Бір реті болар...

Күлкінің арсыз екені рас, ә? Кейде үлкен жиында отырғанда, тіпті қазаның үстінде біреудің әпенде әрекетін көргенде, не оқыс сөзін естігенде еріксіз мырс ете қалатын сәттер болады ғой? Сондайда жүзіңді қайда тығарыңды білмей қысыласың...

Бүгін Қасымжан Байсадақов ағамнан бір осындай әңгіме естідім. Әлқисса, сәбет заманында Қарабұтақ жағында бір тракторшы болыпты. Әдетте тракторшыларға өтініш, тапсырыс көп болады ғой: Шөбімді әкеліп бер, отынымды жеткізіп бер деген сияқты. Мынау ешкімнің бетін қайтармайтын көрінеді. Әрине, бәріне уәде бере бергесін орындау да қиын. Бірақ бұл саспайды дейді. Өкпе-ренішін айтқандарға, әскерден үйреніп келген орысшасына басып: "Ничего, ничего, бір реті болар..." — дейтін көрінеді.

Бір күні жақын ағасының қайтыс болғанын естіген тракторшы жігітіміз шөп басынан бірден ауылға тартады. Ауыл у-шу. Әншейінде бұны көрсе, тілі қышып тұратын ауызды жеңгесі аңырап отыр. Бұл кіріп келгенде: "Пәленшежан-ау, ағаңнан айрылып қалдық қой. Енді не істеймін, ойбай..." — көрісіпті. Сонда былай да сөзге олақ, ал қазаның үстінде тіпті сасып қалған қайнысы былай депті дейді:

— Ничего, ничего, жеңеше, бір реті болар... 

Отырғандар еріксіз мырс етіпті. Кейін бұл сөз мәтелге айналып кеткен көрінеді. Құдай кешіргей!

Бауыржан Бабажанұлының фейсбуктегі жеке парақшасынан



Бөлісу: