Бір чемодан ақша жыры

Бір чемодан ақша жыры
жеке
блог

Ақша кімге керек емес? Тірнектеп жиған тиын адал жолмен табылса, құба-құп. Ал, ал ойламаған жерден бай болып шыға келсеңіз ше? Кейде көп нәрсе ақшаға келіп тірелетіні рас...

Адам баласының бай болуға деген құлышынысы өте биік. Өйткені жақсы өмір сүру, бармен шалқып жүру кімге ұнамайды дейсіз. Сананы тұрмыс билеген мына заманда, ақшаның бірінші орынға шығуы заңдылық сияқты көрінеді. Ақша жүрген жерде адамгершілік, ізгілік сияқты жақсы нәрселерге орын қалмайтыны белгілі. Бұл тек біздің қоғамда ғана емес, бүкіл әлемде бар жайт. Әрине, бақыттың базарында шалқып өмір сүргенге не жетсін. Дегенмен аңсаған дүниеге жету оңайлықпен келе қоймасы анық.

Ештеңе істемей ақша табу мүмкін бе? Әрине, күлкілі сұрақ. Бүгін мен айды аспанға шығарып жаңалық ашайын. Болады екенJ Сонда қалай? Бүгін мен сізге әңгіме қылғалы отырған комедия да осы ақша жайында болмақ. Атағы жер жаратын әйгілі комедиограф  Р.Кунидің "Mоney-money" комедиясы  ішек-сілеңді қатыра күлдірумен қатар, адамды терең ойға жетелейтін қойылым екен.  "Атына заты сай" деп осындайда айтса керек. 

Бұл спектаклде автор бір отбасының ойда жоқта ақша тауып алғанын арқау етіп ала отырып, қазіргі қоғамның келеңсіз тұстарын көрсеткісі келетінін байқадық. Өмір бойы Барселонаға баруды армандап жүретін Джейн өз мақсатына жетті ме? Негізінде,  Джейн кімнің жары? Оның шын мәніндегі туыстары кім?  Қарапайым ғана бір отбасында орын алған қызыққа толы  оқиғалар арқылы режиссер бүгінгі заманның әп-сәтте байып кеткісі келетін кейіпкерлерін сипаттайды.

Комедияның бас кейіпкері қарапайым тұрмыс кешіп жүрген есепші Генри Перкинс қысқа мерзім ішінде қыруар қаржыға қол жеткізеді. Жеткенде де қалай? Метромен келе жатқанда байқамай чемоданын ауыстырып алады. Ал, ол дипломаттың іші толған ақша. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, 1 млн 750 мың фунт стерлинг.  Егер сіз дәл осындай оқиғаға тап болсаңыз, не істер едіңіз?.. Ойланып қалдыңыз, иә? Қызықтың көкесі сол чемоданнан басталады...

Алайда, «жеңіл» жолмен табылған ақшаның сұрауы қиын. Генри үшін оның іс-әрекеттерінің салдарлары болады. Ең қызығы, қызығы мен шыжығы мол көріністер тек үйдің ішінде ғана өтеді. Оқиға орын алмастырмайды. Дегенмен, көрерменнің ішін пыстырмайды. Себебі, басты кейіпкер аңғал Генри мен Джейннің қысылтаяң жағдайдағы әрекеттеріне қарап езу тарттық. Мұнда  көрсетілген оқиға күлдірумен қатар, үлкен ой түйгізеді. Ерлі-зайыпты Перкинстердің басынан кешкен оқиғаны көру, сезіну арқылы, өмірдің кей сəтімен бетпе-бет келгендей болдық.

Комедиялық жанрдағы қойылым болғандықтан, актерлердің әр қимылы, сөзі көрерменді күлкіге көміп, оқиғаны жеңіл әрі түсінікті қабылдауына жол ашты. Спектакльде ойнаған актерлік құрамның жұмысында мін жоқ. Бәрі бірінен-бірі өткен талантты. Әрқайсысы, өзіндік бір рөл тауып алғандай. Әсіресе, көбінісе ерке, шолжаң Джульетта секілді нәзік те ерке қыз образын сомдап жүрген белгілі актриса, «Арнау» тобысының солисткасы Салтанат Бақаеваны (сүйікті актрисам) бұл қойылымда мүлдем басқа қырынан көресіз. Сұлу да ақылды ару бейнесінде жатталып қалған Салтанат мұнда күйеуінің «екі аяғын бір етікке тығатын» қатал әйел ретінде бой көрсетеді.

«Мани, мани»  – әлемдік драматургиядағы ең қызықты, ең танымал әрі тартымды туынды.  Түрлі оқиғалардан құрылған, жұбайлардың жарқын өмірі жайлы тартымды да тəрбиеден сыр шертетін қойылым. Бұл комедия маған өз ойларымнан бір уақытқа болсын арылуға мүмкіндік бере алды.

P.S. Спектакль бойы риясыз күлдік. Не дегенмен де театр аурасы тым бөлек қой... Біреуден естіген бөлек,ал сол жерде отырып,өз көзіңізбен көрген, сол жердегі мұң мен қуанышты сезіне білу мүлде бөлек...

Мен  ару қала Алматыдағы Абай мен Мұқанов атындағы көшелерді жақсы көремін. Өйткені, осы екі көше менің сүйікті театрым М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына алып барады) Сіз де келіңіз!

                                                        Назира БУРХАНОВА