(Жайнагүлдің әңгімесі)
Мектепті кіл беске оқымасам да азды-көпті төрттерді арқалап, оқудан шыға келе үйге асығатынмын. Апамның дәл мен келер уақытқа туралап қайнатып қоятын көжесін ааай жақсы көріп ішуші ем. Қамырды қолдан жайып, оны өлшеуішпен өлшегендей етіп майдалап турап, жас малдың еті қайнап жатқан ыстық сорпаға салып жіберіп алдыма қоятын апамның ыстық көжесіне ашыған қатықты қосып жіберіп рахаттана ішуші ем. Ал одан соң тірлік істеп келген адамдай жатып демалатынмын. Не дегенмен төрт алып келген еңбегім бар ғой, қиналып оқып жүрмін, шаршаймын ( апам солай айтады). Төрт пен бес алып келген күні жұмыс істетпейді:
-Сабағын оқысын, жақсы оқиды қызым. Ертең өскенде мұғалима болады. Ауылда қалмайды, қалаға кетеді жарығым. Ол жақта тұрмыс жақсы ғой. Мұнда не көреді, мектеп пен үйдің айналасынан шықпайды. Өзі көрікті, тфа-тфа, өзіме тартқан.
-Өй қойш. Қалаға жіберем дегеніңнен танбайды екенсің. Қалаға кетсе бұзылып кетеді, көз алдымызда жүреді, ешқандай қала дегенді атама!,-стөл үстін жұдырықтай ұрған әке пиаласын төңкеріп орнынан тұрып кетті. Әке мен шешенің күнделікті ұрысы осы. Әке қаһарынан қорыққан сыңай танытатын шеше байғұс қызын шақырып алып:
-Қоя бер қызым, оқуды бітірсең болды. Қалаға өзім-ақ апарып орналастырып келем. Әлі 2 жылың бар ғой, биыл әлі 10 сыныптасың. Келесі жылдың аяғына өзім-ақ ана тананы сатып сені оқытуға әрекет жасайм. Әкең оттапты,-дейтін.
Мен қуанып кететінмін де, бөлмеме кіріп алып, оооой қиялдайтынмын. Теледидардан көрген әртіс жігіттердің бірін елестетіп алып, солармен қалада қыдырып, көрікті жігітке тұрмысқа шығып, ұлан-асыр той жасап жатқанымды көрем. Мен болсам әппақ көйлектемін, жігітім өте сымбатты. Қаланың көрікті жігітіне тұрмысқа шыққанмын. Ауыл қыздары маған қызыға қарайды. Мен мақтанышпен тойхана төрінде отырам. Әәәәәйййй қандай күшті, керемееееееет. Таңертең осындай қиялдардан сергек оянып, сабағыма кетемін.
Көңілім шат, отбасым жақсы, анам - сырласым. Армандарым көөп. Бұйырса орындалар түрі бар. Бақыттымын.
**
Сабақтан күнделікті әдетім бойынша асығыс келе жатқан мені дүкенші апай Сәлима жеңгей шақырды:
-Әппақ қыз, бері келші.
-Ау, жеңге?
-Біздің үйге барып келе қойшы , жарығым сол, бүгін ешкім болмағасын Сағиды бесікке бөлеп кетіп едім. Оянып шыр-пыр болып жатқан шығар. Мына дүкенді бір жапсаң кейін қайтадан ашып жүру керек. Баламды көтеріп әкеп бере қойшы жарығым сол. Емізетін уақыт болып қалды.
-Ой жеңге, әрине! Тезірек барайын, Сағи оянып шырылдап жатқан болар,-дедім де Сәлима жеңгенің үйіне құстай ұштым. Құлағыма жылаған баланың дауысы естілді, ойбуй Сағи оянып кетіп ішегі қатып қалған шығар байғұс. Баланы жалғыз тастап кеткені несі-ей. Шарбақ алдына жолай бергенім сол, арт жақтан біреудің шап беріп ұстағанын байқадым. Дыбыс шығаруға шамам келмей аяқтарымды тыпырлатқанымды ғана білем. Екі-үш қол ары бері жұлқып көлікке отырғызып жатты. Қатты қорыққаннан есімнен танып қалыппын.
