БІр деммен оқылатын кітаптар

Бейсенбі — мен үшін демалыс (топтағы екі жігіт те әскери кафедраға түсіп, қуантқалы солай) күні ғана емес, «кітап оқу» күніне айналған. Бұл "әдеттің" өміріме енгеніне біраз болды. Бір қызығы, осы күні шаруаның бәрін аяқтап, телефонды сөндіріп, " байланыс аясынан тыс" режиміне ауысып, содан соң, сол күннің негізгі, басты " кейіпкерін" таңдап, бір күнді толығымен кітапқа арнаймын. Қолыма тиіп, оқып бастағаннан- ақ, оқиға желісінің еліртіп, толығымен кітап атмосферасына ену, бір деммен оқып шығу — ең негізгісі.  Бір бастасам, сол күні міндетті түрде аяқтауым керек («Шантарам» сияқты екі үлкен бөлімнен тұратын, «Абай жолы» сияқты том-томдық кітаптарды санамағанда)

 Ал, осы жазбада оқылған соңғы екі кітапты сөз етпекпін. Осы бейсенбіні Рэй Брэдберидің әлем таныған, мойындаған романына арнадым. Келесі жазбалар да өзіме ерекше ұнаған, әсер қалдырған кітаптарға арналады.

«451 по Фаренгейту». Рэй Брэдберидің «оқуға тыйым салынған » кітаптар қатарында болған бұл романы бір емес бірнеше рет қайта өзгертілген, бір сөзбен «цензураға» ұшыраған. Бұл кітапты арнайы кітап дүкеніне барып сатып алып, жолда парақтап, оқып бастап, бөлмеме жеткенше асығып, тезірек оқиғаның қалай аяқталатынын білгім келгені есімде. Келісіңізші, кітаптың аты да ерекше, оқырманды «Неге автор дәл осылай атады, білгің келетін шығар?» деп, оқуға шақыратындай.

Фаренгейт бойынша 451°- кәдуілгі қағаздың жанып, отқа оранатын температурасы. Бредбери болашаққа көз жүгіртеді, постиндустриялық қоғамның келешегін болжамдайды. Ол елестетін болашақта… Барлық басылымдар, газет, журнал шығаратын баспалар арнайы өртейтін құрылғылардың көмегімен өртеледі. Ал, қандай да бір кітапты үйінде сақтайтындар заңмен жазаланып, " қылмыс" анықталған сәтте-ақ" өртеушілер" жетіп келіп, кітаптардың бірін қалдырмай өртеп, үйді де қоса өртейді. "Қылмескерлерді" құрықтаушы — ит, жай ғана, "«аса сезімтал» ит емес, электронды, арнайы бағдарламаланған, кітаптың, қағаздың иісін сезсе болды, өрт сөндірушілерге белгі беретін жануар. Мұның бәрі не үшін,? Дерсіз… Өйткені, техника мен технологияның секундтап дамыған заманда бәрі электронды, интерактивті телевидение қарыштап дамыған. Кітап- "өзгеше ойлайтындар", " қарсы пікір айтушы", қоғамға зиян келтіретіндердің пайда болуына негізгі себеп саналды. Ал " өртегіштеріңіз" өрт, лапылдап жанған оттан ләззат алды, әр өртелген үй — жетістік. Бірақ, осынау қатігез, адам сенгісіз заңға да бағынбай, кітапты барынша тығып, оқуға тырысып бағатындар жетіп жатты. Көп уақыт өтпеё олар да бар «байлықтарынан» айырылып, үйсіз, күйсіз, заң алдында жауапты болып қала берді. Бәрі өз орнымен, жоспар бойынша өтіп жатты. Бәрін өзгерткен, бәрін " құртқан" адамның сол өртегіштердің бірі, үлгілі қызметкер Гай Монтэг екені ешкімнің түсіне де кіріп шықпайтыны белгілі ғой. Арпалыс, бұрыс шешім жасау қорқынышы, заң алдындағы үрей, ештеңе де оны тоқтата алмады. Ол өзіне, өзі берген антқа, бүкіл әлемге қарсы шықты. Жүздеген кітапты сақтап, барынша құпия ұстап жүрген жалғыз адаммен бірігіп, бәрін де өзгертуге бекінеді. Автор осы кездегі оның толқынысын, сезімін шебер суреттеген. Көптеген қиындықтарды артта қалдырып, өмір мен өлімнің арасында тұрса дағы, өзінің күнәсінің кешірелуі үшін бәріне де қарсы тұрады. Дегеніне жетеді. Оны алда талай қиындықтың күтіп тұрғанын іштей сезді де…

