Бір сәтте үзілді бір үміт...(шынайы өмірден алынған)

Бір сәтте үзілді бір үміт...(шынайы өмірден алынған)
жеке
блог

Жол. Шілде. Аяғым талып барады. Әр аттаған қадамым соңғы демім іспеттес сезіледі. Адам өз өлімін алдын ала сезеді ме? Соңғы минуттарының жақындағаны айқындалады ма? Кәлимасын қайтарып үлгереді ме? Мұхаммед (с.а.с) пайғамбардың мирасын қабылдап, «лә иллахамды» ұмытып кетпеймін бе?


Мынадай ми қайнатқан ыстықты жаным осы күнге дейін сезбеп еді. Әлде бұл әлгі ақыреттің ыстығы ма? Адасқан жанның сапары соңындағы жалынның аптабы ма? Табиғаттың ең ыстық шілде күніне түсіп, адасқанымыз біздің қай күнәміздің жазасы екен?

Біз жолға төрт күн бұрын шықтық. Ақтөбеге мал алып келуге сапарымыз түсіп, «ақ қасқа» газельге жолымызды тапсырып, мініп кеттік. Адамзат пенде ғой, шіркін, қай шешімінде адасатынын болжай алмайды. Біз де жолымызды қысқартамыз деп, Мақаттың айналма тас жолымен емес, тіке қара жолмен кетуді шештік. Тағдырымызды анықтайтын шешімге мойынсұнғанымызды іштей сезсем де, сапар уақытын қысқарту мұратын алға қойдық.

Жолда көлігіміз сынып, жүруге жарамай қалды. Қалай шұқыласақ та, оңдалмады. Салондағы соңғы «бес литрлікті» алып, серігімнің жобамен осы жақта түнейтін жер бар деген бағытқа жаяу беттедік. Дәл осы сәттен күннің сәулесінің ыстығы күшейе түсіп, жолымызды алыстатқандай көрінді.

Қасымдағы серігім – қараш руынан. Оның болжамынша жақын жердегі қараш ескі қауымы болған маңға жақындап келеміз, сол шалғайға жетсек, су көзін тауып, молаларда қауіпсіз түнеп шығуға болады. Алдымыздағы аласалау төбенің ар жағында сол жер орыны болу керек деді ол. Бұл түннен аман қалсақ, күш жинап ауылдық жерге беттей аламыз деп үміттеніп келемін.

Денем қалжырап, әлсізденіп барады. Аяғымнан әл кетті. Тағы бір он метр жүрсем деп өзімді алдап келемін. Төбенің басына жеткен соң ең болмағанда бір шағын үйдің шатырын байқасақ та, аяғымызға жан бітіп, қуатымыз ұлғаятынына күмәнім жоқ. Осы алдамшы оймен келеміз. Құлағым шуылдағаны басылатын емес, аспанға көз салып, бізді іздеуге шыққан тікұшақтың дыбысы емес пе екен деп қарап қоямын – бар болғаны қан қысымының сатқындығы-ау. Тоқтаусыз жүрістен аяғымыз да ісіп, аяқ киімімізді кешеден бері шешіп алып, арқалап келеміз. Зорға дегенде төбеге жақындадық, асқазанымның босағаны сонша, қанжар сұққандай шаншып келеді. Бірнеше қадам ілгері келе жатқан серігім төбенің басына бірінші болып жетіп, көзін уқалап, сүртіп тұр. Бір сәтте тізесіне құлап, қолдарымен бетін жауып, көз жасын аямай, сілкіне түсті. Азаптан құтылғанына қуанышы кеудесіне сыймай кеткен ғой деп, денем қуаттанып, тездетіп жанына ұмтылдым. Кеудеме ащы ыстық ауаны толтырып, соңғы қадамымды аттап, төбенің басына шықтым.

Жаратқан ием, мен қай жерде адастым? Қай пенденің ала жібін аттадым? Кімнің қарғысына іліндім? Ендігіде отбасыма кім қамқор болады? Бойымда бір отты дауыл тұрғандай, іші-сыртыммен қоса тозаққа ұшырып, алып кететіндей. Басымның қаңқасы ісіп, жарып шығатын секілді. Денем кеуіп, терім түсіп, жалаңаш еттің бір қабаты қалғандай өртеніп барамын. Төбенің басына шығып, ілгеріде артымызда осы төрт күннен бері асырып келе жатқан қу шөлейт жазылып шыға келді. Жылауға күшім де жоқ, сезімім де қалмаған. Қысқа ғұмырыңда осыншама құлазып, түңіліп көрдің бе, адамзат? Ей, пенде, «көтере алмаймын» деген зорлықта ақиқат қалды ма? Ей, ажал, он тоғыздың шілдесін таңдадың ба біз үшін? Ей, жаным, әлде бұл аптап атаулы тозақ пен жұмақ алдында маhшар ма?