**
Көзімді ашсам айнала толы адам, қаумалаған кемпір, қатын-қалаш. Үстімде қып-қызыл халат, ақ орамал. Шымылдықтың ішінде отырмын, әлде жатырмын... Кемпірлер қолдарына бір тілім қағаз алып мені қаумалай түсуде. Мұндай жағдайлардан әбден хабардар болған мен, алып қашудың құрбаны болғанымды ұқтым. Себебі, талай жеңгем осылай түскен. Сол байғұстар еңкілдеп жылап жатқанда мен іштей «неменеге көне салмайды ей, түріне қарап алмай ма? Бір сұлу болса мейлі, оның үстіне менің ағамдай жігіт алса тисін» деуші едім. Содан кейін сол жеңгелеріме қырын қарап, берген шайын ішпей пәлсінетінмін. Біраз уақыт өткен соң маған әдемі сый-сыяпатын жасап мені елітіп алатын жеңгелеріммен тіл табысып кететінмін. Ерке болдым ба? Жеңге тұрмақ ағаларыма барынша еркелеп, қалаған сыйлығымды алдыратынмын. Олар да мені жақсы көре ме екен білмедім, айтқанымды екі етпейтін. Бірақ, қазыр жағдай мүлдем басқа. Қала салатын жағдай емес, не деп, кім деп келгенімді де білмеймін, мен қаланың жігітіне тұрмысқа шығам, оның үстіне оқуымды да бітірген жоқпын. Ойым шатасып жатқанда еңгезердей бір әйел келді де:
-Ей жалбыршаш! Мына қолхатқа қол қой. Не болды пәлсініп, өзің де байға шыққың келіп тұрғандайсың, бетіңнің бояуын қара. Мектепке де қыздар осылай баратын болған ба? Не болды тәлпіштеніп, бол тездет!
-Қомаймын!
Жан дауысыммен шыңғырдым. Даусым өшкенше ақырдым. Көнбедім. Әйелдерді ұрып-соқтым. Тырнақтарыммен киімдерімді жұлмалап, орамалды ортасынан қақ айырдым. Сол жерде жатқан майда-шүйденің барлығы ана қатындарға қарай ұшуда. Бірі бұғып қалса, адулы біреулері өзіме қарай лақтыруда.
-Не деген оңбаған-ей! Көнеді, қайда барады, пәлсініп отыр да!
-Көнбеймін, ал қайтесің?
Өліспей беріспеуді ұйғардым, қалай да мына жерден құтылып шығам. Ақырам, бақырам, милиция шақырам бәрібір шығам мына қапастан. Мен қалада оқимын. Қалмаймын мұнда, тіптен қалмаймын. Апам менің сөзімді сөйлейді, апам келсін, кетем деп үміттеніп отырмын.
-Апаааа........
-Қызым?
-Еңкілдеп жылаған апам бір күннің ішінде қартайып кетіпті. Сірә, мені қалып қояды деп қорқып жатса керек. Мен апамның мына түрін көріп керісінше апамды жігерлендіурге ұйғардым:
-Апа, мен кетемін. Сіздің де менің де арманым орындалады. Кетемін апа! Сіз жыламаңыз, мына ши өкпелер мені ұстап қала алмайды.
Апам ұзааақ жылады, апамның осынша жігерсіз екендігін осы кезде байқаппын. Екі көзге ерік беріп жан дауысымен жылады. Екі қолымен шаштарын жұлмалады. Апама қарап мен жылаймын, апам маған қарап жылайды.
***
Ақыр не керек, мен осы үйде қалдым. Қалай қалдың десеңіздер? Себебін мен өзім де анық білмеймін, осы күнге біле алмадым. Болары болғасын білудің де қажеті шамалы. Әкем қазіргі қайнатамның сөзінен шыға алмапты, ол да себеп емес. Кім екенін қайдам, мені қазіргі күйеуіммен жүрген депті. Талааай рет көрген екен-мыс. Қайнатам әкеме осыларды айтқанда ләм дей алмай қалыпты. Ауыл қатындарының біразы куәгерлік етіпті. Сонымен не керек, тана көзін сүзбесе бұқа жібін үзбейдінің кері келіпті. Мен солай қалыппын.
Әлі күнге көз алдымда, әкем апамды алдына салып алып кетіп бара жатыр. Апам маған қайта-қайта қайрылып қарайды. Көзінде жас, екі бүктеліп кетіп барады.
