"Біргеміз" әнінің бейнебаяны қалай түсірілді?

Көптен күткен "Біргеміз" әнінің тұсаукесері де өтті. "Алдаспан" тобының солисі Шамшаддин Омар мен алғаш рет композиторлық қырымен танылған Әлібек Әлмадиев орындайтын ән бүгінде халық арасына тарап үлгерді. Тыңдаған жұрт, әсіресе, Massaget.kz тілшісі Жасұлан Исакаев жазған әннің сөздеріне баса мән берді. Сонымен қатар әнге түсірілген бейнебаян да назарсыз қалмады. Мамандар шығармашылық жағын сынағанымен, жағымды пікірлер көп. Ендеше, сол бейнебаян қалай түсірілгенін сіздерге баяндай кетсем деп едім.

Әнді жаздыру идеясы дүниеге келген күні біз бейнебаян түсіретінімізді де шешіп қойғанбыз. Дегенмен о бастан бейнебаян қандай болатынын айту қиынға соққаны рас. Оны айту үшін әннің дайын болғанын күтуге тура келді. Күзге жақын әннің сөзі, әуені жазылып, өңдеу жұмыстары жасалғанда ғана жігіттермен отырып бейнебаян мәселелсін талқылауға уақыт таптық. Бірнеше жиналыстан кейін, негізгі сюжет ойластырылып, түсірілімдерге дайындық басталып кетті.

Түсірілімдері Сөгеті ауылы мен Алматы қаласында өткен бейнебаянның идеясы әлбетте әннің идеясымен бірдей, ал сюжет әннің сөздеріне сай өрбиді. Барлық техникалық сұрақтарды шешкеннен кейін, кастинг жариялап басты және қосалқы рөлдерде ойнайтын балаларды таңдадық. Кастингке келген балалардың ішінен екінші сыныпта оқитын Абзал бала Шамшаддинді, ал Бекжан бала Әлібекті ойнайды деп бекітіп, түсірілімге кірісіп кеттік.

Бейнебаянды түсіру кезінде біздің басты мақсат 90-шы жылдардың атмосферасын жандандыру болды. Ол үшін ескі теңге, сүтке арналған тобатай сияқты детальдарды қолдандық. 

Әрине, бұл заттардың бәрін іздеп, оларды қалпына келтіру жұмыстары өз алдына бөлек әңгіме. Мысалы, бала Әлібектің анасын ойнайтын Қарлыға Бүйенбайды сол кезеңге сай етіп киіндірудің өзі біраз ізденісті қажет етті.

Жалпы, түсірілімді үш кезеңге бөлдік:

1. Алматы. Әлібектің балалық шағы. 

2. Ауыл. Шамшаддиннің балалық шағы. Бала Әлібектің ауылға баруы. 

3. Алматы. Шамшаддин Омаров мпен Әлібек Әлмадиевтің студиядағы түсірілімдері.

Алматыда өткен алғашқы түсірілім екі күнге жалғасты, алайда монтаж барысында Бекжанның кадрлары жеткіліксіз екені анықталып, бірнеше аптадан кейін қосымша түсірілім жасауға тура келді.

Ауылдағы түсірілім біраз қиындық тудырды. Себебі түсірілім Райымбек ауданы Тоғызбұлақ ауылында өтуі керек еді, ол жақта қар ерте түскендіктен, түсірілімді бір аптаға шегеруімізге тура келді.

Бір аптадан кейін де жағдай өзгермеді, абырой болғанда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында режиссура мамандығы бойынша білім алып жүрген Ерболат Қанатбек бауырымыз қол ұшын созып, өзінің туған жері Сөгеті ауылында түсірілім жасайық деген ұсыныс тастады.

Ерболаттың бастауымен Сөгетіге барып, жұмысымызды жалғастырдық. Ол бізді ауылына апарып қана қоймай, бейнебаянның бір эпизодына кейіпкер ретінде түсіп, режиссерлік кеңестерімен де бөлісті.

Бейнебаяндағы қосалқы рөлдерді сомдау Мейрамбек, Әмір және Бекарысқа жүктелді.

Түсірілім алаңында кішкентай балалармен жұмыс істеу қиынның қиыны екенін оқу орнында оқытқан, оған Сөгетіде жүріп көз жеткіздік. Дегенмен бәрі сәтті өтті, оған екінші режиссер Бауыржан Жақсымбеттің балалармен тез тіл табыса алатын жайдары мінезінің көмегі тиді десем болады.

Ауылдағы түсірілімнің ең қиын сәті балаларға ауыр тасты көтерту кезі болды. Бұл жердегі басты мақсат олардың шынайы эмоциясын түсіру еді. Абырой болғанда, балалар қойылған талапты мүдірмей орындап, бәрі сәтті өтті.


Оған Мағжанның көмегі тиді десем болады. Ол бейнебаянға түспесе де түсірілім алаңында балаларға кеңес беретін көмекші ретінде танылды. Қанша дегенмен басқалардан бір жас үлкен ғой, бойы да ұзын.
 

Ауа-райының қолайсыздығы мен техникалық ақауларға қарамастан шығармашылық ұжым қысқа мерзімде ауылдағы түсірілімді аяқтап үлгерді.

Сөгетіден кейін араға бірнеше күн салып тағы да түсірілімге кірістік. Бұл жолы Шамшаддиннің далада, Әлібектің қалада жүрген сахналарын түсіру керек еді. Ауа-райы қолайлы болып, ол сахналарды кеш батпай түсіріп үлгердік. 

Кешке студияға келіп, екі жігіттің ән айтқанын кезектесіп түсіріп, жиналған материалды монтажға жібердік. Дегенмен монтажда ақаулар бары білініп, бірнеше күннен кейін жігіттерді тағы мазалауға тура келді.

Сөйтіп, бір түсіріп, бір өшіріп жатып, бірнеше апта өткенде түсірілімдерді де аяқтадық. Бәріміз бірлесе түсірген бұл бейнебаян "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген мақалдың өмірдегі айқын мысалы болды. Монтаждан кейінгі нәтижесін білесіздер, сонда да тағы бір рет назарларыңызға ұсынайын.

 



Бөлісу: