Бір сәттік ой...

Бір сәттік ой...
жеке
блог

Мен бұрын ойланушы едім, адам уақыт өте келе ақылды бола ма, әлде ақыл генмен берілетін ерекше қасиет пе деп. Бірақ әр адамның бойында бір түйір жақсылық пен мейірімділік бары анық. Демек, әр адамның өзін мінсіз, ақылды, парасатты адам етуіне мүмкіндігі бар. Тек қалауы болса болғаны.

Қарап отырсақ, ешқашан білемін, болдым, толдым деп айтуға болмайды екен. Тіпті қартайған кемпір, шал болсаң да мұндайды айтуға ауыз бармас еді. Өйткені өмір – мәңгілік оқу мен үйренуден тұрады.

Кез келген жағдайда, кез келген болмашы нәрселерде елдің бәрі саған қарсы шығып жатқандай, сені түсінбейтін болғанымен, кейде өзіміз де көп нәрсені түсінбейтінімізді ұмытып кетеміз. Біреуді кінәлай салу, өз дегеніңнен қайтпау әрдайым оңай. Бірақ өзіңді бірдеңеге бағындырып, иілу - сондай қиын.

Ішіңде мыңдаған сезімдер мен ойлар арпалысып жатады. Оның ішінде қайсы дұрыс, қайсы саған пайдалы, қайсымен сыйлы боламын, қайсымен пендешілік жасаймын деп саралауды да ысырып тастаймыз. Өмір бізден тезірек шешім қабылдап, тезірек өз амалымызды іске асыруды талап етіп тұратындай. Бірақ біз бәрінен биікпіз, біздің ойымыз биік, біздің ақылымыз биік, біз барлық жағдайда сабырлы болуымыз қажет. Басқаша ойлап, іс-әрекет қылсаңыз да өз еркіңізде, өйткені бәрі өз қолымызда.