Болуы тиіс емес көгілдір әлем...

Соңғы кездері гомосексуалистер мәселесі әлемде ашық талқыланып, оған қарапайым жайт ретінде қарай бастадық. Түрлі шетелдік фильмдерде «гей» шаштаразшысы, «лесбианка» дос қызы бар болса да оған еш мән бермейтін дәрежеге жеттік. Тіпті танымал қызтеке адамдардың некеге отырып, бала асырап алып жатқаны да бізге жаңалық емес. Алайда, қоғамдағы осы бір ауытқушылықты көтере алмайтын, тіпті естісе делебесі қозып тұратын адамдар да жоқ емес. Бір ретте достарымызбен сөйлесіп отырып, осы тұрғыда үлкен дау болды. Кейбірі олардың көзін біратала жою керек десе, біреуі олар жайлы мүлде айтпау керек, яғни жарнамаламау керек деді. Үшіншісі егер ол ауру болса, емдеу керек деді. Ал менің пікірім, олар да адам ғой, сондай болып туылғанын кінәлі емес қой дегеніме, әлбетте көптеген қарсы пікір алдым. Бірақ бәріміздің де бұл індет жайлы мағлұматымыз аз еді. Тек бір досымның айтуы бойынша, Гитлер кезінде гомосексуалистер нацизмнің құрбанына айналған екен. Үшінші рейх кезіңінде (1933-1945 жж) 50 мыңнан астам адам табиғи заңдылықтан тыс әрекеттері үшін өлтіріліп, кейбірі қудаланып, кейбірі лагерьлерде қайтыс болған. Содан кейін Алманияда бұл мәселе шешіліп, қызтекелер саны күрт төмендегенін айтады. Бірақ одан кейінгі Алмания тарихына көз жүгіртсек, қызтекелер мен еркекшора әйелдер қайта туылып, қайта өмір сүре бастаған.

Мюнхендегі фашизмнің құрбанына айналған гомосексуалистерге арналған ескерткіш

Жалпы тарихты парақтайтын болсақ қызтекелер мен еркекшора әйелдер бұрыннан-ақ бар болған. Алайда ХХ ғасырға дейін діни заңдар мен өкілдер оларды шеттетіп, іс-әрекеттерін хайуандыққа теңеп, асып өлтіруге дейін барған. Жиырмасыншы ғасырдан кейін олардың генетикасымен ғалымдар айналыса бастайды. Ең алғаш оларды жақтап, олардың теңдігі үшін күрескен Карл Генрих Улриктің кітаптарында кездеседі. Және де мұның психологиялық ауру емес екендігін американдық психиатрлар кеңесі 1973 жылы қабылдаған. Ал 1990-жылдардың басында оны ауру деген терминнен алып тастаған.

Физиолог ғалымдардың айтуынша, бұл адам бойындағы физиологиялық ауытқу. Бұл жүре пайда болып, немесе ананың құрсағында жатқанда гормондардың ауытқуынан пайда болуы мүмкін. Мұндай ауытқуды психологиялық тұрғыда гипнозбен, физиологиялық тұрғыда гормоналдық препараттарды егумен емдеу тәжірибеде қолданылып келеді. Алайда, мұның қаншалықты нәтижелі екенін айту қиын. Көп жағдайда адамзат емделуден бұрын, ауруды асқындырып алу азабын шегіп жүретіні анық.


Біз Батыс медицинасын мақтаймыз, оларға жүгінеміз, жалпы мойындаймыз. Бірақ дәл сол батыс гейлердің құқығын таптатпай, керісінше ерік беріп отырған жоқ па? Сонда мұны ауру болса – емдеп, қылмыс болса – жазалауға Батыстың мұршасы жетпегені ме? Ал еврей мен қызтекелерге фашистік іс-әрекет танытқан Алмания неден ұтты? Еврейлер азайды ма, қызтекелер ше?

Жалпы мен ешкімді жақтамаймын және даттамаймын да. Алайда, көшеде көріп қалған жағдайда оларды табан астында быт-шытын шығарып ұрып кету, немесе оларды ату жазасына кесіп отыру – мәселені қаншалықты шешпек? Саған ешқандай қиянат жасамаған адамды өз бетіңше ұрып кету бұл азаматтық құқығының тапталғаны емес пе? Және ол сондай физиологиялық ауытқумен туылғанына кінәлі ме? Сұрақ көп, бірақ қазақ қоғамының бұған жауабы «масқара», «қайда кетіп барамыз?», «сұмдық», «көзін құрту керек» дегенмен шектеліп жатыр...



Бөлісу: