Бір жанға...

Бір жанға...
жеке
блог

Өзінің қандай екенін өзгеден бұрын өзі жақсы біледі емес пе, кім болса да? Мұны жазып отырған себебім:

 

1. Сенің осында тіркелмегеніңді білемін. /әйтсе де, күндердің күнінде осыны оқитыныңды  ішім сезеді/

2. Менің қандай екенімді біреуден сұраудың қажеті жоқ.

3. Жалпы мені зерттеп әуре болмасаң да болады. /математиканың шешімі жоқ есебі сияқтымын/

4. Сонда да, қандай екенімді өзім тізіп көрейін...

Мен:

1. Қарапайым қазақтың қызымын. 

2. Мінезім түсініксіз. Бірақ үнемі көңілді жүремін. Ішімде не болып жатқанын ешкім де біле алмайды. Жасырып жүруді жақсылап үйренгем.

3. Адамдарға өкпелей алмаймын. "Ренжідім" десем де, 1-2 минуттан кейін ұмытып кетем.   /сол үшін де өзімді жек көремін, кейде/ 

4. Өте шыдамды әрі сабырлымын. Дегенмен, күтуді ұната бермейтінім анық. Бірақ, үнемі ұзақ күтемін. /әсіресе, Сені!/

5. Еркемін, нәзікпін, қылықтымын! /барлық қыздар сияқты./ Соңғы кезде Саған көп еркелейтінді шығарыппын. Мүмкін, барлық еркелігімді көтеріп жүргендігіңнен болар? Не болса да, оған өзің ғана кінәлісің!

6. Қандай болса да, шындықты бетке айта саламын. /оны өзің де байқаған шығарсың/

7. Уәде беріп, оны орындамағанды; үміттендіріп, қашып кеткенді; алдымен "сүйем" деп, артынан тастап кеткенді; пайдаланып, лақтырып кеткенді; сатқындықты, өтірікті және жасандылықты суқаным сүймейді. Жек көремін!

8. Неге екенін білмеймін, әлі күнге дейін бәріне сенем. Сәбидей. Кім не десе, қарап отырамын, аузым аңқиып. Күлкіге қалып..../бұл да өзіме ұнамайды/

9. Қызғаншақпын. Телефоныңнан бастап, бәрін тексеріп Сені бақылауда ұстағым-ақ келеді. Бірақ, еркектің еркіндігімен ғана сұлу көрінетінін жақсы білем. Сондықтан да, ондайға барған емеспін, бармаймын да.

10. Еркектің ісіне араласпаймын. Тәрбием сондай.

11. Ер жігіттің достығын әйелдің төсегіне айырбастайтындарды жек көремін. /бұл жігіттерге қатысты болса керек/

 12. Тоқыма тоқып, кесте тіккенді, жүн түтіп, көрпе-жастық жасағанды, дәмді тағамдарды әзірлегенді, бау-бақша өсіргенді ұнатамын. 

13.  Еркіндікті жаным сүйеді. /өзің де сондайсың ғой/

14. Музыкасыз өмір сүре алмаймын. 

15. Гүл атаулының барлығын, сонымен қатар, жұмсақ ойыншық қонжықтарды жақсы көремін. 

Соңғы кездегі пайда болған өзгерістер:

1. Агентте отыратын болдым. Агент қана емес, оған фейсбук те қосылды. 

2. Футбол қарайтын болдым.

3.Әлгі сенің сүйікті ойыныңды да жұқтырып алдым. Қызыл көлік туралы. /бұның барлығы сенің арқанда/

Бары осы. 

Пы-Сы: Сенің үнсіз жымиып қарағаның,  шынайылығың, қамқорлығың, сабырлылығың, айтып жүрген ақылың, барлығы көңілімнен шығады. Саған деген алғысым шексіз. Бар болғаның үшін... Ендігі тілегім, қайда жүрсең де, кіммен жүрсең де, не істесең де Сенің амандығың ғана...