Бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күрес
блог
Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күрес идеясымен байытқан ақын болғаны баршамызға белгілі. Оның «Маса», «Қырық мысал» атты поэтикалық жинақтары өз кезіндегі халықтың ауыр, құқықсыз жағдайына арналып, оны отаршылдықтан азат етуге, дамудағы мешеулікке, надандыққа қарсы құрал болғаны баршамызға аян. Сонымен қатар бұл жинақтар білімге, мәдениетке шақырғаны да аян. Ақын «Қырық мысал» атты еңбегіңде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, артта қалған елінің мешеу тіршілігін, жұмбақтап, тұспалдап жеткізе білген. Мысал жанрын пайдалана отырып, ұғымды идея, уытты тіл арқылы халықтың санасына әсер ете білген. Ал «Маса» атты жинақта елін мәдениетке, білімге шақыра отырып, өнер-білімнің пайдасын уағыздай алған.
Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы, тұңғыш әдебиет теориясын жасаушы ғалым бойындағы қайсарлық пен құлшыныс сол кезеңдегі отандастарының бойындағы азаматтық сезімдерін, ұлттық намысын оятуға жетелегендей. (бұл сезімдер мен құлшыныстың бүгінгі таңда да маңызы зор.) Ғалым еңбегін кезінде өз замандастары Д.Міржақыпұлы, Т.Шонанұлы, С.Сейфуллииндер де айрықша жоғары бағалап, баспа беттерінде жазып жатса, бүгінгі таңда да ғалым еңбегі аса жоғары бағаланып, жыл сайын ғалым атындағы түрлі байқаулар мен А.Байтұрсынұлы атындағы оқулар өткізіліп тұрады. Бұл байқаулар негізінен ақынның азаматтық арман-мақсатын, негізгі идеялық қазығы – өнер білімге, мәдениетке, еңбек ете білуге деген үндеулерімен, адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуенін жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында өтіп тұрады.
Қараңғы қазақтың көгіне жарқырап шыққан А.Байтұрсынұлы – бар арманын, мақсат-мұратын өз елінің бақытты ғұмырына арнап, айналасына өзінің шуағын шашып, бар өмірін халқына арнаған белгілі тұлға, айтулы ғалым, біздің қоғам тарихындағы ешбір баламасы жоқ дара тұлға.
Қазақ тіл білімінің іргесін қалап, шаңырағын көтерген Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы – бұл күнде аса құнды, біз үшін өлшеусіз мұра. Ғалым мұраларымен танысуда, өзіндік дара еңбектерімен, құнды пікірлерімен жете меңгеруде жыл сайын елімізде болып тұратын осындай байқаулар мен оқулардың пайдасы аса зор. Ахметтану ғылымының іргетесы кеңейген сайын ақын мұраларымен жете танысып, ақынның өлшеусіз қазыналарымен халқымызды, әсіресе, жас ұрпақты тәрбиелеуде айтулы нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Өйткені бүгінгі таңдағы басты мақсат – Ахмет Байтұрсынұлының бай мұрасын игілігімізге жаратып, жас ұрпақ тәрбиесінде кеңінен қолдану.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлтының мешулігіне қапаланып қана отырмай, болашағынан үміт күтіп, бар өмірін халқының жарқын болашағына арнады. Туған халқының жоғын жоқтап, келешек ұрпағының қамын жеді. Сол үшін бар ғұмырын арнады. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлын замандастары «қазақ халқының көсемі», «ұлтымыздың ар-ожданы», «қазақтың Ахаңы» деп дәріптеген екен. Дәл қазіргі уақытта да осы сөздер өз мәнін жойған жоқ. Қайта ұлтым дейтін әрбір қазақ ақын еңбектерін жіті бағалап, өзінің өлшеусіз қазынасы деп бағалайды.
1913 жылы «Қазақтың» тұңғыш санында ұлы ғалым: «...Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз...»-деген екен. Ендеше, ғалым бойындағы қайсарлық пен ұлтына деген махаббат әрбір ұлтым деген азаматтың бойынан табылып, ғалым мұралары халық игілігіне жарап, еліміздің мерейі әрқашан үстем болсын дегім келеді.
Турдалы Ақтолқын Тұрсынәліқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология факультеті
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы, 4-курс
Жетекші - ғылым магистрі, оқытушы Айжан Есентаева