(Әңгіме)
Кәкима ойда жоқта хабарласты. Біз оқу бітіргелі көп жыл өтті ғой. Ұмытпапты. Хал-жай сұрасқан соң, ұлының тойына шақырды, Алматыға. «Келетін бол, әйтпесе ренжимін» деді. «Достарым көп, бірақ сенің жөнің бөлек еді мен үшін» деді. Сосын жылап алды. Телефонымды қайдан, қалай алған... сұрамадым. Өйткені, Кәкиманың таппайтыны, білмейтіні жоқ болатын, анау студенттік жылдарда. «Келші, сені көргім келеді». Жағдайды, жол алыстығын, жұмысбастылықты алға тарттым. «Ол сылтау емес, кел. Құдаларым мынау деген адамдар. Шалқып-тасып, солармен бірге төрде отырасың». Күмілжідім.
Еңбек демалысым бітуге таяу-ды. Құдалармен шалқып-тасып бірге отыруға дәм жазбады. «Сен бәрібір келесің, келтіремін». «Келемін» деген уәдемді естіген соң, кезінде қызық, жоқ, шыжық болған отбасының кейінгі жағдайын әңгімеледі.
...Кәріс көзді, қараторы, қағілез қыз Кәкима біздің топқа үшінші курста Қызылордадан келді. Елгезек. Әрқайсымызбен біте қайнасып өскендей ашық мінезімен баурады. Топ үшін жанын қиюға әзір, ұзын-сонар лекциядан ебін тауып сытылып шығып, төмендегі буфеттен кезек алып қоятын да, сабақтан қалып қоя беретін маубастарды жасырып қалатын да осы Кок, кейін еркелетіп Хок деп кеткен Кәкима еді.
Сауық кешке, биге жиналып, боянып, сыланып жатқан қыздардың бірінің шашын әдемілеп, бірінің тырнағын бояп, біріне шай қойып, жанұшырып жүретін Хоктың ақылы, мейірімі, қамқоршыл мінезіне қазір, көп жылдар өткенде ойланып қарайтын болдым. Өйткені істеген жақсылығын, қамқорлығын міндетсімей, тап-таза көңілімен адал ниет танытатын Кәкимадай адамды көп кездестірмедім. Жақсы қыз еді, ол. Екеуіміз үнемі бірге жүрмесек те, анда-санда кездескенде жан сырын ақтаратын. Кәкима жетім өскен, екі жасында ата-анасы қаза болып, екі ағасының қасында студенттердің жатақханасында бірінші сыныпқа барғанға дейін жүрген ғой.
– Ақан, Біржан – екі ағам, бірі сол кезде он алты, бірі он сегізде екен. Ақан аға политтехтің бірінші курсында, Біржан мектеп бітіргенше нағашы әпшенің қолында бірге болдық. Әпшенің мінезі жын еді, әрең шыдадық, Біржан аға оқуға түсті, ол да политтехқа, мені өзімен ала келді. Жылап, қалмай қойыппын. Төрт жаста екенмін. Жатақханаға ұрлап кіргізіп, ол кезде тәртіп қатал болыпты, екеуінің қасында кезек жатып, қыздар жасырып шомылдырып, шашымды өріп, ойнатып, көп қамқорлық жасапты. Қысқасы бүкіл жатақхананың еркесіне айналған екем.
Кейін деканаттағылар біліп қойып, жетімдер үйіне өткізбек болғанда комендант қырғыз апа о жақпен келісіп, жанашырлық жасап, Ақан мен Біржанды бір бөлмеге орналастырып, мені қастарына алғызды.Сөйтіп, үш-төрт жыл студенттердің жатақханасында «заңды түрде» тұрдым. Ақан ағам оқуын бітірісімен менің жағдайымды ойлап, үйленді, жеңгемнің есімі Алма.
Екеуі үйленбей тұрғанда Алма маған қамқор болды. Үй болған соң, отырсам опақ, тұрсам сопақ етті. Ес білгеннен киім, тамақтан қатты қысты, аямай жұмсады. Өздері кішкентайлы болды, бәрін де туғаннан бастап мен күттім. Тіпті түнде бала жылағанда мені шырт ұйқымнан оятып, тербеттіріп қоятын. Қатты шаршайтынмын. Өксіп-өксіп жылағанда көз жасым таусылмайтын. Ақыры шыдай алмай, ағаға айтып жүріп, осында ауыстым. Әкем мен шешемді мүлдем білмеймін... Көрмегенім жоқ. Кәкима сәби шағынан көрген қиындықтарын айтқанда қосыла жылайтын едік.
– Сол көрген қиындықтар, жоқтық маған көп нәрсені үйретті. Мен жоқтан бар жасаймын, тіпті бір жұмыртқадан кәдімгідей бір қазан сорпа пісіретін едім. Екі ағамның тозған көйлектерін қосып, өзіме көйлек тігемін, ескі тоқыма кеудешелерінің жібін тарқатып, шұлық, кеудеше тоқимын. Тозған сөмкелерін лақтырмаймын, құрығанда ұлтарақ жасап, шұлығым тозбасын деп, табанына былғары жапсырып, тігемін. Осылай өстім ғой мен...
