Бір өзіңсіз
блог
Бір өзіңсіз іштегі дауыл басылмас. Сен жырақта жүрсең, өзіңді аңсаймын, күтемін, дауысыңды сағынамын. Сенің менің өмірімде алатын орның бөлек. Ешкім дәл өзіңдей болмас. Сенің қимылың, сөйлеген сөзің менің көңіліме қуаныш орнатады, жүзіме күлкі сыйлайды. Сенің жүріс-тұрысың, өзгелермен қарым-қатынасың тек мені ғана емес, өзге елді де сүйсіндіреді. Бір өзің талай жұртқа үлгісің.
Сен алыста жүресің. Сенің қызметің сол. Бірақ, соның өзінде бар жаққа үлгеріп, біраз істі атқарасың. Сенің жаныңда әр кез жақсы адамдар жүреді. Себебі, сен елге сыйлы жансың.
Сен өте ақ көңілсің, абзал жансың. Данамен дана, дарамен дара, баламен баласың. Сенің маңында бірге жүріп, бірге болғысы келетін жандар көп-ақ. Мен де сенің жаныңда болғым келеді. Бір өзіңсіз менің өмірім жарығы жоқ там іспетті. Сенің жарығың маған қорған да, жылу да, қолдау да.
Сен талай қиын сынақтардан сүрінбей өттің. Көпке иіле бермейтін, көзге көп көріне бермейтін қарапайым жансың. Сенің өмірің өзгеге үлгі.
Сен қаншама ауыртпалықты бастан кештің. Ыстыққа төзіп, суыққа шыдамдылық таныттың. Бір емес, бірнеше қатерден аман қалдың.
Мен сенің қас-қабағыңа қарап өстім. Сенің қабағың маған сабақ болып келе жатыр. Мен сенің көзқарасыңнан әлі де қорқамын.
Қолың алтын сенің. Майысқанды түзетіп, қисайғанды қалпына келтіретін жансың. Сен үшін шешілмейтін түйін жоқ.
Бір өзіңсіз мынау өмір көңілсіз. Алыста жүргенде мен сені қатты сағынамын. Бар ісімді тастап, саған қарай ұмтылуға даярмын.
Көктемнің салқын жауынының астында қалдық. Сонда иығыма өз күртешеңді жауып, менің жаурап қалмауыма алаңдадың. Менің өзің қайтесің дегеніме, "Мен - ер-азаматпын" дедің де қойдың.
Сендей жан өмірімде жолығады ма?! Бәлкім, дәл өзіңдей жан кезікпес. Өзіңдей жан қайта туар ма екен?!
Бірақ, мен сен сияқты жанмен бірге болғым келеді. Себебі, көз ашқалы сен менің жанымдасың.
Сен менің қазынамсың, әке! Мен сені қатты жақсы көремін! Анам менің аспаным болса, сен менің асқарымсың, әке! Қос жарығым әр кез аман болсын, иншаллаһ!
P.S. Әкем қызмет бабымен үйден жырақта көп жүреді. Ес біліп қалған кезім, әкем ұзақ сапарға Польша еліне кетті. Сол кездегі әкеме деген сағынышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әкемнің есікті ашып, табалдырықты аттай бергенде жүгіріп барып, мойнына асылғанымда өзімді ең бақытты жандай сезінгенмін. Иә, мен бақыттымын! Себебі, мен әкем сияқты асқардан туылған жанмын!
P.S.S. Бүгінде де жанымда көп бола бермейсің. Бәлкім, бұл да дұрыс шығар. Себебі, өз елімді тауып, мен де кетемін ертең. Ол кезде өзіңді бұдан қатты сағынатын шығармын