“Бірлік болғанда ғана тәуелсіздікке жетеміз”

 Қазақтың басына қара бұлт үйірілген кезде жанға жалау болған сөз – “Бірлік”. Міне, сондай 1917 жылдағы ақпан төңкерісінен кейінгі қиын-қыстау кезеңде де қазаққа бас болған “Бірлік туы” газеті болды. Жүрекке үміт отын ұялатып, көңілге демеу болған басылымның да, бас редакторының да қазақ үшін орны өте бөлек. Басылымның бастауында тұрған, негізін қалаған құрметті қоғам қайраткері – Мұстафа Шоқай.
  Басылымның пайда болған уақытына байланысты бірнеше кереғар ақпараттар бар деп сыр шертеді тарих беттері. Бір дереккөздерде газет 1917 жылдың ақпанында шықты десе, екінші деректе маусым айынан бастап шықты делінген. Бірақ, барлық ақпарат көздеріне ортақ мәліметтер де бар. Мәселен, газеттің Ташкент қаласында шығып тұрғаны және ол аптасына 1 рет шығып отыратын басылым екеніне дау жоқ. Газет қазақтардан басқа, қырғыз, өзбек, татарсекілді. түркі халықтарының арасына кеңінен тарады. 
  Басылымның бас редакторы – Мұстафа Шоқай. Мұстафа Шоқай - өмір бойы “бірлік” деген сөзді ұран ғып көтерген белгілі мемлекет қайраткері. Ол тек қазақтардың ынтымақтастығы үшін шырылдамады, бүкіл түркі халықтарының басын қосу мәселесін мақсат етіп көтерді. Жалпы, “Бірлік” пен Мұстафа Шоқай бір-бірінен ажырамас жаратылыстар. Кейбір деректерде “Бірлік туы” газетінің бас редакторы ретінде Мұстафа Шоқайдың баласының есімі де аталады.
  Енді газетте көтерілген мәселелерге кезек берейік.
“Бірлік  туы” газетінің  1917  жылғы  20-шы  тамыздағы  санында  жарық  көрген  
«Бұл  заман-өзгеріс  заманы»  деп  аталатын  мақалада  «Заман  –  өзгеріс  заманы:  ескінің 
қирап,  жоғалып,  оның  орнына  жаңаның  орнап  жатқан  дәуірі.  Қашаннан  залымдық,
құқықсыздықтың  зарын тартып,  құлдық қамытын киіп келген россия халқы март айынан
бері  бостандық  шуағына  шықты...  Қашаннан  халықты  қой  есебінде  бағып,  құл  есебінде
тұтқан ескі қалып жоғалған соң ерік тізгіні сол халықтың өзіне тиді» деп жазады. Алайда,
өзгерістің екі жағы барын, оның әрқайсысы өз орнында болса ғана біздің халқымызға зор
пайда келетінін нақты мысалдар келтіре отырып баяндайды. Оның бірінші жағы халықтың
ілімді болып, ғылымды игеріп, оқуға ден қою қажеттігін дер кезінде түсінулері қажет деп
санайды. Себебі, білімді халықты ешқандай жау алмайтындығын, көзі ашық адамдар елді
алға сүйрейтінін айтады. Өзгерген заманды өз пайдамызға жарату үшін екінші мәселе елде
тәртіптің болғандығы деп көрсетеді. «Алаш азаматтары, егер жұрт болып халық қатарына
қосыламын  десең,  тағы  да  баяғы  құлдықты  сағынбасаң,  көздеріңді  түріп  ашатын  уақыт
осы.  Кеудесінде  саңлауы  бар  бұған  түсінсе  керек.  Ілгеруден  үмітің  болса  өткенді
ұмытпа!“-дейді.
Осы мақаладан-ақ газеттің қазақтың қамын ойлайтын бірден-бір басылым болғанын түсінуге болады. Газет көбіне патша үкіметінің ұстанған саясатын сөз еткен.
Патша үкіметінің қол астына қарасақ та, шындықты айтуға ұмтылған көзі ашық, көкірегі ояу жандардың арқасында өз ойымызды ортаға ашық жеткізе алдық. Ол кезде ауыздан артық сөз шығарудың өзі өте қауіпті еді. Бұған жазықсыз атылып кеткен, жазықсыз жазаланған зиялыларымыз дәлел. Ал, “Бірлік туы” газетінің ештеңеден тайсалмай, әрбір материалды жоғары деңгейде ашық жеткізе білуі халықтың қамы үшін жұмыс жасап жатқанының айғағы.. Себебі, газеттің басты мақсаты болды немесе газеттің бас редакторы Мұстафа Шоқайдың нақты мақсаты болды. Міне, араға қаншама жылдар салып, зиялыларымыз көре алмай кеткен ауызбіршілікке қол жеткіздік, әлі де жеткізіп келеміз. Осы тұста “Бірлік”-тің символы Мұстафа Шоқайдың “Өзiнiң iшкi бiрлiгiн нығайта алған халықтар ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алады” деген сөзі бекер айтылған жоқ деп білемін.
                                                            Аяулым Абаева
                                                            ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 1-курс студенті



Бөлісу: