Бір уыс топырақ

Кім-кімге болсын кіндік қаны тамған,шыр етіп дүние есігін ашқан туған өлкесіне жетер жер жоқ. Туған жердің қадірін әр адам әрқалай түсінетін шығар. Ал мен үшін туған жер қадірі дүниедегі ең ұлы деген нәрсемен пара-пар. Себебі, ол – менің әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туған-туысым, аға-әпкелерім, мені білім жолына жетелеген ұстаздарым, сол білімге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарым дүниеге келген жер. Менің туған жерім, Отаным – кішкентай болса да, мен үшін аса қымбат әрі киелі Аягөз жері. Осы мекенде менің көңілді де шаттыққа толы, уайымсыз да бейкүнә балалық шағым өтті. Қызыққа толы балалық шағым өткен туған ауылдың ауласын еш уақытта ұмытпақ емеспін. Балабақшадағы күндерім... Мектеп табалдырығын алғаш аттаған күн... Сыныптас достарыммен алғашқы таныстық... Бәрі-бәрі қазіргідей көз алдымда. Туып-өскен жерім туралы толғанып, ой жетегіне берілген шағымда үнемі Авар елінің нағыз патриот ақыны Расул Ғамзатовтың мына бір шумақтары ойыма оралады да тұрады:

Қымбат маған елімнің бар даласы,
Балтық пенен Сахалиннің арасы.
Қайда болсам қиям оған жанымды,
Туған жерден қазсын бірақ қабірді.

Туған елге, туған жерге, ана тілге деген ыстық сезімнің үздік үлгісі мен үшін осындай болмақ. Отан туралы ой толғасаң, жан толғанысын айтып тауыса алмассың, сірә. Туған жеріне деген шексіз махаббатқа толы жүрегім Аягөз үшін елжіреп ақ тұрады…



Бөлісу: