Бір өкініш… Бір арман… Бір үміт...

     Футбол- жер шарындағы ең бәсі биік саналатын аламан дода. Он бір жүрек, бір мақсат, бір мүдде! Жан алысып, жан беріскен ойыншылар ордасы. Ешқашан өлмейтін әрі өшпейтін спорттың айрықша түрі. Бірақ қазақ топырағында аталмыш спорт түрі жарық дүниеге келмей жатып, бақилық болған. Тірі болған күннің өзінде ауыр науқас. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендейін, біршама уақыттан бері отандық футбол жайлы айтып-айтып біраз адамдар қажып кеткелі қашан! Тегі қазақ футболының бойына қан жүгірмей-ақ қойды. Шет ел футболына қарайсың да, қайран қаласың! Тепкендері гол, құлағандары фол. Иә, бұл-нағыз футбол, ағайын! Қашан өзгені емес өзімізді мысалға келтіреді екенбіз? Құпияға толы қазақ футболының қалы қалай? Отандық футбол тасын қалай өрге домалатамыз? Осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітіп көрелік.

   «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деген қайран қазақ атам. «Кубаньды» құрдымға кетіріп, «Теректің» түбіне жеткен Красножанға қалай ұлттық құрама тізгінін ұстатуға болады? ҚФФ-ның ғана қолынан келетін кезекті сенсация. Шторг пен Беранектің күйін кешіп, ақыр аяғында қара шапанды арқалап кететіні анық қой. Соқыр бапкерден басқа не күтесің?! Ішкі біріншілікте біраз нәтижеге қол жеткізген ойыншылардан гөрі қосалқы құрамда тек орындық жылытқан жалқауларды артық санаған жаттықтырушыны сынамаған пенде жоқ. Красножан келгелі жасыл алаңнан қарадомалақтардың қарасын көру арманға айналды. Ұлтжанды емес ұлтшыл орыс бапкерінің құрамасында тек орыстардың ойнайтыны айдан анық. Тізімге ілінетін бес қазақтың біреуін ғана негізгі құрамнан  көресің. Жанға бататыны да осы. Бұл не деген сұмдық? Қазіргі өгізаяң қалпымыздан арылу үшін  ұлттық құрамадағы қазақтардың шоғырын көбейту керек. Жеңіске жету үшін адам бойында ұлттық рух жоғары болуы тиіс, буырқанған намыс тыным бермеуі керек. Сонда ғана жеңістің тәтті дәмін татуға болады. Бұның жолында Красножан құрбан болуы тиіс болса, оған да барудан тайынбау керек. Өзіндік ойын манерасын әлі қалыптастырмаған, тактикалық қателіктерге жиі бой алдыратын бапкерге де керегі сол. Ұтылудан шаршамаған Красножаннан, егемен елімізге жанашыр, қаны қазақ бапкердің баптағаны баршамызға тиімді. Тіпті болмаса талай команданың футболын ұшпаққа шығарған Моуриньо мен Хиддинк секілді білікті бапкерлерге арқа сүйеген абзал.  «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда болса, соңғысы сонда» екенін естен шығармаңыздар!

    Сүреңсіз ойындарға тек бапкерді айыптау әбестік. Ойыншылардың кәсіби шеберлігі өте төмен. Физикалық тұрғыдан қарастырғанда да жетісіп тұрғандары шамалы. Жауырыны жерге тимеген, нар көтерген қазақтың 90 минутқа шыдай алмағаны қай мазағы? Моральдік те дайындығы еуропалық ойыншылардың деңгейінен көш кейін. Алаңда бір-бірінің тілін түсінбейді. Соның салдарынан пас алмасудағы қателіктері шаш етектен. Үреймен ойнайды. Сылбыр қимылдайды. Жан-жақты дайындықтың жоқтығы көзге ұрып тұр. Адам тойып семіреді, бұлар әбден ақшаға тойған жатып ішерлер өңкей! «Доп ойнаған тозар» дегенді сылтауратса керек, мүлде ойнаудан қалды. Тіпті ойынды өз мойнына алып, дирижерлік ететін мықты бір футболшыны көрмейсің. Марадоннаға еліктеген кешегілер бүгін Месси болды. Қара қазағыма еліктеп, бой түзетін бір қазақ футболшысының табылмағаны жүректі қан жылатады. Дегенмен, Исламхан, Қонысбаев секілді серкелер жүрекке аз да болса сенім ұялатады.  Қазақстан құрамасы футболшылары, барлығы өз қолдарыңызда!

    Талай команданың обалына қалған Қазақстандық арбитрлар алқасы жайлы да айта кеткен жөн. ФИФА мен УЕФА түзіп шыққан қағидалар кітабында төрешінің қателігінен матчты қайтадан ойнап шығуға рұқсаттың жоғы айтылған. Яғни төреші пенальтиді дұрыс белгілемеді немесе ойыннан тыс қалған сәтті дұрыс анықтамады деп, команда басшылары мен құзырлы органдардың матчты қайтадан ойнатуға хақы жоқ. Бұл қағида тура Қазақстанға арнап жазылғандай. Егер біздің елде төрешінің қателігінен кеткен ойынды қайта ойнайтын болса,  біріншілік бел ортасына жетпей, бір маусымды 3-4 жыл ойнайтынымыз сөзсіз. Келісілген ойындарды да кездестірдік. ФИФА мен УЕФА-ның тізімінде бар бір Қазақстандық төреші жоқ. Көрші ел Өзбекстанның Равшан Ирматов бастаған төрешілер тобы ӘЧ-да  қызмет көрсетеді дегенде, барлық БАҚ өкілдері бұл күтпеген оқиғаны жарыса жазған еді. Әйтсе де, өзбекстандық төреші дүбірлі доп додасының барысында өзінің білікті маман екенін дәлелдей білді. Алыстағы Африка мен Бразилияда міндетін абыроймен атқарған арбитр талайға үлгі бола білді. Ирматовтан үйрен, ҚФФ төрешілері!

