Бір қуаныш... Бір өкініш...

Бір қуаныш... Бір өкініш...
жеке
блог

Бір қуаныш... Бір өкініш...

Бүгін үйден Сұлтанәлі көкемен таныссам екен деген ниетпен шыққам. Азанда сегізде Абдуллаға соқсам, есігін ашпады. Ойладым: кетіп қалған шығар деп. Сөйтіп, 74-ке отырып барсам, бірақ ішінде отырған жоқпын, тұрып тұрдым, барсам, футболистер іште екен. Сыртта балалардың әкелері отыр екен. Бір кезде балалардың барлығы шығып, жаттығу жасап бастады, қазақшасы тренировка. Отыз шақты баланың арасынан Абдулланы тап. Бәрінің үстінде сары түсті футболка. Қайраттың формасы ғой. Қайраттың құрамасы бүгін Таразбен ойнаған. Білем, ол жаққа көрермендер барды, анық білем, ешбір әзілсіз. Абдулланы көзбен іздеп отырдым егістік алқабынан деп па, жоға, қазақша айтқанда, полядан. Поляда Коля деген бала да жүрген. Абдулланы өзім де таппадым, көзім де таппады. Навигаторымды қосайын десем, ондай жоқ екен ғой менде. Ұят-ай!

Бір кезде футбол басталып кетті. Бүкіл поляға он бір-он бірден ойнады. Бұған үйренбеген екен Абдулланың командасы. 2002-лер ғой. 2001-лермен ойнады. Бір кезде басталып кетті-дағы, тағы да гол салды. Сөйтіп, ана жерде гол үстіне гол болды. Нұр үстіне нұр деп ойлап қалуға үлгермедіңіздер ма деп жазбасам да болар еді.

Сөйтіп, бір кезде жазбамды абзацтан бастап кеттім, шіркін! Балалардың әкелері "неге Абдулланы шығармаған" деп, тренерді сөгіп жатқан. Сөйтсе, Абдулла жоқ қой. "Столдың астын қараймын, ешектің астын қараймын, жоқ! Исчезь! (жіңішкелік белгісі бола ме екен әлде жіңішкелік белгісі жіңішке ме екен)" деген Нұржан ағамның сөзі есіме түсіп кетпесі бар ма жазба жазып жатқанымда. Сөйтіп, "есіме түскен несі? Басқа жеріме түссе де болады ғой" деп, есімнен алып тастадым. Су-су екен.

Азанда бекер барыппын. Абдулланың командасы ұтылып қалды. Абдулланың келмеген себебі, мектепке емтиханға кетіпті. Үй жаққа жеттім де, 71-ге отырып, отырған жоқпын әдеттегідей, тұрып тұрдым, Рахаттан түсіп, бірақ күн ыстық болғандықтан, рахаттана алмадым. 29-ға отырып, практикадан өткен мектебіме бардым, балаларыма. Тоғыздар ғой. Емтиханы тұғын. Сөйтіп, автобустан түсейін деп жатсам, кімді көрдім дейсіңдер ғой, Ақеркені көрдім, аққуымды. Оныншы кластың оқушысы ғой ерекше. Көңіліммен сүйсініп, ұнатып қалғам практика кезінде. Осы жерде жарнама жасайын: ұстазымның "Рәбиғаның махаббаты" деген драмасы бар. Онда мектеп оқушысы ағайына ғашық болып, у ішіп өледі. Енді, бұйыртса, менің пьесамда ағайы оқушысына ғашық болады. Бірақ у ішпейді. Болашақтың әңгімесі ғой.

Оқушыларымды көріп, "Абай жолдарын" алып алдым. Жатақханаға барсам, ешкім жоқ. Мешітке кеттім. Одан шығып, Сұлтанәлі көкеме тарттым. Ол ғимараттың іші ыңғайсыз екен. Төртінші қабаттағы есіктерді ашып көрдім, көбісі жабық. Сөйтсем, бір неде неғылған кезде, неғыла беріп неғылсаң, тауып алдым кабинетін. Есікті ашайын десем, "қазір" деп іштен сырттай айтылған дауыс шықты. Ашты.

Сұлтанәлі көкем күлімсіреп "кімге келдің?" дей беріп еді, мән-жайды айттым. Конкурстағы пьесамды компына басып беріп, ашып бердім. Бас жағын шамалы оқыды да, "драматург боласың" деді. Мен сол кезде қобалжып, не дейді екен деп отырғам. Қуанып кеттім. Қайдан екенімді, жасымды, т.б. нәрселерді сұрады. Жақсылап әңгімелесіп отырдық. Пьесадан отыз мың теңге ұтып алдым десем, оның шәкірті бес жүз мың теңге ұтып алған екен. "Жоға, маған ақша керек емес!" дедім. "Мені жас драматургтермен таныстырыңыз, шәкірттеріңізбен таныстырыңыз, драматургиялық ортаға кіргізіп жіберіңіз" дедім. Оқуымды бітіргенімді айттым, 2009-да Жүргеновке түсе алмағанымды айттым. "Шахимардан ба қабылдаған" деді. Есімі есіме түсе кетті де, "иә" дедім. Оның шәкірттері онша емес екендігін, дипломдық жұмыстарына қатысқандығын айтқан. Сұлтанәлі көке өзінің шәкірттерін жұмысқа орналастырып тастапты. "Енді не істейсің? Жұмыс тап!" деді. "Білмеймін" деп майысып отырдым. Жұмсақ екенсің, қатты бол, заман жұтып қояды әйтпесе деді. (Жұмсақтығым үшін ғой мені ешқандай қазақ қызы ұнатпайды жігіт ретінде, іздейтіндері "мұжық")

...

Бір кезде "сол кезде түскеніңде, қазір бітіріп жататын бе едің?" деп, өкінішімді оятып жіберді. Ал қуанышым - ол кісімен кездесіп, қолдау тапқанымда.

Жұмыс тап, сосын маған жолығып кетіп жүр деп, нөмірімді жазып алды, визиткасын берді, кәмпиттен берді. Көкем әдемі тақия киіп алған екен.

Сөйтіп, ерекше сезіммен үйге қайттым, өкініш пен қуаныш ішімде арпалысып...

Енді жұмыс тапсам, көкеме жол тартам ғой...