Бір досым бар...

Мың досым бар алдымнан мал кеткенше,                                                                                     

Жүз досым бар мұрнымнан қан  кеткенше                                                                                     

Мың мен жүзді ішінен дараланған                                                                                                        

Бір досым бар кеудемнен жан кеткенше

 

Бір досым бар жауабы сезім ғана,

Бір досым бар бұлдаған сөзін ғана...

Тар жолында тағдырдың тайқымайтын

Нағыз досым өзімнің өзім ғана...!

 

Бір досым бар аспанда күн кешетін,

Бір досым бар сасқанда тілдесетін

Арғымағын өзінің бордақылау

Арып ашқан атыма мінгесетін...

 

Бір досым бар көрмесем сағынатын,

Бір досым бар кей кезде жалығатын

Айым туып, көгімде күнім шықса

Достарым көп қасымнан табылатын...

Дос деген ұғымды мен кішкентайымнан саралап үйренгенмін. Сол себепті ме достыққа қатал қараймын. Менің жолдастарым көп, араласатын адамдарым бар. Бірақ бәрі бірдей менің «достарым» емес. Мен ешқашан бір адамды сыртынан жамандап, балағаттап, не болмаса көре алмай қызғанған емеспін. Тек қандай жағдайда да айтатыным: «оған да Алланың бергені осы шығар». Осы ҚазҰУ-ға келгелі бері нешетүрлі адамдарды кезіктірдім. Бәрімен де араласамын. Өзгелер секілді ешқандай арам ниетім жоқ, әрине!... Бұлай деген себебім, көпшілігі «қулықты», «арамдықты», «тек өздерінің қу қара бастарын» ойлап, сонымен қатар, сабақты «балл» үшін оқитындар «жағымпазданып» өмір сүргенге бейімделіп алған. Бұл әрекеттер олардың табиғи бітіміне айналып та үлгерді. Кейде қара-а-ап отырып, «ырқыл-тырқылдарына» қарап, не бір-біріне деген «өздерінше әдемі ізеттеріне» қарап, еріксіз күліп те аламын. Ей, жасандылық... Тап бір-біріне сәйкес жасандылықтары бар адамдар бір жерге жиналады екен...

Достық дегенді әркім әрқалай түсінеді. Менің достарым көп. Себебі, мен адамдарды өте көп жақсы көремін. Мамамның айтатыны бар: «Сен үшін адамның бәрі «күшті-і-і» екен»,- деп. Бұл рас! Мен үшін адамның бәрі керемет! Өйткені, бәрі күшті болуға тиісті. Әрине, менің ойымша. Маған  тек қана «өтірік» айтпаса болғаны... Мен қазір көріп жүргендердің барлығы бірдей өтірікке судай ғой, шіркін. Оған көзім де жеткен. Бірақ ол адамдарды жек көріп кетпеймін, есесіне жүрегімде оған деген мәңгілік сенімсіздік қалыптасады.

Алматыға келіп көптеген адамдармен таныстым. Достастым. ҚазҰУ-ға келіп көп адамдармен табыстым. Шын достар да таптым. Жатақхана өмірінде де кім-кімнің қандай екенін көрдік. Ешкім де қателіксіз, пәк емес қой, әрине! Сондықтан да, адамдардың бәріне бірдей ренжуге болмайды.

Адам өзі қандай болса, айналасындағы адамдары да сондай болады... Жанымда жүрген адамдарға үлкен рақмет айтамын. Былтырдан бері менімен бірге өмір сүрген, маған шын жанашыр, шын адал құрбы бола білген жандардың да мен үшін орны бөлек. Олардың бойында мен жоғарыда айтып өткен «табиғилыққа айналып бара жатқан жасандылық қасиеттері» жоқ! Шүкір! Олар мені өте жақсы біледі, сол үшін ерекше жақсы көреді. Мен білім алып жатқан білім ордасы ҚазҰУ-дағы курстастарымды да жақсы көремін. Себебі, ешкімді жек көрмеймін. Алматы таныстырған, ҚазҰУ табыстырған жандарға алғысым шексіз.

Міне, достар мен жолдастар дегеніміз осы. Достықты әркім өзінше түсінеді. Сол арқылы қарым-қатынас жасайды. Сондықтан «дос» деген ұғымды айта бергеннен, «дос» деген адамдарды айтқым келген... Айтылмаған дүние көп. Бастысы, шынайы болыңыздар! Барыңызды бағалаңыздар!

Көпшілікті ұнатамын. Мүмкін атыма затым сай болғым келетін шығар...                                         

Досқа адалмын. Мүмкін жалғыздықтан қорқатын шығармын...         

Барлығының дұрыс түсінгенін қалаймын. Мүмкін жұрттың өкінгенін қаламайтын шығармын...

 

Абылова Шалқар Абылқызы.

Әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық университеті

журналистика факультеті

2 курс студенті.



Бөлісу: