Біреу ренжітті ме?!

Біреу ренжітті ме?!
жеке
блог

Еліне құрметті данагөй қарт кісі шәкірт тәрбиелеп, дәрістер жүргізетін көрінеді. Бірде әдетінше шәкірттерін жинап, дәрісін жүргізіп жатқанда, олардың маңына жас жігіт келеді. Жас жігіт айналасына өзінің дөрекілігімен және қатыгезділігімен танылған палуан болса керек. Ол ұрыста жеңу үшін қарсыласын әбден ашуландырып, көзі қанталап, әбден өз-өзін жоғалтуға дейінгі халге жеткізу айласын әдетке айналдырған. Ал ашуға бой алдырып, ақылын шел басқан оның қарсыласы байқұс қателіктен қателік жіберіп, нәтижесінде жеңіліс табады. Сол әдетіне салып, жас палуан қарт ұстаздың намысына тиетін сөз айтып, боқауыз сөздермен жер-жебіріне жеткізіп, тас лақтырып, әбден қорласа керек. Алайда данагөй қария сабырлы қалпынан танбай, сабағын ары қарай жалғастыра беріпті. Оған күні бойы айласын асыруға әуреленген жас жігіт ақыры үйіне қайтады. Осынша қорлыққа ләм-мим демеген ұстаздарының салқынқандылығына таңырқаған шәкірттері ақыры шыдай алмай: - Неге сіз оны жекпе-жекке шақырмадыңыз? Жеңілем деп сескенгеніңіз бе? – деп сұрайды. Қарт ұстаз былай деп қарсы сұрақ қояды: - Егер біреу сендерге сыйлық ұсынып, бірақ сендер оны қабыл алмасаңдар, манағы сыйлық кімнің еншісінде қалады? - Сыйлықты ұсынып тұрған иесіне – дейді шәкірттердің бірі. - Міне, дәл осы нәрсе көре алмаушылық, өшпенділік пен балағаттаушылыққа да қатысты. Сен өзің біреуден өз тарапыңа оларды қабыл алмағанша, олар өз иесінде қала береді...