Бір ерлік жасағым келеді...
блог
Бір ерлік жасағым келеді...
Уақыт озған сайын адам азады деуші еді. Кейде осы сөз рас па екен деп қалам. Бұрынғылардың сөзіне қарасаң, өздері ар мен ожданды бәрінен биік қойған жандар. Сөзді де ар деп ұққан. Аталы сөзге тоқтаған. Менің атам хат танып, қалам ұстамаса да, талай дастанды жатқа білетін, көкірегі ояу кісі бопты. Ал, әкем мен бауырлары көздері ашық азаматтар болғанымен, бұрынғының кісісіндей әңгіме айта алмайды. Бірде нағашымның үйіне барғанда, марқұм боп кеткен ағамыздың бір әңгімесін естідім. Кеңес өкіметінің қаймағы бұзылып, шырқы кетпей тұрған заманда Сарыбай деген ағамыз колхоздың қойын бағыпты. Наурыз айының соңынан сақман басталып, түнгі күзетке кезекпен тұрады. Төлдің уақытында өте қиын. Бір түнде ондаған қой қоздайды. Біз жақта наурыз келгеніменен күн қыстыгүнгідей суық, қас пен қабақа қырау тұрып, сақалға мұз қатады. Сондай бір кеште, қоста ағамыз от жағып отырса, ел Теке сақал атап кеткен Жұмаділ деген кісі кіріп келіпті. Сірә, жеңгеміздің руынан болуы керек, ағамыз ол кісіні «жезде» дейді екен. Теке сақал өзі тілінің уыты бар, шақпа кісі көрінеді. Төрден ұсынған орынға отырар-отырмастан:
- Әйелдің тәрбиесі жақсы сияқты. Көсеу ұстауың жаман емес,- десе, ағамыз күмілжіп, ештеме айта алмаған қалпы:
- Жезде, сұрақ қойсам бола ма? Осы елдің бәрі сізді теке сақал дейді. Соған қалай, арланбайсыз ба?- деп, қайыра сұрақ қойыпты. Теке сақал:
- Тек, бұл сақал адамның қадір-қасиеті. Тіл тигізбеңдер, - деп, бетін қайырып тастапты. Арада бір шама уақыт өткеннен кейін, асқазынына ел қонған қонақ, буы бұрқырап, әңгімесін бастапты.
- Аязды күні сақал-мұртыма мұз қатып қалады. Шертіп, сындырам деп, сақалым да сиреп қалды десе, ағамыз жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетіп:
- Е, жездем-ай, осылай қадір-қасиетіңізден айырылып жүр екенсіз ғой, -депті. Теке сақал шайын апыл-ғұпыл іше сап, бетін сипап:
- Қораны айналып келу керек, - деп, тұрып кетіпті. Мұны айтып отырған себебебім, жақында қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ақсақалымызды шақырып, факультетімізде қонақ қылдық. Студенттермен сұхбаттысып, дүниеден көрген-білгенін, түйгенін айтып, салиқалы кеш жасады. Осындай әңгімені енді басқа ешкім айтып бере алмайтынын білсе де, аудиторияның соңына таман отырған қыздардың әңгімесі біздің қариямыздың сөзінен көбірек болды-ау. Соншама жалынып, қарт болса да жанын қоймай шақырған қонағымыздың сөзін тыңдамау бізге сын. Қайта-қайта барып, «қыздар, қойыңдар. Ұят болады » десең, бетін басып күледі. Құда-ау неге күледі? Атасының басына ма? Жоқ, әлде өзінің құрмет көрсете алмай отырғанына ма? Жарайды, өзін құрметтемесін, айтылып жатқан сөзді де құрметтемесін, (қазақтың сөзді құрметтеуден қалғаны қашан), бірақ тоқсанға таяған қарияның самайын сыйлауға болмас па еді? Неге екені осыдан кейін менің есіме Теке сақал түсті. Сол қыздар осы Теке сақал сияқты шалдардың ұрпағы емес пе? Аталы сөзге тоқтаған аталарымыздың қолданған ыдыстары сынбай жатып, тәрбиесін ұмыттық. Енді мен қазақ қыздарына «қайран қала бастадым.»
Сөз қадірін білмеген кісі ер қадірін қайдан білсін? Ер қадірін білмеген кісі ел қадірін қайдан ұқсын? Тек жасы үлкенді ғана емес, жасы кішіні де адам деп сыйлау, құрметтеу бұл да адамдық қасиеттен. Ақ парақты шимақтай салып, газет редакциясына жүгіріп баратын әдетіме салып, бір жолы тағы бір шатпағымды жаза сала редакцияға бардым. Жазғаным ағама ұнамады, білем. Ұрсынқырап сөйледі де, көңілімді аулай бастады. Ақылын айтты. Арқамнан қақты. Ізет көрсетті. Мен де енді ол кісіні көрген жерімде құрақ ұшып, құрмет көрсетуім керек деп ойладым. Оным қаншалықты қолымнан келетінін білмеймін.
Қалада жүрген соң, қоғамдық көліктерге көп отырамыз. Онда да жағаңды ұстайтын оқиғалардың сан мәрте куәсі боламыз. Егер жанымызда өзіміз танитын жасы үлкен кісі тұрса, атып тұрып орын береміз. Ал, танымайтын кісіге ыңғай да білдірмейміз. Сонда құрмет көрсетудің төркіні таныстықта ма? Әлде ұлтына қарап та құрметеуіміз керек пе? Басқаны қойшы. Тіпті, өзіміздің әдебиеттегі қарттарымызға да өз деңгейінде құрмет көрсете алып жүрік пе деген сауалға оңды жауап таба алмайсың. Осындай көріністер алдыңнан кес-кестеп шыққанда, бір ерлік жасағым келеді. Ол ерлік-құрмет дегенді ұмытпау.
Сен де ұмытпа, досым...