«Большой» фильмі туралы ой

«Большой» фильмінің трейлерін алғаш рет көрген кезде «Мен бұл киноны міндетті түрде көруім қажет» деп өзімнің жоспарыма түртіп қойған едім. Себебі, трейлердің өзінен балет әртістері туралы әдемі хикаяны аңғаруға болады.


Кино еліміздің барлық кинотеатрларында 11 мамырдан бастап көрсетіле бастады. «Kinopark 11 IMAX Esentai» компаниясының ұйымдастыруымен өткен алдын ала көрсетілім арқасында әдемі киноны алғашқылардың бірі болып көрдім. Көрсетілім кеші өте ерекше өтті. Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театрының әртістері өнер көрсетті. Ұйымдастырушылар келген қонақтарға ақ раушан гүлдерін сыйға тартты, ұтыс ойынын өткізді.

«Большой» фильмі - «Стиляги» мен «Оттепель» фильмдерінің авторы Валерий Тодоровскийдің жаңа туындысы. Фильм желісі бойынша, шалғайда орналасқан шағын қаланың тұрғыны, бұрынғы балет әртісі (Александр Домогаров) кішкентай Юля деген қызды көріп қалады. Юля жағдайы төмендеу, қарапайым отбасынан шыққан өте талапты қыз. Ащы суға жақындау азамат кішкентай қызды алдымен дайындап, кейіннен қолынан жетектеп Мәскеудегі хореография академиясына оқуға түсуге алып келеді. Талапты қыз оқуға қабылданған соң, белгілі балет әртісі Белецкаяның (Алиса Фрейндлих) курсына қабылданады. Юля талантты болса да өте тентек қыз. Ал ұстазы болса, оны өз қарамағына алады. Ұстазының еңбегі мен өзінің талабының арқасында Юля оқуда үздік болады. Ал соңғы курста «Большой» театрында емтихандық спектакльде өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Алайда, ол бұл мүмкіндікті пайдалана алмайды. Себебі, шалғайдағы асыраушысы жоқ, көп балалы анасы оның өнерге бет бұрғанына қарсы. Отбасының әлеуметтік жағдайын көрген Юля өз қатарластарының алды болса да өз арманынан бас тартуға мәжбүр болады. Жап-жас қыздың өнерге деген сүйіспеншілігі, ұстазына деген құрметі ерекше. Алайда, өзінің шешімі оның алдыңғы қатарлы балет әртісі болуына кедергі келтірді.

Кино өте қызықты. Бірақ, кейде кейіпкерлердің сөйлеген сөзі мен іс-әрекетін, қабылдаған шешімін түсіну қиын. Көп сұрақтар өз басымда туды. Екі мықты әртіс арасындағы бәсекені, әдетте, бір жарыстағы жеңіс я болмаса «Кім мықты?!» деген бәстесу шешеді. Ал бұл кинодағы басты кейіпкерлер арасындағы бақталастықтың өзіне көзіміз үйренбеген. Кино түсірілімі 80 күнге созылған. Оның 14 күні әйгілі «Большой» театрының сахнасында өтті. Ал кастинг кәсіби балет әртістерінің арасында Ресейдің бірқатар қалалары мен шетелде жүргізілді. Фильмде 70-тен астам кәсіби балет әртістерін көруге болады. Басты кейіпкер бейнесін Варшава қаласындағы “Teatr Wielki – Opera Narodowa” театрында прима-балет әртісі Маргарита Симонова сомдады. Ал бас кейіпкердің кішірек кезін 12 жасар Катя Самуйлина сомдады. Катя көркем гимнастикамен айналысады. Бір кейіпкердің рөлін сомдаған екі актриса да өзара ұқсайды. Түр-әлпеті, мінездерінен ұқсастық табуға болады. Фильм көруге тұрарлық. Өз басым 10-нан 9 ұпай берер едім. Мықты!



Бөлісу: