«Айда аяқ, жылда жілік жоқ» демекші, «Сұңқарға» алғаш қосылған жылдарым көзді ашып жұмғанша өтті де кетті. Жақында Ақниет Жалғасбаеваны көріп қалдым. Парижге барып, жуырда ғана оралыпты. «Сұңқарлық» қой. Ақниет жаныма сондай жақын көрінді, сүйіп алғым келді. Қазір «Сұңқар» қандай? Маған сол қызық болып жүр. Бірақ қандай болса да алып та жығатын, шалып та жығатын қасиетінен арылмағанына кәміл сенемін.
«Сұңқарға» келген әр студент айран сұрай келе шелегін жасырмауға болатынын жақсы біледі. Себебі, «Сұңқарда» түрлі мүмкіндіктер жасалған. Жалпы, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы 1999 жылы 14 сәуірде құрылды. Ұйым – ҚР Конституциясы мен ҚР Азаматтық Кодексі негізінде әрекет ететін адамдардың құқықтары мен қызығушылықтарын жүзеге асыру үшін құрылған ерікті, тәуелсіз, өкіметтік емес қоғамдық бірлестік болып табылады. Кәсіподақтың негізгі мақсаты – ҚР заңдарына сәйкес ҚазҰУ студенттерінің әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мүдделерін, еңбек құқығын қорғау. «Сұңқардың» ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде КВН ойындары, «Ең үздік студенттік топ» байқауы, «Бауырсақ party» және өзге де студенттерге арналған қызықты шаралар өтіп тұрады.
Кәсіподақ ұйымы денсаулығы нашар мүмкіндігі шектеулі студенттерге де әлеуметтік жағынан қол ұшын созып, студенттер емханасының тізімінде тұрған гастрит және қант диабетімен т.б аурулармен ауыратын студенттерге диеталық тамақтануға тегін талондар береді. «Жаз айы студент жастар үшін ең қызықты маусымның бірі болса, осы маусымды барынша тиімді, белсенді өткізу үшін ҚазҰУ студенттеріне «Сұңқардың» ұсынатын оң бағыттары жетерлік. Мәселен, түрлі демалыс орындарында оның ішінде әртүрлі демалыс-сауықтыру орындарында жазғы демалысын өткізгісі келген студенттер үшін ұйым, Ыстық-көл жағасындағы спорт-сауықтыру лагеріне жолдамаларды 50 пайыз жеңілдікпен береді. Ал, жұмыс жасап, қаржы тапқысы келген студенттерге арнайы бағдарламалар ұсынады. Олар «Жасыл ел», Студенттер құрылыс отрядтары. Бұл жерде студенттер арнайы жазылып, үш айлық жұмыспен қамтамасыз етіледі».
Мен «Сұңқарлық» болғанымда... Мен әлі де «Сұңқарлықпын»!!! Университет қабырғасын тастап кеткенде де «Сұңқарлық» бола беремін. Тек жалқаулықпен «Сұңқардың» жұмыстарына араласпай кеттім. Өзімді ақтап отырмаймын, дегенмен өз уақытымды уысымнан шығарып алған жоқпын ба деген ой бар. Әлбетте, «Сұңқар» бізді қайрап, қанаттандырып отырды. Алға қойған мақсатымызды айқындап та берді. Мен журналистика саласында оқып жүргеніммен ресми құжаттарды жаза алмаушы едім. Тіпті, сөйлесу әдебі мен киіну этикетін де «Сұңқардан» үйреніп шықтым.
Кәсіподақ ұйымдастыратын шараларда баспасөз хатшысы болып жүрдім. Қандай да бір шара болмасын назарымнан тыс қалмаушы еді. КВН ойындарын ерекше сүйіп көретінмін. Менің есімде ерекше қалғаны жартылай финалда көпшіліктің назарын аударған филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінен шыққан «Таң қалмаңыз» атты құрамы қыздардан ғана тұратын команда болды. Әли Оқаповтың «Биле» әніне әдемі бимен шыққан құрамның ойыны да әдемі болған. Айта кетерлігі, бұл құрам Астанаға «Жайдарманға» барып келді. «Астананың суығына тоңып келген «Таң қалмаңыз» қыздары Алматылықтардың ыстық ықыласына жылыну үшін келіп, ойын арасында 17 – жатақханадағы сауық – кештері жайлы әдемі әзілдер айтып көрермендерді күлкіге бір қарқ қылды. Баршамыз Заң факультетін өте жақсы білеміз. Кейбіреуі тіпті, бұл факультеттің жігіттері билеуді де білмейді дегенді шығарыпты. Анығында, әзілге жақын бұл факультетті біз дұрыс білмейді екенбіз. «Мәке, Бәке, Шәке» атты командасымен ортаға шыққан факультет жігіттері жол полициясы жайлы керемет әзілдерімен көрермендер назарын өзіне аудартқан. «Іштері пысса заң шығара салатын» заң факультетінің құрамы үнемі «дұрыс билей алмаса да, сапалы әзілмен» шығатын.
«Нысанаға дөп тигізетін» тарих, археология және этнология факультеті бірден жақсы жаңалықтарымен бастап кететін әдеті бар еді. Ол кезде қателеспесем декандары ауысып, орнына ҚазҰУ КВН лигасының чемпионы Арман Қабдешұлы тағайындалған. «Мамандық таңдауда қателеспеген тарихшылардың» ең үздік әзілі 17 ғасырдан жүргізілген тікелей эфир болған. Жалпы, «финалға деген нық қадаммен» ойындарын сәтті аяқтайтын команда еді. Ерекше ойын көрсететін тағы бір команда, ол журналистика факультетінің «Біздің құрама» атты КВН командасы. Ерекше қойылыммен шығатын бұл құрама ойынын барабан үнімен бастағанын білем. Арасында әдемі үйлескен би де болатын. «Журналист болған соң тек шындық» деген ұранды бастама еткен бұл команда өз ойындарын «Зал. Камера. Жарық. Дыбыс. Журналисттер. Кеттік» деп бастаушы еді. Әзілдері өте ұтымды команда есімде қалған жартылай финалда ең жоғары баллды жинап, финалға жолдама да алды. «Қазақстанның қаражаты секілді, айтары көп» журналист жігіттерге көрермен дән риза болған.
«Сұңқар» жайында басқа не айта аламын... Қалам жастанып, қағаз жамылып жүргенім шамалы. Дегенмен «Сұңқарға» деген махаббат шексіз. Санадағы ойлармен жанталасып жүргенде «Сұңқар» ғаламат ойларға мотивация беруші еді. «Сұңқарда» жүргенде түйгенімді жүрекке салып, таразылаушы едім. Білімді болу жолына да ден қоя бастадық. Жалпы, «Сұңқарда» өткізген әрбір сәт бір кітапқа жүк боларлық дүние сүзіп алуға жарайтын қызықты кезеңдерім болып мәңгі есте қалады. Алғысым шексіз, Сұңқарым!!!