БӨРЛІТӨБЕ ҚЫСТАУЫ. 2-парақ. 1-бет

БӨРЛІТӨБЕ ҚЫСТАУЫ. 2-парақ. 1-бет
жеке
блог

Енді Бердіқожаның балалары Үсен, Бурахан, Әуезхан, Кенжехан, Самархан мен немерелері Омархан, Разақ, Арымбек, Смайылхандардың жайлау-қыстаулары жөнінде де бір-екі ауыз сөз айта кетелік. Семейден 80 шақырым жердегі Миялы-Тышқан деген бауырда Бөрлітөбе атты өңір бар. Бұлар сол жерді мекен еткен. Тышқан тауының сайынан бұлақ болып су ағып жатады. Оның бауырында Абайдың үлкен баласы Ақылбайдың, одан күнбатыстағы Қаражырық деген сайда Әйгерімнен туған ортаншы бала Мекаил мен кенже баласы Ізкайілдің қыстауы бар. Бұлар Әйгерімнің қыстауы деп аталатын. Ал Әуездің қыстауы Бөрлітөбеде еді. Әуез бұл жерді інісі Самарханмен қыстайтын. Ол ең бір қасиетті, қатты қыстарда мал жұтамайтын, қой-ешкіге Бүйрекқараған мен Аяққарағаны жақсы ықтасын аймақ болатын. Етектегі Аяққарағанның ортасында 6-7 гектар қара топырақты жер бар еді. Ол қыста түскен қардан дымды көп ұстайтын да Әуездің үлкен үйі мен кіші үйі жазда осы аралыққа егін салып, әр жылы астықтан мол өнім алатын. Жинап алған арпа, бидайлары екі үйге молынан жетіп, артығын ауыл маңайындағы кемтарларға үлестіріп беретін.

Осы Бөрлітөбенің тағы бірнеше қасиеттері бар. Қыстаудың күншығыс жағындағы Сарадыр, Қарадыр деген таулардағы күнгейде қыстың ортасына дейін қой-ешкі жайылып бағылады да, қыстан аса күйлі шығады. Күнбатыс жақта Қарасу өзені ағады. Оның аяқ жағынан Әуез қожаның бұйрығы бойынша биіктігі жарты метрдей шымнан бөгет жасалған. Жазға салым су тасығанда 30-40 гектар жерге су жайылады да екі үйдің малдарына қысқа мол жететін шөп шауып алынады. Осы Қарасуда жасалған бөгетке қыста мұз қатып, Мұхтар және басқа балалар каникулға келгенде оның үстінде сырғанақ ойнаушы еді. Ал жазға салым осы тоқтатылған бөгет суға қаз-үйректер келіп қонған кезде Мұхтар қос ауыз мылтықты көтеріп жүріп аңшылық жасайтын.

Әуез қожаның екі қыстауының бас жағындағы 3 шақырымдай жерде Бердіқожаның ең үлкен баласы Үсеннің, одан кейінгі балалары Бураханның, Кенжеханның, олардың балалары Қожабірхан, Әзімхан, Құлжан, Смайылханның қоралары бар еді. Оларды қожаның басқы ауылы деп атайтын. Бұлар Қаражырық, Сарыжырық деген екі таудың сайларынан ағып жататын бас бұлақтардың орталығында қыстайтын. Олар да мұндағы қара топырақты жерлеріне егін егіп, шаруашылық тіршіліктерін жүргізіп жататын. Тегінде, Бердіқожаның балалары Үсен, Бурахан, Кенжехан, Әуезханның екі жерге қоныстанып, ел қызығатын шұрайлы жерлерді алуларына себеп болған нәрсе Бердіқожаның Құнанбаймен сыйлас болып, Нұрғаным деген кенже қызын оған тоқалдыққа беруінен, бертін келе Әуездің Абаймен сыйлас, құдалас болғандығынан болу керек. Өйткені ол заманда Ырғызбайдың тұқым-тұғиянынан басқа ұсақ аталардың балаларына сондайлық құйқалы жерлер тиюі мүмкін емес еді.

«Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» кітабынан