Расында Кәкима сондай қыз болды. Ол жылдары күзгі жиын-терімге, «сельхозка» дейтінбіз, барамыз, күздің қара суығында, астық жинауға, кей жылдары жүгеріге. Сондағы жүгері жинағандағы өнері керемет енді... Қолы қолына жұқпай, жүйенің арғы басынан бергі басына дейін зыр етіп өте шығады, жоспарын орындай алмай жүргендерге көмектеседі.
Сөйтіп жүріп, «сельхозкадан» екі жүз елу-екі жүз жетпіс сом, оған қосымша сыйақы алады. Қырық бес сом стипендия алатын студентке ол дүниенің ақшасы емес пе?! Сол қаражатқа өзі айтпақшы жүгіріп жүріп «мұздай» киінеді, кітап сатып алады. Тапқан ақшасын тиынына дейін санап жарты жылға жеткізетін.
Оқуды жақсы оқыды. Сөйтіп жүріп, «сельхозда» Бек деген жамбылдық теміржол институтында оқитын, орысша оқып, тәрбиеленген әнші жігітпен танысты. Бек - сары шашы желп-желп етіп, гитара асынып, Боярскийдің әндерін аңыратып отыратын. Екеуі тіл табысыпты.
Алматыға келген соң Кәкимамыз қара базардан гитара сатып алып, тартуды үйренді, ән сала бастады. Табандылығына таң қалдық. – Мен Бекке өле ғашықпын. Оған тұрмысқа шығам, көресіңдер әлі, біз мынауский (бас бармағын көрсетіп) үй боламыз. Осыны жиі айтатын. Біз ол жігітке «Бек-орыс» деп ат қойдық. Төртінші курста жазғы демалыста екеуі үйленді. Бек–орыс ата-анасының жалғыз ұлы, әрине, олар да қазақшаға шорқақтау екен, Кишиневте оқыпты.
Соңғы курста болу керек, Кәкима қарызға ақша сұрады. Тауып бердім. «Сосын айтам, ата-енеме кетіп барамын, тез жетуім керек». Тұрмыс құрған Кәкимамыз оқу бітіргенше Жамбылға шапқылаумен болды. Курстастар оған «Келнене» деп ат қойыпты. Бір кездескенде «Бұл не? Келнене» деген не сөз?» деп сұрадым. Ол сықылықтап ұзақ күлді, сосын жыламсырады. – Мен әрі келінмін әрі енемін. Келнене деген сол. Әдетте енелер келінге ақыл айтып, үй болудың жөн-жосығын үйретуші еді. Менікі керісінше болып шықты, оларды мен тәрбиелеп, жөн-жосыққа үйретіп жүрмін.
Атам мен енем (енемді тәте, атамды папа деймін) бір-бірімен ит пен мысықтай, «шайқасқа» шыққанда сұмдық енді, кәдімгідей төбелеседі. Бір-бірін аямайды екен. Өздері жаңа қосылған жұбайлар секілді. Әсіресе тәтем! Қызғаншақ! Екеуі де сымбатты, мәдениетті, оқыған адамдар. Сөйтсе де қызық, тәтем сөзін «Ты меня разлюбил»-ден бастайды. Өлл-ә-ә, папамның тірлігін айтсай... сері көңілді адам. Көрікті келіншектерді жиі үйірсектейді екен. Қысқасын айтқанда, Бек екеуіміз үйленгеннен кейін, екеуі әрең жүр екен, екі бөлек кетті.
– Сосын?
– Сосын үйлерін біздің атымызға аударыпты. Бес бөлмелі, бау-бақшалы үлкен үй.
– Мәссаған! Сосын?
– Қайда-ан,- қолын сермеді. - Екеуінің қылығы маған қатты батты. Сенен ақша алып кеттім ғой, сол жолы Жамбылға самолетпен ұшып бардым. Таныстарын аралап жүріп, папамды тауып алдым. Бір татар келіншектің қолына кіріпті.
Киімін жинап алып, чемоданына салып, жалынып, жылап жүріп, сыртқа алып шықтым. Тәтем құрбысында екен, ол кісіні де үйге алып келдім. Сенесің бе, екеуіне кәдімгідей ақыл айттым, бастарын қосқандай болдым. Бірге қалды. Сосын екі ай өткен соң тәтем жылап, бізді іздеп келді. Бір жұма пәтерімізде тұрды.
