Кеш батып, үйге автобуспен қайтып барамыз. Қасымда құрбым бар. Бұл шамамен бір жыл бұрын болған оқиға сияқты. Мәәә, бас жоқ ұмытып тұрмын. Жәә, тақырыпқа оралсақ. Кешкі алтыдан кейін автобуста отырып бару деген, үлкен бір қуаныш мен үшін. Адам шаршап, аяқ-қолдары талып жатқанда, ештеңені ойламайды екен. Бірақ мәселе онда емес, жас болғандықтан әрқашан орын беруге үйреніп қалыппын. Құрбым екеуміз тырқ-тырқ күліп, ананы-мынаны айтып тұрмыз. Енді 30 минуттық уақытты өлтіру керек қой. Бір кезде шашы бұп-бұйра, тартымды қазақтың қызы автобусқа мінді. Бірден алдында босап тұрған орынға жайғасты. Көзін тарс етіп жауып алып, өтірік ұйықтап қалды. Қасына кондуктор ағай келгенде, оянғандай кейіп танытып, әмиянынан бұрынғы билеттерін көрсете салды. Орта жастағы кондуктордың өзі нанып қалды. Өзім ішімнен «мына қыздың қулығы керемет екен» деп ойладым да қойдым. Біреудің ісіне араласа беру керек емес сияқты. Алайда, көрші отырған үлкен кісімен дауласқаны тым артық кетті. Әжесімен жасты тәтеймен арс-арс етіп тұрғаны, жат көздерге жағымсыз көрінеді. Тіпті, құлаққа ерсі естіледі. Енді, ақ ит пен көк ит кіріп-шығып жатқанса, кімге ұнасын. Анау қыздың өтірік "ұхтағаны" жақсы ма деп қалдым. Сонда бәріміздің құлағымыз тыныш болар ме еді. Тура осы сюжет биыл да қайталанды. Бір дежавю секілді. Осыдан кейін «Жастар тәртіпсіз. Бетімен кеткен» деген сөздер айтылмағанда қайтеді. Үлкен адамдарды да түсінуге болатындай. Жастар қызу қанды, тез-ақ оттай лапылдап шығады. Аздап, сабырлық жетіспейтіндей. Бәрін өзіміз құртамыз. Өкінішке орай, осындай жағдайлар боп тұрады.