"Бірлік бар жерде - тірлік бар" дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айтпаса керек. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерге қашан да нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Осы орайда, 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күніне орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Филология» факультетінің
ф.ғ.к., доценті Ғ.Қ. Иманалиева және 1-курс магистранттары Г. Садуова,
А. Сағиеваның ұйымдастыруымен «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенттеріне ашық тәрбие сағаты өтті.
Шара домбыраның ырғағымен айтылған Есетова Ғанибеттің әсем әнімен басталды. Содан соң, ізденімпаз студенттер мерекеге байланысты тың ақпараттармен презентация арқылы бөлісті. Сағидақос Гүлден
Мұқағали Мақатаевтың «Дос болам десең» поэзиясынан жыр-шашу шашты. Қазақша әндермен қатар, өзге тілдің әндері де онлайн платформада шырқалды.
201-топтың студенті Мұратова Әдемі қала тұрғындарынан шағын сұқбат алып, бейнеролик жасады. Қазақстанда тұратын ұлт-өкілдерін қаншалықты жақсы танитындықтарын байқау мақсатында Бауыржанқызы Назерке ойын ойнатты.
Қонақтар Есетова Ғанибеттің қобыз аспабында ойнаған бейнеролигін бір деммен тамашалап, өнеріне тәнті болды.
Кешіміздің ерекшелігі студенттердің достары, өзге ұлт өкілдері Америкадан, Түркиядан тікелей байланысқа шығып, мерекемен құттықтады. Қазақ еліне ыстық сәлемдерін жолдады.
Өнерлі студенттер бұл жолы гитарамен «Бір үйдің баласындай» әнін бірігіп нақышына келтіріп орындады.
Шараны қорытындылау үшін ф.ғ.к., доцент Ғ.Қ. Иманалиева және
1-курс магистранттары Г. Садуова, А. Сағиева сөз алып, студенттермен кері байланыс жасады. Ашық тәрбие сағаты өз мақсатына жетті.
ф.ғ.к., доцент Ғ.Қ. Иманалиева,
1-курс магистранттары Г. Садуова, А. Сағиева
әл –Фараби атындағы ҚазҰУ.