Лондонға кетер алдында Біржан Жақыппен болған сұхбатымды оқып, ой бөліссеңіздер. Мұндағы мақсат Лондонға барарда спортшыларымыздың көксеген армандары қандай еді, дегенді тағы да аңғарту
Айқын 17.07.12
Айқын газеті 17.07.12.
Қазақ жанкүйерлері Лондон Олимпиадасында жүлде күтетін спортшыларымыздың бір шоғыры - боксшылар. Төрт жыл сайын айналып соғатын дода барысында былғары қолғап шеберлеріміз қол жеткізген жетістік жаман емес. Міне, биыл да біз боксшыларымыздың жолына үмітпен қарайтын боламыз. Ал олардың дайындық деңгейлері қандай? Ендеше Олимпиада ойындарына баратын спортшыларымыздың бірі - Біржан Жақыппен ой бөліселік.
- Біржан, Лондон Олимпиадасына дайындық қалай жүріп жатыр?
- Бүгінде Лондон Олимпиадасына дайындық жақсы жүріп жатыр. Бәрі де ойдағыдай, бірқалыпты. Күніне 3 мезгіл дайындық жасаймыз. Барымызды салып, жақсы нәтиже көрсету үшін тынбай еңбек етудеміз.
- Спортшының мықты болуы бапкерге де тікелей байланысты дейді. Сіз өз бапкеріңіз жайлы не айтар едіңіз?
- Менің бапкерім өте тәжірибелі. Сол кісінің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмын. Әр алаңға шығар алдында бапкерім маған өзінің құнды кеңестерін беріп отырады. Кейде жіберген қателіктерімді бетіме басып, ендігіде оларды қайталамауымды сұрайды. Жалпы, бапкерім мықты кісі. Қазақстаннның бас бапкері тегін адам болмауға тиіс.
- Жалғыз жолдаманы ұтып алғаныңызда қатты қуандыңыз. Ал бұл жолдаманы алуда өзіңізге басты қарсылас деп кімді таныдыңыз?
- Бұл жерде өзіме басты қарсылас ретінде өзбек және жапон ағайындарын көрдім. Неге десеңіз, олар ешкімнен жеңіле бермейтін мықты боксшылар. Тағы бір айтарым, олар мен үшін әлі алынбаған қамалдар есебінде болған. Сол қамалдарды алу арқылы мен жолдамаға қол жеткіздім.
- Жолыңыз болып, Олимпиадада жүлделі орынға ие болсаңыз осы жеңісіңізді кімге арнамақсыз?
- Құдай қаласа, аталмыш Олимпиадада жүлделі орынға ие болсам, әрине, жеңісімді Қазақстанға арнаймын. Өйткені біздің туымыздың әлем аренасында биікте желбіреп тұруы, біздер үшін өте үлкен бақыт болып табылады.
- Сіз өзге боксшыларға қарағанда қызуқанды көрінесіз. Осы жайлы не айта аласыз?
Спорт болған соң бірде жеңіс, бірде жеңіліс болады. Кейде сол жеңіліс, келесі жеңістің орын алуына үлкен септігін тигізіп жатады. Себебі, спортшы жеңілген кезде сол қарсыласын қалайда жеңгісі кеп құмарланады. Осы тұста, менің ойымша, кез келген боксшы эмоционалды болуы керек. Сонда ғана ол армандаған биігіне қол жеткізеді. Яғни кейде спортта мінездің де керегі болып жататын тұстары кездеседі.
- Жалпы, спорт өте үлкен «шайқас» алаңы. Бұл алаңға қалай тап болдыңыз?
- Мен боксқа мектепте жүргенімде келдім. 13-14 жас шамасында бокс мектеп үйірмесіне жазылдым. Достарым ылғи есік алдына келіп, былғары қолғаптарды киіп бір-бірімен шайқасып жататын. Соларды көріп қатты қызығып кеттім десем де болады. Содан достарыммен бірге барып, бокс үйірмесіне жазылған түрім бар. Міне, бүгінде бокс менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды.
- Халық өзіңізді боксшы ретінде жақсы таниды. Ал қарапайым өміріңіздің күйі қандай? Яғни отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?
- Мен Созақ ауылында дүниеге келдім. Сонда ауылдың басқа балалары сияқты қозы бағып өстім. Нағыз қазақтың қара домалақ ұлдарының күйін кештік. 3-4 сыныпқа өткенімде Шымкент қаласына көштік. Осы жайтты менің бокс әлеміне жол ашуым десек те болады. Ал отбасында әке-шешем, ағам және екі қарындасым бар. Яғни үйде төрт ағайындымыз.
- Үйдегілеріңіздің спортқа қатысы бар ма?
- Отбасымызда спортқа қатысы бар ешкім жоқ екен. Тек әкемнің бокс пен футбол жанкүйері болуы ғана болмаса, жанұямызда спортты таңдаған жандар болмапты.
- Қазақ боксына қандай баға бересіз?
- Қазақ боксы сонау Кеңес Үкіметі тұсынан-ақ ылғи биіктерден көрініп жүр. Серік Қонақбаев ағамызды шебер деп айтсақ, оның жолын Ермахан мен марқұм Бекзаттар жалғастырды. Бүгінде ағаларымыз салған сара жолды қазақ боксшылары жандандырып жүр. Лондон Олимпиадасына алған жолдамалардың саны да қазақ боксының мықты күйде екенін тағы бір дәлелдеді.
- Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?
- Болашақты әлі жоспарламаппын. Бір білерім мен әлі спорттан кетпеймін. Спорт менің қазіргі - өмірім.
- «Жақсы спортшыдан жақсы бапкер шығуы екіталай» деген ой бар. Сіз осымен келісесіз бе?
- Мен бұл оймен еш келіспеймін. Өйткені, кез келген спортшы бар ынты-шынтысын салып ниеттенсе ол бапкер бола алады. Бұл үшін, әрине, ең алдымен ниет пен еңбек қажет. Сонда ғана бүгінгі спортшы, ертеңгі бапкер болуы әбден мүмкін.
- Сізге алдағы жарыста тек сәттілік тілейміз!
- Көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлжан Серік