Суымыздың соңғы тамшылары да бітті. Қанша жүрсек те, құдық кезікпеді. Адам аштан емес, шөлден өлетіні анық. Жер бетіндегі сағатымызды тоқтатпаудың ойыма келген жалғыз амалы – кіші дәретпен сусындану. Серігім мұндайға дайын емес екенін айтып, бас тартты. Әлгі бес литрліктің құрамы өзгерді – өмірмен қоштасуға әлі даяр емеспін. Ажалдың ұсынысына қарсыласып, қашып келемін. Күшімізден толық айырылып, біз де кідірдік. Серігімнің терісі күн көзінің әсерінен қызыл-қоңыр түске боялып, ерні ағарып кетті. Әдеттегі қою қара көзі тұздай сұрланып, құрғап кеткендей. Көзі ілініп кеткенде сілкілеп есін жиюға шақырамын. Ұйқыға берілуге болмайды: «Мына қара түнекте, жаратқан, бізден жыртқыштарды алыстата гөр!» - деп тіленіп отырмын. Көзімді бір мезеттен кейін ашқанда, таң нұры байқалды. Жел басылып, құлағым тынышталды. Серігім терең ойға батқандай, бір нүктеден көзін алмай жатыр. Бір-бірімізге айтар еш сырымыз қалмады. Ажал алдында адамдар біріне-бірі ашылып, сырласатын секілді-ті. Алайда әрқайсымыз іштей тәубемізге келіп, өткен өмірімізді еріксіз еске алып, құдды бір кино көріп жатқандай, құлазып үнсіз қоштасудамыз. Серігіме жолға қайтып, іздеуді жалғастыруды ұсындым, ол қыбыр етпеді. Қайталап ем, көзінің қарашығы да сыр бермеді. Неше күнгі ыстық ауа лезде мұзға айналып, денемді қатырып, басымнан қағып қалғандай демімді тыйып қалдым. Ажал. Келді. Жетті. Бесінші күннің таңында. Денемнің әр сантиметрін қылыштап жатқандай шаншыған ауру сезім алып барады. Серігім жан тапсырды. Серігім көзін ілместен үнсіз қоштасты. Серігім жол бағытын ауыстырып, мәңгілікке серік болып кетті.

Ей, жаратқан, мені де ал! Тірі қалғанды өмірмен жазалама! Серігімді жерге тапсыруды маған қалдырдың ба? Мені жыртқышқа ас еткейсің бе? Мені жалғызсыраттың ба мына шөл далада?

Жанымыздағы тастардың арасына серігіме орын тауып, денесін қасқырлар жеп кетпесін деп тығуға тырыстым. Бетін шөппен жасырып, көп алыстамай, өзіме көр қаза бастадым. Күн көкжиегіне жетіп келеді. Садақшының жебесі қадалғандай арқамды ащы шаншу күйдіріп барады. Дайын шұңқырға орналасып, жаны қалған сол қолыммен ыстық құммен моламды сантиметрлеп толтырып жатырмын. Ұйықтап кетіп, қайта ес жиып, жалғастырамын. Тілімді, тісімді сезуден қалдым. Қандай да бір сөздің қалай айтылатынын ұмытып қалғандай, бір дұғаның басын қайтара алатын емеспін. Денемнен жан шығып бара жатқанын сеземін, ей, өмір, маған берген уақытыңның ақыры осы ма екен? Ей, ажал, мына қараңғылық менің соңғы түнім бе екен? Анамның өмірге әкелгендегі жарық осымен бітті ме екен? Ей, бабам, сенен қалған жер бағдарлау мұрасын сақтай алмай, Темірқазықтың бағытын таба алмай, жазасы ретінде елсіз жерде о дүниелік болып кетуіміз бе..? Ей, жаратқан, құлағымды тесіп бара жатқан мына шу ақыреттің сәлемі ме екен? Көзімді аша алар емеспін, енді қажет те емес. Адам өз өлімін алдын ала сезеді ме? Соңғы минуттарының жақындағаны айқындалады ма? Кәлимасын қайтарып үлгереді ме? Мұхаммед (с.а.с) пайғамбардың мирасын қабылдап, «лә иллахамды» ұмытып кетпеймін бе?

Әшхәду әллә иләхә илләЛләх, уа әшхәду әннә Мұхаммада расулуЛләх... уа әшхәду әннә Мұхаммадан ғабдуху уа рәсулух...

–        Өзі, мында, тездет! Мырзабек, тамшылап беру керек суды, бірден көп ішсе, өлтіріп аламыз. Қане, көтерейік, байқа, әй, жігіттер, мында келің, жарық түсір! Батыр, сәл шыда, келдік, берілме! Дем ал, дем ал!


 

Бұл оқиға осы жылдың аптап шілдесінде болған жайт. Екі жолаушы мал алып келуге Ақтөбеге газель көлігіне мініп жолға шықты. Атырау облысында айналма көлік жолын емес, қысқа қара жолды таңдап, көп ұзамай  Қарасайдың бойындағы  Дәуқара бөгетінің (Дәуқара бөгеті болып аталу себебі - жанында Дәуқара деген қауым болған) қасында бұзылып, көліктен айырылды. О дүниелік болған жолаушы серігін тыңдамай, жақын жерде мола бар, су бар деп жаяу кетті. Артынан іздеуге екінші жолаушы аттанды. Ең ащысы - көлікте молынан болған тамақ иесіз қалды. Құтқарушылар алдымен жөндеуге келмейтін көлікті тауып, иелерін жан-жақтан іздеуді бастады. Алайда екеуі жер астына түскендей, із-түзсіз жоғалды. Іздеушілердің ақпаратына сүйенсек, екі азамат көлігінен жаяумен 20 шақырымнан астам жерге ұзаған, жолаушылар Жел таудағы (бөлек тұрған Маңғыстаудың Атырау облысымен шектесетін жеріндегі үстірт тауы) Қосқұлақ руының Шолабай қауымының жанында өскен бір топ Тораңғыл (қызыл кітапқа енген) ағашының көлеңкесінен табылды. Жандарын тапсырмай тұрғанда қосымша іздеуді тездету керек дегенде, осындай іздеу операциясына қатысатын Бейнеу ауданының тұрғыны Қараев Мұхамбет Амантұрлыұлы екі жігіттің жоғалғаны жайында құлағдар болған бойда, іздеу операциясына қосылды. Ағамыз жер-жердің мәйіт-мола орындарын, су көзі бар не дайын құдық орындарын жіті танып біледі. Әрі, менің жеке ойымша, ағамыздың адасқан адамды сезіп білетін қасиеті бар-ды. Себебі бұл – бірінші не екінші емес, алтыншы іздеу мен алтыншы жоғалған адамдарды табу операциясы. Бір жарты күн іздеумен Жаратқанның бағытына ілесіп, ішкі сезіміне сеніп, Мұхамбет – елдің бәрі Мұқаш деп атайтын ағамыз өлім аузында жатқан жолаушыны қара түнектің ішінде тауып, құтқарды.

Әйел заты фантазияға, әдеби көркемдеуге жақын деп ерте айыптамаңыз. Мұқаш ағаларыңыз – осыдан біраз жыл бұрын мал ауылға жол тартып, дәл солай көлігі бұзылып, одан екі күндік шалғай жерде жаздың ыстығы мен шөлінен аман қалған жан. Жанындағы туған қызы мен 9-сынып оқушысы болып келетін балдызы болған. Соларды ажалға қимай, бар күш-қуатын, ақылын жинап, жол табумен арпалысқан еді. Тағдыр бұл үш жанға тағы бір өмір сыйлап, құтқару тобымен дер кезінде жүздестірген-ді. Шілденің аптабында байланыс жоқ, интернет жоқ елсіз, айдалада қалған адамның қандай сезімде, қандай күйде болатынын мәңгі есінде қалған Мұхамбет ағамыз мен үшін сынаққа толы жолдың қыр-сырын білетіндей.

Мұхамбеттің қатысуымен болған алтыншы іздеп-құтқару операциясынан кейін құзырлы ұйымдар ағамызды, жанындағы адал серігі Өтеулиев Мырзабек екеуін марапаттауға ұсынды: «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгісімен марапаттады.

Оқырман, қайда жүрсеңіз де, жолыңыз ашық болсын, айыңыз оңынан тусын, әр атқан таңыңыз шапағатын сыйласын! Өмір сізді қандай тығырыққа апарып, тіресе де, қаншалықты қиын жағдаяттың эпицентрінде қалып, ажалым осы деуге асықпаңыз! Өмірге сеніңіз, рухани қуатыңыз мол болсын!