-Ааааай, есіл анам-ай.... арманда кетіп барасың-ау. Қанша жерден қайсарлық танытсаң да нәзікжанды екеніңді осы жерде дәлелдедің. Күні бойы күңкілдеп сөзден танбаушы едің, нақты өмір өткеліне келгенде үнің шықпады. Тек екі көзіңе ерік бердің. Аса алмадың ба? Ата-дәстүр, тұрмыс-салт, қарғыс, елдің өсегі, ауыл қатындарының күңкілі, күйеудің қаттылығы-сені жеңді ме? Қош, менің арманым, менің асқақ махаббатым, құштарлығым, өмірге деген құлшынысым-сенімен кетті апа-ау.... жігерім де, қайсарлығым да, еркелігім де сенімен кетті. Сен алып кетіп барасың менің жастығымды, көз қуанышымды, тілек-ниеттерімді алып кетіп барасың. Жоқ енді, арман көкке ұшты. Қала, саябақ, білім, жоғары оқу орны, сымбатты жігіт, дүркіреген той....бәрі кетті сағымға, қаңбаққа ілініп ұшты да кетті...
Мен білемін, ендігі өмірімнің тозақтан тәуір болатындығын. Мен білемін, тілім тиген топырлаған мына қатындардың, мені ендігі күні күндейтінін, енемнің тілін безеп отыратындығын, өзім секілді ерке қыздардың құйған шайымды алмайтынын, ең ауыры, ең азабы - сүймей қосылған күйеуімнің қабағын бағатындығым. Өмірімнің соңына дейін осы бір бейтаныс кісінің қас-қабағына қарап, үстінен шыққан қолаңса иісті байқамағансып, тырнағының арасына қапталған күйені көрмегенсіп - оның адал жары болатындығымды білем. Мен білем, ол да маған аса ғашық болмай тегін келген әйелдің сыйын білмей өтетінін. Мен білем, араға біраз жыл салып, бала-шағаның ортасынан шыға алмай отыратын ауылдың дәәу кексе қатыны болатынымды. Және ол кезде ештемені ойламай, көшеде қыр-қожалақ болып ойнап жүретін балаларымның үстін жуып, ыстық тамақ қамына кірісумен кештің қалай батып кеткенін білмей де қалатын болам. Мен білем, бір кездегі өзімнің анам сияқты қыз өсіріп, оны өзім қол жеткізе алмаған арманға баулып өсіріп, жігер беріп, бір күні ол арманымның да көкке ұшатынына сенем. Мен білем, баяғыда тұлымшағы желбіреген сұлу бойжеткен болғанымды бір сәтке де еске алмай, туыла салып осылай дәу сары әйел болғандай сезініп жүретінімді білем, мен білем ендігі думан-той дегеннің мен үшін маңызы да болмайтындығын. Оны да ұмытып, қартайып, қайратым кеткенде өміріме алыс көз тастап - бәрінің бекер екенін біліп, қолымды бір сермеп алыстарға атттаныып кете баратынымды білем.
Оңашада, ошақ басында көзінің жасын сығып, орамал ұшымен сүртіп тұратын жеңгелерімнің бұл қылығына күле қараушы едім. Сөйтсееем, олар да мен секілді біреудің ерке қызы, сүйікті қарындасы, ғашығы болған екен-ау. Амалсыз тағдырларына мойынсұнып бұйырған бағына шүкіршілік етіп, көз жасын көрсетпеуге тырысады екен-ау. Олар да мен секілді талай айлы түндерде оңаша жатып біраз арман-тілекке бой алдырған шығар. Олардың да жаны жалғыз, көңілі құлазулы болды ғой. Мен сіздерді түсіндім жеңгелерім, түсіндім....
Егер...
Сол күні мен ауырып қалып сабаққа бармағанда, егер Сәлима мені қашырып жіберетінен сәл-пәл білгенімде үйден шықпай отырушы едім. Болмаса қалаға сол күні аттанып кетуші ем. Бірааақ, тағдырдан қашу мүмкін емес. Маңдайыма осы бір күйелеш еркек жазылған болса-қалада да осы жігітке тұрмысқа шығушы едім. Кім білсін? Армандарым өкінішімді жеңеді, ал өкінішім армандарымды жеңеді. Менде ниет те, тілек те, арман да, өкініш те жоқ. Тек, өмірдің өзі дайындаған сыйын көтеріп кете бермекпін, кәдімгі әйелдер, жеңгелерім секілді...
сурет www.yandex.kz сайтынан алынды