Бір сағаттық махаббат
блог
Бір сағаттық махаббат
Қателеспесем, былай аталуы тиіс : «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді». Қазір ғана ойыма оралып отыр. Мына жағдайға басқа атау бере алмадым, ренжімеңіздер.
Күні кеше ғана досымның «вконтакте» әлеуметтік желісіндегі достар саны бір кісіге артты . Кім дейсіз ғой? – «Әлгі қыз өзі достық жіберіп, әңгімені турасынан бастады»,- деп Сәкеннің бір жымиғаны бар еді. Ендеше, әңгімеміз де «ғаламтор жұлдызы» - Айгүл жайында болмақ. Алғашында жете мән бере қоймаппын. Келе-келе желідегі сұхбаты тым оғаш екенін байқай бастадым. Әлгінің әңгімесі бойдақты ғана емес, еңкейген шалды да аяққа тұрғызарлықтай екен. «Аһ» ұрып бір қойып едім сонда. Махаббатқа құрылған диалогтарын көргенде құдды бір қарындасым мен досымды жүгенсіз жіберіп қойғандай сезініп едім. Қатты батты шынтуайтында...
Сәкен де иманды жігіт. Намазхан болмаса да, кәлимаға тілі келетін әжептәуір-ақ сылқым. Байқауымша, қыздар оның артынан «күшіктей» ереді. Түр десе - түрі, бой десе - бойы бар. Енді қайтсін? Біз өскен ауылда ондай жігіттерді – «мачо» дейді. Мағынасын қайдам, бірақ көпшілікке түсінікті. Ал ғаламтор «Қыз Жібегінің» жасы небәрі - 15 жаста екен. Парақшасындағы суреттер мен жазбаларына қарап 25-те «отырып» қалған келіншек дер едім. Жанға батқаны ол да емес, тым болмаса орысшаға тілі келмейтұғын қарагөз қазағымның бірі екен.
Арада екі күн ғана уақыт өтті. Мәз болып келген досымның түрінен бір пәлені сезіп қойғанымды жасырмаймын. Отыра сала баяндаған оқиғасын, қалай ләззатқа батқандарын естігенде ішім өрттей қайнады . Құсқым келді. Жігіт пен қыздың сезіміне емес. Оларды осылай етіп тәрбиелеген қоғамды балағаттадым. Бір сағатқа ғана жалдап кірген қонақ үйлерінің ішінде махаббаттың қандайы болмады десеңші.. Қалайша ыңғайы келе қойды екен? Қалайша, жап-жас қыз... Тірліктерін біткесін қыз да үнсіз кете берген, жігіт те ләм-мим демеген көрінеді. Үйреншікті жағдай іспетті.
Айт, айтпа, бүгін олар Алла кешірмес үлкен күнәға душар болды. Не дейін? Кінә кімде? Болары болып, бояуы сіңгенде кімге өкпелейін? «Заман талабы, барынша киініп, көрініп қалыңдар» деп азғындаған батыс ызғары ма, әлде «оранып, орамал таққысы келмеген жеңілтек аруымыз ба?»...Бесіктен белі шықпай, аузынан ана сүті кетпеген қыздың 13 жасында әйел атануының ар жағында болашағын балталаған ғұмыр елестеді... Не шара?
Сағым Матқали