылды, кешірімді, дүниеқоңыздылығы, жас қыздардың еркектерге тез алданып қалатыны жайында мұңды комедия. Керімжан мен Шапағаттың қалжыңдасып, күлісіп отырып әңгімелескеніне қарап Арай:
- Екеуің сырттай қарағанда әдемі жарасады екенсіңдер, - деді құрбысының құлағына сыбырлап, - неге Шапағат екеуің қыз бен жігіт болып жүрмейсіңдер? Жақсы жігіт қой.
- Қойшы, қай-қайдағыны айтпай. Өзі ондай әңгіме айтпаған соң, елестете алмаймын да.
Театрдан шыққан соң бірін-бірі көптен көрмеген Шапағат пен Керімжан Диас пен Арайдың алдына шығып, оңаша әңгімелерін айтты. Соңында жүрген қыз бен ұл бір-бірін сыртынан ғана көріп, біліп жүруші еді, жақынырақ танысуға мүмкіндік туды.
- Шапағат, соңғы күндері жиі хабарласпай кеттік қой.
- Өзің ғой, Данияр дедің баа, қай-қайдағы біреулерге көңілің ауып…
- Сен айттың емес пе, ол жақсы жігіт деп?
- Айтсам ғашық болып қала қоясың ба?
- Ғашық емеспін, аздап ұнатқаным рас. Сол үшін ренжіген болсаң, Даниярмен сөйлеспей-ақ қояйын. Жігіт табылады, дос табылмайды. Біздің достығымызға ешкім кедергі бола алмайды.
- Бәсе, сөйтпейсің бе?
- Немене, қызғанып қалдың ба?
- Жоооқ.
- Мойындасаңшы, айтқанда түрің де өзгеріп кетті ғой.
- Иә, қайдан біліп қоясыңдар осы? Қусыңдар-ау, қыздар қауымы.
- Біліп қоясыңдааар ? Тағы да кім біліп қоюшы еді?
- «Қыздар қауымы» дедім ғой. Оған анам да, жеңгем де, сыныптас қыздарым да кіреді. Сен де мені қызғанып тұрсың ба?
- Қооойшы, сені қызғанып не көрініпті?!
Осылай жолды қысқартқан әңгіменің арқасында құмсағаттың құмындай сырғып жатақханаға да жетіп келді. Екі жігіт екі қызбен «кездескенше» айтып, қалған жолына көзімен шығарып салып қала берді...
Жалғасы бар (шығар).