Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді 12/90
блог
Сенбі-жексенбі күндеріне шолу:
Блог жазарда, осы өмірдегі ең заняТОЙ адам секілді сезінемін өзімді. Сенбі-жексенбі, өздеріңіз білетіндей, қазақтар тойға барады, не той жасайды. Осылайша, әпкемнің туылған күнін тойладық. Мерекеге дайындық бейсенбіден басталып, жексенбі күні кешке бірақ бітті. Заттарды жиыстырып, "өзіміз шай ішейік" деп абыр-сабырмен жүргенде демалыс күндерім зулап өте шықты.Қартаяйын дегенім бе, әлде уақыт шынымен зымырап өтіп жатыр ма, білмеймін.
Отырыста жақсы-жақсы әңгімелер мен әзілдер айтылып, күлкіден ішегім қатып қала жаздады. Мерекеге келген қонақтардың бірінің туылған күні қазан айының 15-ші жұлдызында болыпты. Сол күні достары жасаған "қызықты" тосый сый туралы баяндады. Бүгінгі блог сол жайлы болмақ.
Қазіргі кезде жастар арасында туған күн иесін түнгі сағат 00-00 құттықтап, торт жағу/лақтыру үрдісі пайда болғанын байқаған боларсыз? Бұл "дәстүр" қалай және қайда пайда болды деген сұрағыма, Гугл мен Википедия былай деп жауап берді:
Торт лақтыру белгілі бір танымал саясаткер мен әйгілі адамдардың қызметіне саяси протест түрі немесе қалжың болып табылады. Физикалық зақым тигізбей, адамды қорлау мен әжуалау мақсат етіледі. Кейбір мемлекеттерде, АҚШ пен Канадада, бұндай қылық соққы жасау деп түсініліп, қамауға алынуыңыз мүмкін.
Алғаш рет комедиялық тәсіл ретінде Фред Карно қолданған. 1909 жылғы «Мистер Флип» атты мылқау американдық комедиялық фильмнен кейін, фильмдерде торт лақтыру танымалдылыққа ие болды деп саналады.
(Ұлы диктатор, 1940)
Өз басым бұл қылықты ҚЫЗЫҚ деп санамаймын. Бұл, барып тұрған тойынғандық. Шет тілдерін білсем де, олардың мәдениеті мен әдебиетін қызығып оқысам да, біздің ділімізге келіспейтін іс-әрекеттерінен аулақ болуға тырысамын.
Торт деген... Ол НАН ғой! Ас атасының қадірін ұмытып, білмегендігіміз бе!?
Естеріңізде ме, алғаш балабақшаға немесе мектепке барғанда ұстаздарымыз "Нан қоқымын шашпаймыз, торғайларға тастаймыз" деп үйретуші еді ғой. Соны ұмытып бара жатқан сыңайлымыз...
Қонағымыздың әлгіндей қылықты мақтанышпен айтқаны, осы тақырыпты қозғауыма себеп болды. Бәлкім, дұрыс дерсіздер, бәлкім, бұрыс дерсіздер, бірақ осы блог тұғырында отыратын жасөспірімдердің бұндай оғаш қылық жасамауларына түрткі болармын-ау деген үмітпен жазып отырмын.
Біле жүріңіз, БҰҰ-ның 2015 жылғы мәліметі бойынша, Жер шарының әрбір 9-шы тұрғыны, шамамен 806 МИЛЛИОН адам аштықта өмір сүреді.
Ресми мәліметтер бойынша, 1931—1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.
Жолдастарыңыз осындай қылық жасаса, құрбан болған, қазірде бір нан қоқымына зәру болып отырған адамдарды есіне салыңызшы. Рақмет!