Фантастика, утопия көрінетін осы романнан соң кітап оқуға деген құлшыныс екі есе артты десем, артық айтқандық емес…

 

«ДЖЕН ЭЙР»   Әлемдік «бестселлер». Шарлотта Бронтенің романын оқып отырып, ерекше сезімге бөленесің, аяныш та, таңқалыс та, үміттену, тіпті кей кейіпкерлерді жек көру, қуану, бәрі — бәрі соның ішінде бар. 
Кішкентайынан әке-шешесінен айырылып, жетім қалған қыздың тағдыры кез-келген оқырманды бей-жай қалдырмасы анық. «Балалар үйінде» тұрмаса дағы, жалғыз «сүйеніші» — туыс әпкесінің, оның балаларының байғұс қызға көрсетпегені жоқ. "Ұсқынсыз", "қолынан түк келмейтін ", «кедей», тағысын тағы ауыр сөздерді естіп үйреніп қалған Джен ағасының үйінде құдды бір күң сияқты күй кешті. Күйеуінің бауырының жалғыз қызын өз балаларымен тең өсіруге, бар жағдайын жасап, ештеңеден тарықпайтынына сөз берген миссис Рид дейтін әлгі әйел өзіне аманат болып қалған қызды үйіне сыйдырмай, он жыл бойы үйінде «артық» екенін бетіне басып айтып, «мезі болып», жағдайы нашар, жетім қыздарға арналған интернат секілді арнайы оқу, тәрбиелеу орнына жібереді. 
Үйде көрмеген жылулық, әділдік, күлімдеген оқытушылар туыстарының көзқарасынан бөлектеу болды. 8 жылдай сонда білім алып, қиындығы мен қызығы мол жолды артта қалдырып,"үлкен өмірге" аяқ басады. 
«Махаббат романы» болғандықтан, оның «жұмыс беруші, қожайыны», белгілі себептермен бұрынғы көңілдесінің өзге еркектен «шарасыз» дүниеге әкелген қызы Адельді үйіне әкеліп, сол қызға тәрбиеші ретінде жұмысқа қабылдаған, керемет сұлу болмаса да, мығым дене бітімімен, ақылымен, өзгелерден ерекшеленетін ойының ұшқырлығымен, бір сөзбен «харизмасымен» Дженді баурап алған, өзіне еріксіз ғашық еткен мистер Рочестер екеуінің арасындағы кіршіксіз сезім суреттелген тұстарын үш рет қайталап оқысаңыз да жалықпайсыз!
Бір сөзбен, мистер Рочестер мен Джен Эйрдің бір-біріне деген сезімдерін, тәккаппарлықтың кейде жеңіп, кейде шынайы сезімге қарсы тұрмайтынын, махаббат үшін айтылған өтіріктің де кешірілетінін, бір-біріне ынтық болуын, «ерекше сезімдер», өзге де керемет көріністеріне куә болу үшін романды міндетті түрде оқу керек.
«Байғұс-ай, көрмегені жоқ», «Түу, айтсаңшы енді», «Мүмкін емееес», "«Мәссағаан», «Біліп едім, сездім осылай болатынын», «ААааа, мистер Рочестер, ғашықпыын», «Рочестердей жігіт аз ғой», "Қандай күштіі, МАХАББАААт.." — оқып отырып, сеімге беріліп, осылай дауыстап пікір білдіріп отырғанымды сырттай бақылап отырған қыздар кітапты алып, оқуға кезекке тұрып үлгерген екен. ҒАЖАП! Осыдан басқа айтар сөз жоқ!

БЕСТселлер! Атына заты сай!


 

Негізгі сурет жеке мұрағаттан, жазбадағы екі сурет ГУГЛ ағаның жеке мұрағатынан...  деп жазу керек екен ғой )

 



Бөлісу: