Мұңға бастап шаттық күн қалды кетіп,
Ботадай көз жанарын жәудіретіп.
Бүгін тағы сен жайлы ойладым мен
Қуаныш пен қайғыны серік етіп.
Сорлы жүрек әлі де толы мұңға,
Шыдау керек, білемін бұл бір сынға.
Көзіме жас та алып отырамын
Мүгедек қыз, мен сені ойлағанда.
Болған едік ішінде күзгі бақтың,
Жалғыз өзің қалған да сырды бақтың.
Жүре алмай мен жаққа құладың да,
«Мүгедекпін, тәте!» деп жылап жаттың.
Білмедім, орындықта отырғансың,
Қолыңдағы дәптерің түсті жерге.
Дәптеріңді алуға талпынғасың,
Жетпей қолың құладың сонда жерге.
Жүзіңді сағынамын жайраңдаған,
Сол баққа әлі талай мен де барам.
Он бір жаста осындай ауыр сынды
Көтеріп жүргеніңе қайран қалам.
Ойласам, жүрек, шіркін, сыздатады,
Сендегі төзім маған жыр маздатады.
Тәңірім ең сүйікті құлдарына
Ауыр сынды береді деп жатады.
Қайтейін, тағдыр солай басқа жазса,
Сендік арман білемін; мүлдем басқа.
Алланың құдіреті шексіз білем…
Үміт үзбей тек қана қара алға!
Сырың қалды күзгі бақта дым ашылмай,
Жазылмайтын жүректің жарасындай.
Өмір солай, қайтейін, өмір солай,
Ағып кетсін жанардың бір жасындай!