Бөтен достық

Бөтен достық
жеке
блог

Айдан-айға (айлықтан айлыққа) әрең жетіп, ілбіп жүрсе де, әлеуметтік желіге бай тұрмыс кешетіндей әсер тудыратын сурет жүктейтін адамдар бар. Сөйте отырып, әлдекімнің алдында өзін дәлелдегісі келетін сияқты. Кімнің? Бәлкім анасының, бәлкім әкесінің, бәлкім достарының, бәлкім дұшпандарының... Бәлкім, тағдырының...

Кейбіреу әлеуметтік желіге керісінше, бай тұрмыс кеше отырып, оқырманға ой салады-ау деген дүниелерді қояды. Мен осындай жандардың қалайша Туканың әзіліндегідей "алтынның буына" мастанып, көздері соқыр боп қалмағанын түсіне алмаймын...

Мүмкін, мен оларды бай болмағаным үшін түсіне алмайтын шығармын.

Бай демекші, әңгіме, мәселе бір қарағанда тіптен де байлықта емес. Біреудің байлығына пенде болған соң, қызығуын қызығарсың-ау, бірақ... Жақсы көре алмайды екенсің. Байлық – жаны жоқ нәрсе. Жансыз нәрсені қалайша ұната аларсың?

Махаббат жанды, тірі нәрсеге ғана арналуы керек. Бұл жердегі махаббат тек қыз бен жігіттің арасындағы сезім емес... 

Бала кезімде А. деген қыз маған арагідік хат жазып тұратын. "Мен сенімен дос болғым келеді". Хаты бірде осылай басталып, бірде осылай аяқталатын. Ол менен бір сынып жоғары оқыды. Оны көбі тәкаппар деп жақтыра бермейтін. Сөйтсе "тәкаппарлар" да біреумен сырласқысы келеді екен.

Осылайша, екеуміз дос болдық.

Достығымыз "қолдан жасалғандықтан", мен тек оның сырларын тыңдаушы, керек кезде бір жаққа бірге еріп барушы болдым. Жан-дүниеміз жараспады. Оны мен де түсіндім, ол да ұқты. Бірақ оның көңілін қалдырғым келмей, "мені жақсы көргені үшін" жақсы көрдім. 

А. екеуміздің арамыздағы "достық" дегенмен ұзаққа созылды. Мен 11-ге көшетін жылы ол мектеп бітіріп, қалаға кетті. Жарты жыл өткен соң, қаладан өзгеріп келді. Жаңа орта, жаңа достар тауыпты. Мен және менің әңгімелерім оған қызық болмай қалдық.

Біртүрлі қимадым. Мені жақсы көрмей қалғаны үшін бе... Қуысқа түсіп, ұмытылып қалған сіңлімнің жұмсақ ойыншығы екеуміздің жағдайымыз сол кезде бірдей-ақ еді. 

А. екеуміздің достығымыз "қолдан жасалмаған" екен. Жанымыз үндескен екен. Енді мен оны керек қыла бастадым. Бақытыма орай, бір жылдан соң, ол кеткен қаладан бірнеше есе үлкен қалаға мен де келдім. 

Жаңа ортада өмір сүре бастадым. Жаңа құрбы таптым. А. ны ұмыттым. 

Дұрысы – ұмыттым деп ойладым. Бірақ міне, одан кейін жеті жыл өткенде алып қаланың бір бұрышында жер әлемдегі жыпырлаған жұлдыздай мың сан адамның ішінен дәл А. құрбымды есіме алып отырмын. 

Әлгінде сөйлесіп қалдық. Кездейсоқ кезіктік. Бәлкім бұл кездейсоқтық емес шығар. Әйтеуір дәл осы сағатта, дәл осы орында кездесуіміз керек болғаны үшін мен дәл сол жерге барған шығармын. Ол да солай. Екеуміз жаңа танысқан адамдай біртүрлі тым бөтен, әрі тым жақын сөйлестік. Ол өзінің күйеуі, бала-шағасы туралы айтты.

Ол Парижде өмір сүргісі келетін. Мен Нью-Йоркке барсам деп, екеуміз өмірі құлақ естісе де, көз көрмеген жерлерді арман қылатынбыз. Ақырында құмның ортасындағы елеусіз бір ауылдан өз Парижін тауыпты. Ендігі арманы – Париж емес, бала-шағасын асырау, жеткізу.  

Мен де Нью-Йоркке бармадым. Бала арманымыз осылайша күл-паршасы шығып, өзге бір балаң жүрекке қону үшін ұшып кеткен секілді... 

Әлі шашының бұйралығынан құтылғысы келеді екен. "Шашымның бұйралығынан басым үлкен болып көрінеді" дегенді қоймағансың ба?!" дегім келді. Бірақ "Неге?" дедім.

Өйткені, қарсы алдымда өткен өмірімнің бір бөлшегі емес, бағыты да, пікірі де бөлек, бөтен адам тұрған еді... 

Бәлкім бір кездері не Парижде, не Нью-Йоркте кездесерміз. Сол кезде бізді тастап кеткен достығымыз қайта оралар.

Бәлкім оралмас...

Сурет: fullhdoboi.ru, mirmotka.ru, almaty-info.net