Сосын поезға отырып, Жамбылға тарттық. Бұл жолы да ақылымды айтып, қаттырақ ұрсып, үйге кіргізіп кеттім. Бекке бәрібір, «мен олардан шаршағам, өмір бойы осылай болған» деп қолын сілтейді. Сол жолы татуласқандай болған. Одан соң үшінші әлде төртінші ретте ме, екеуі де қатты кетіпті. Соның алдындағы жазғы демалыста барып, Бек екеуіміз үйді реттедік, бақшаны күттік. Тәтем екеуіміз салат жасап, тосап қайнатып, қауын алдыртып, қауынқақ әзірледік. Біз үйде болғанда папам да, тәтем де мәдениетті, сабырлы, бір-біріне қатты сөз айтпайды. Оқуымызға қалай кетеміз, солай айқай-шу басталады. Төртінші ретте... төртінші ретте екеуі соттасуға дейін барыпты. Үйді бөліспек болған ба, татар әйел қаражат талап еткен бе, анығын сұрамадым. Дастархан жасап, екеуін үйге шақырып алдым. Ақылымды айттым, жалындым, жыладым. «Маған әке-шеше керек, ертең немерелерге ата-әже керек.
Оларға не деймін? Ақылға келіңіздер» дедім. Біржан ағам сыйлаған алтын жүзікті бір қағаберісте енеме бердім. «Атам сізден бата алмай жүр, мына жүзікті сізге арнап алыпты» дедім. Қатты қуанды. Атама: «Тәтем сізді жақсы көреді, сыйлайды, еркелейді. Ал сіз еркелігін көтере алмай жүрсіз..» осы секілді ақыл-әңгіме көп айтылды. Екеуі қайта-қайта дауласты, отыз жыл бұрынғы, тіпті қыз-жігіт кездеріндегі әлдебір оқиғаларды қаузады. Мен болсам арманда кеткен ата-анамды, өзімнің қандай жағдайда өмір сүргенімді бүге-шігесіне дейін көз жасымды көл етіп, егіліп отырып айттым. Олар үнсіз қалды. Содан ата-анамның басына екеуін ала бардым, Құран оқыттық. Одан кейін мешітке бардық.
Осының бәрін өзім ұйымдастырдым. Сол, біз оқу бітіретін жылы екеуінің қосылғандарына отыз жыл болады екен. «О, онда биыл бізде үлкен той. Сіздердің отыз жылдықтарыңыз бен Бек екеуіміздің диплом алғанымызды Жамбылдың ресторанында тойлаймыз, ағайын-туысты шақырамыз. Қонақтардың тізімін жасаңыздар» деп төртінші рет бастарын қостым. Бұл жолы екеуі менімен үнсіз келісті. Ата-анамның зиратын көріп, ойға қалды ма, әлде мешітке апарғаным әсер етті ме, білмеймін, әйтеуір татуласты. Соған қуаныштымын. Маған отбасы керек, ата-ана керек, бәрі қалпына түсіп келеді» деп қуанышын асығыс айтқан болатын.
Кәкимамыз осылайша отбасының жылуын сезіне алмай, ұрыс-керіспен отыз жылды өткізген ата-енесін қосқан еді, той жасап. Мұны саулық сұрасқандардан естіп-біліп жүрдім. Кейін олар Жамбылдағы үйлерін сатып, Алматыдағы «Шаңырақтан» қос қабатты үй тұрғызыпты, Бек бір мекемеде басшы, өзі де бір ірі компанияға аудармашы болып, шет елдерге де жиі шығады екен. Бес ұлды болыпты, ортасындағы егіз деп естігем, ана жылдары. Мына үйленгені кенжесі екен.
- Бес ұлды атам мен енем өсірді. Сол тойдан кейін екеуі ажырасқан емес, дін аман. Жылда денсаулықтарын тексертіп, емдетеміз, курорттарына жіберіп аламыз. Ара-тұра енемнің «көтеріліп-басылып» қоятыны бар. Ондайда үндемеймін, папама да «үндемеңіз» деймін. Ашуы басылғанда «Қызым-ау» деп келіп мені еркелетеді. Мен папамды да, тәтемді де кінәламаймын, өмірден көрген-түйгендері солай болған шығар. Оларды тыңдай жүріп, өзімше ой қорытып, өзіме, отбасымызға зиян тимейтіндей шешім қабылдаймын. Олардың сол қылықтарын жеңгелеріме, туыстарыма айтқан емеспін, ешкім білмейді. Бізде бәрі құпия болатын, әлі солай. Айтшы, менің сол кездегі істеріме сен куәсің ғой, дұрыс жасаппын ба?
- Әрине, Кәкима, сен алтындай қыз едің ғой. Әлі сол қалпың, ақылың дәриядай, адамгершілігің де зор еді. Сол үшін мен сені ұмытқам жоқ. Саған іштей жақсылық тілейтінмін,-дедім.
- Оны білем,-деді ол, күрсініп. – Сенің де көңілің адал болатын. Екеуіміз кездесуге уәделесіп, жақсы тілекпен қоштастық. Иә, жұмбағы мол, қиянаты да жақсылығы да қатар өрілетін тіршілік дегеніңіз осы екен. Әйтпесе, ата-ана тәрбиесін, мейірімін көрмей, көз жасы құрғамай өскен қыздың бойына осыншалық жақсылық, ақыл, қайырым қайдан келген? Ол – бақытты болуға лайық еді. Бақытты екен! Соған қатты қуандым.
САЯ МОЛДАЙЫП