   Жанкүйер! Жаныңды беріп, күйіп кету деген сөз емес пе? Күймек түгіл қарпайым ойынды көруден аулақпыз. Стадионда жанкүйерлердің аздығы бәрімзіді қынжылтады. Орташа есеппен үш мың адам жиналады екен. «Бәрібір ұтыламыз» дейтін Қазақстандық жанкүйерлер  лапылдаған отқа қалай май құйып жүргендерін  өздері де білмейді. Жанкүйерлер толы болса, футболшы да рухтанып, иығына үлкен жүк артылғанын сезер ме еді? Жанкүйер болмаса олар кім үшін ойнайды? Қазақстан командаларында фан-клубтың өзі толық құрылып біткен жоқ. Ал, Еуропаның командаларының басым бөлігінде «12» нөмір берілмейді. Оны арнайы жанкүйерлерге арнаған. Алаңдағы 11 ойыншы ғана емес, жанкүйерлерді де он екінші деп санайды. Еуропа жанкүйерлерінің мәдениетінің жоғарылығы соншалық, түрлі анимациялар жасап, клубтың гимнын шырқап,  үлкен-үлкен банерлерге дем берер қанатты сөз жазып, қолдарынан келер көмекті аянбайды. Қазекең болса, отырып алып балағаттағаннан басқа не білсін. Туған елінің футболын ары ысырып жүргендер қатары аз емес.  Қазақстанның атағын, абыройын, ар- ұятын әлем алдында қорғап жүргендер үшін қам жейтіндер аздығы жанымды жегідей жейді. Ұлттық құрамаға қолдау көрсетейік, ағайын!

    Комментатор мен асаба егіз ұғым. Тойды төңкеретін де, көмкеретін де асаба болса, матчтың мәні мен сәнін келтіретін комментаторлар. Жоғарыда айтылған дерт қазақ комментаторларына да жұқса керек. Бейдауа сырқат-ау шамасы. Тыңдаушының құлағына түрпідей тиетін орыс тілінен алынған калька сөйлемдерді жиі қолданады. Футбол десе қаны қызбайтын, спорттан хабары шамалы адамның матч тізгінін ұстап, талқылағаны күлкілі естіледі. Жаттанды сөз, таныс трафарет, жанама әңгіме, артық күлкі-қазіргі қазақ комментаторларына тән қасиет. Ойын біткенше миллион рет кешірім сұрайтыны да бар. Мағынасы майысқан сөйлемге әуес. Қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан, дархан даласы сияқты  ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тілін қолданбай, өзге тілден аударма іздеп, әлек-шәлегі шығатындай комментатор мырзалардың басына не күн туған? Қазақи қалжыңы мен тапқыр теңеулері, өткір сын, ирониясы қатар жүретін, спорт саласынан сауатты комментаторлардың аздығы көңілге кірбің түсіреді. «Дайын асқа тік қасық» болмай, ізденіп, талаптанып, жаңа леп , спорт санасына соны серпін сыйлаңыздар, комментатор көкелер!

    «Футбол саясаттың жетегінде кетпеуі керек» деп, шыр-пыр болған Мишель Платинидің сөзінде жан бар. Елімізде саясаттың спортқа ықпалы зор. Керісінше өкімет футболға қолдау көрсетіп, дем беруі шарт. Осыдан бірнеше жыл бұрын бірлескен Спорт басқармасы футболды дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жасады. Инфрақұрылымды жаңғыртуды бастамаға алғандарын жарияға жар салды. Нәтижесін көзбен көріп, құлақпен естіп жүсіздер. Әбден былыққа батқан, жемқорлық белең алған, футболдан бейхабар басшылықтан кері кетпесек, ілгері жылжымаспыз!

   Мақаланың мақсаты көпке күйе жағу емес. «Айтпасаң сөздің атасы өледі» дейді ғой. Сын түзелмей, мін түзелмес. Жыртығымызды жамап, тыртығымызды түзеп, қалың қазағыма қозғау салу. Айтар дүние аз емес. Дегенмен, бұл күндері төрткүл дүниені өзіне иландыра білген, үлкен сұранысқа ие спорт түрін неге елімзге насихаттамасқа? Ахмет Байтұрсыновтың  өлеңіндегідей  масадай ызыңдап, халқын оң өзгерістерге бұрсын деген ақ ниетті дұрыс түсініңіздер, ағайын! Білікті бапкер өз бабында болып, дұрыс нұсқау берсе, ойыншыларымыз намысқа тырысып, қажымай тер төксе, төрешілеріміз әділдікті ту етсе, комментаторларымыз ойынды жүйелі жеткізсе, өкіметіміз «шабамын» деген жігітке ат берсе футбол ойнамақ түгіл, әлемдік бәсекеде топ жарамыз! Ал, сен, жанкүйерлік ет те, нәтиже талап ет!  Қашанғы өзгенің доп тепкеніне телміріп жүре бермекпіз. Өзіміз дегенде өгіздей қара күшті сарп етіп, күллі дүниеге қазақтың доп тебе алатындығын дәлелдейік, қазақ елі!



Бөлісу: