Бұл қала менің қалам. Жүрегім сол қалада қалды. Тар көшелері, ақ, қара, ала мысықтары, шәй құйылған бардактарын ұстаған жұрт, әдемі мешіттері, жарыса азан шақырып, қаланың түпкір түпкірінен естілетін үні, Босфордың толқындары - бәрі де бұрын менің өмірімде болғандай. Такси түнгі қаламен зытқып келеді. Султан Ахмет мешіті жанына деп түсіндірген едім, біраз адасып жүрдік. Жиырма миллион жұрты бар қалада адаспау мүмкін емес шығар.
Бұл алып ғимараттарымен бауратын Нью Йорк емес, бұл қымбат бутиктерімен еліктіретін Женева емес, бұл сұлу табиғатымен арбайтын Бриг емес, бұл түнімен ұйқы білмейтін Филадельфия емес, бар болғаны Стамбул. Менің қалам...
Он күндік серуен менің өміріме біраз өзгерістер алып келді. Күтпеген келеңсіз жағдайлар пайда болды. Бірақ, оның ешқайсысы да Стамбулға ғашықтығымды өшіре алмады. Балықтың иісі саситын қала дейді біреу, біреу арам саудагерлердің мекені дейді. Мейлі, солай ақ болсын. Мен оны бәрібір сүйемін. Бәрібір, АЛЛА жазса, бір күні қайта қауышам....
Көптен бері дервиштің билегенін көргім келген. Талай рет оқыдым да, ғаламтордан да көргем, бірақ өз көзіммен көру арман еді. Баклава мен алма шәйі, әдемі салқын кеш, жан жаққа шашыраған ой маза бермесе де, сол бір сәт мен үшін қымбат. Жоспарымның көбі құрдымға кетіп, көре алмай кетем ау деп жүр ем, кездейсоқ кірген мейрамханада сол кеш дервиш билеп жатыр екен. Өмірде көрген мүлдем басқа екен. Бишінің аурасы да, сиқырлы кештің атмосферасы да әсер етті. Билей түс, айнала бер дегім келген. Жанына баруға батпадым. Сырттай тамсанып қана отыра беріппін...