Бірегей білім ордасы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Бірегей білім ордасы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
жеке
блог

   Заман талабына сай бірнеше тіл білу мәселесі алдыңғы қатарға шығып отырғаны барлығымызға белгілі. Әсіресе, ағылшын тіліне деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Ағылшын тілі әлемдегі ең көп тараған, әрі қытай мен испан тілінен кейінгі халық саны бойынша ана тілі ретінде ең көп пайдаланылатын тіл. Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Жаңа Зеландия, Аустралия және басқа да елдерде мемлекеттік тіл статусына ие. Бұл тілдің маңыздылығын, әлемнің көптеген мемлекетінде қолданылатынын ескере отырып, ағылшын тілін зерттеуге айрықша қажеттілік туып отыр.

   Елімізде мұндай мүмкіндікті ұсынып отырған бірегей білім ордасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті. Жас ғалымдарды қолдауда бұл оқу орнының алатын орны ерекше. Әсіресе, филология және әлем тілдері факультетінің магистранттар мен докторанттар үшін көптеген мүмкіндіктер ұсынып, еліміздегі лингвистика саласының дамуына қосқан үлесі орасан. М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Балақаев сынды тұлғалар негізін қалаған, өз дәстүрі мен ерекше білім беру бағыты қалыптасқан факультеттің тарихы тереңде жатыр. Мәселен, шет тілдері кафедрасының өзі өткен ғасырдың 60-жылдары негізі қаланып, осы уақытқа дейін көптеген ғалымдарды, танымал тұлғаларды, мықты мамандарды дайындауға ат салысып келеді.

  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетіндегі білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – орта және жоғары білім беру саласында ағылшын тілін шет тілі ретінде оқытудың халықаралық стандарттарына сәйкес бәсекеге қабілетті әрі жоғары білікті әдіскер-зерттеушілер мен көшбасшыларды даярлау. Білім алу барысында магистранттар кәсіби құзыреттілігін қалыптастырып, жалпы ғылыми және арнайы білімге ие болып, зерттеу жұмысымен айналысуға үлкен мүмкіндік алады. Магистрант оқу үдерісін әкімшілік басқару, трансформациялау мен талдау тәрізді кәсіби қызметке қажет қабілеттерді дамытып, білікті маманға тән іскерлік пен дағдыларға ие болады.

   Мұның барлығы филолгия және әлем тілдері факультетіндегі білікті оқытушылық құрамның еңбегінің нәтижесі. Кафедраларда әлемге танымал білікті мамандар қызмет атақарып, жас ғалымдарға бағыт-бағдар беріп келеді. Олардың қатарында филология ғылымының докторлары, профессорлар Рақыш Әмір, Берікбай Сағындықұлы, Элеонора Сүлейменова, Светлана Әшімханова, Жанғара Дәдебаев, Зейнол-Ғабден Бисенғали, Аслан Жақсылықов, Баян Жолдасбекова, Темірғали Есембаниева Анар Салқынбай, Дина Алкебаева, Олина Темірғалиева, Ольгабаева, Олина Ибраева сынды білікті мамандар бар. Факультет мұғалімдері біліктілігімен, білімге деген құштарлығымен, еңбексүйгіштігімен, студент пен университетке деген ерекше ықыласымен ерекшеленеді. Содан болар, факультетегі әр сабақ, әр зерттеу, әр кеңес студентті де, магистрантты да, докторантты да қанаттандырып, білім-ғылым жолына деген ерекше ықыласын ашады. «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатуымен оның мұғалімдігі де тоқтайды», - дейді Константин Ушинский. Шынымен де, филология және әлем тілдері факультетінің мұғалімдері үнемі ізденісте жүретін, жан-жақты тұлғалар. Мұндай ұстаздан білім алған шәкірттің де ғылымға бейім, аналитикалық тұрғыдай ойлау қабілеті жоғары, сыни көзқарасы қалыптасқан білікті тұлға болатынын болжай беріңіз.

   Факультет әртүрлі шығармашылық бірлестіктермен, ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Нәтижесінде студенттер өздерінің ғылым зерттеуін сол мекемелердің базасында жүзеге асырып, ғылыми-практикадан өтеді. Бұл ғылымға енді аяқ басқан жастар үшін таптырмайтын мүмкіндік.

   Оған қоса, филолгия және әлем тілдері факультеті АҚШ, Канада, Түркия, Ресей, Франция, Германия сынды әлемнің бірнеше елдеріндегі жоғарғы оқу орындарына студенттер мен магистранттарды оқуға, тәжірибе алмасуға жіберумен де айналысады. Бұл білім алушылардың кәсіби біліктілігін арттырып, тек қана Қазақстандағы ғылым саласына ғана емес, әлемдік деңгейде де өздерін көрсетуіне тікелей ықпал ететіні анық.

Момбекова Меруерт Сәрсенбаевна

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

Душаева Кәмила Мұратқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы