БІР ЖЫЛ КЕШІККЕН ЕУРО

БІР ЖЫЛ КЕШІККЕН ЕУРО
жеке
блог

Еуропа чемпионатының екі туры артта қалды. 51 матчтың 24-і ойналып қойды. Демек турнир бел ортаға таяп қалды. Екі турдың өзінде біраз нәрсені бағамдап үлгердік. Барлық құрамалардың ойынын тамалашалап, аяқ алысын байқадық. Бірақ нақты болжам жасауға әлі ертерек, әрине.

Бағамдағанымыз сол, әзірше фаворит деген құрамалардың өзі ала-құла ойнап жатыр. Чемпионатты тәуір бастаған француздар Мажарстанмен тең түседі деп кім ойлапты? Өз алаңында ойнап жатқан Англия Шотландияны жеңе алмайды деп те ешкім болжамаған шығар. Испания да әлі бауырын жаза алмай жатыр, қарсыластары мықты дейін десең, ортанқол ғана ұжымдар. Әлде үшінші турда білек сыбанып кірісер ме екен? Енді қимылдамаса, плей-офф кезеңі Еуропаның үш дүркін чемпиондарынсыз өтуі әбден мүмкін.

Испандарға қарағанда Португалияның жағдайы дұрысырақ. Әзірше қоржынында үш ұпай бар, соңғы турда француздармен тең түссе де, кем дегенде үшінші орынмен келесі сатыға өтуге болады. Француздар да Португалия секілді алып құраманы ұту үшін күш сарқи қоймайтын шығар, өйткені күш жұмсайтын нағыз шешуші ойындар әлі алда. Сол себепті де ЕУРО-2016 финалының ремиксі тең аяқталады деп те болжауға болады. Криштиану болса, жасы 36-ға келгеніне қарамастан, әлі атойлап жүр, тіпті үш доппен мергендер көшінің басында тұр. Қартаймайтын Роналду қазірдің өзінде Еуропа чемпионаттарындағы 12-ші допты соғып, басқалардан оқ бойы озып кетті. Бұл бетімен шаба берсе, чемпионат біткенше әлі бірнеше рекордты жаңартатын түрі бар (қазірдің өзінде бес бірдей чемпионатқа қатысып қана қоймай, бесеуінде де гол соқққан жалғыз футболшы).

Германия екінші ойында нағыз фавориттерше ойнады. Бірінші турда бабы келіспеген немістер кеше Португалияны кәдімгідей сабап тастады. 2014 жылғы әлем чемпионатында осылай ешкімге дес бермей, жолындағы таптап өтетін еді. Кейінгі жылдары құрама ойыны кәдімгідей солғындап кеткен-ді, кешегі матчта қайта күшейгенін жанкүйер біткеннің бәрі аңғарған болар. Таң қалатын несі бар, бапкері әйгілі Иоахим ғой. Одан бәрін күтуге болады.

Басқа фавориттерге қарағанда, әзірше Италия, Нидерланд, Бельгия үшеуі ұпайдан шашау шығармай келеді. Әсіресе Италияның арыны сұмдық. Осы қарқынынан қай кезеңге дейін танбайтынын уақыт көрсетер. Әдетте олар бұлай қатты шаппайтын, көбіне прагматик ойын көрсетіп-ақ біраз жерге баратын. Ақырын берсін, биыл олардың ашуы қатты.

Бүгін үшінші тур басталады. Бір қиыны, топтағы екі ойын бір мезгілде ойналады, қатар өтетін екі матчтың біреуін ғана тамашалауға мәжбүрміз.