Болмашы құпия - 5

1 - бөлім

2 - бөлім

3 - бөлім

4 - бөлім

Ұлы өмірде де осылай ойламаған жерден, кезіге кетіп, тағдырымыз қиылысатындай, сондай қуанышты күй кештім.

7 қараша, 2003 жыл. Ертең оларға демалыс. Көре алмаймын, қандай жаман.

9 қараша, 2003 жыл. Барлығы шаршатып жіберді. Мұның бәріне сабырмен ғана күліп қарап отыра берер ме едім, егер Алдиярды көргенде? Ол бүгін сабаққа келмеді. Өзін күніне бір көруді аңсап жүретін қыз бар екенін білмейді ме? Осындай кездерде кейде маған деген сезімі жалған ба әлде мүлдем болмаған ба деген ойлар шағады миымды. Ол мені көруге асықпағаны ма? Құдай-ау, неге бір белгісін бермейді, а? Тұнық әрі мөлдір жанарлары адамды не ұстап тұрмайды, не жібермейді. Үнемі өзін ойлатып, сергелдеңге салып қойды.

10 қараша, 2003 жыл. Мектеп кезден бірге өскен ұл досым менің көмегім керек екенін айтты. Ол Алдияр туралы білуші еді. Аялдамада жолықтық. Кенет досым:

-  Анау тұрған әлгі сенің топтасың емес пе? Аты кім еді? – деді.

Жан-жағыма қарасам, жанарыма таныс ешкім ілікпеді. Шаш үлгісі Алдиярға ұқсайтын төмен қарап тұрған жігітті нұсқады досым.

-  Жоқ, ол емес, - десем, басын көтергенде нақ соның өзі екенін таныдым. Досым суретін көргеннен танып қойыпты. Өзіммен-өзім ұялып, қысылып, көрмей-ақ қойса екен дегендей тасаланып, ыңғайсыз күй кештім. Оның күткен автобусы да келіп жетті. Мініп бара жатқанын көріп тұрдым да, кенет ұяқыдан оянғандай болып бір шешімге келіп:

-  Біз де осыған отырамыз, - дедім.

Досым автобустың артқы жағына орналасты. Мені көрген ұлдар амандасты. Ержан: «Привет!» деді. Алдияр да амандасқандай ишара жасап, аузын жыбырлатты. Мен де тап солай аузымды жабарлатып өте шықтым. Қасындағысы кім дегендей сұраулы көзбен қарайды мен жаққа. Бір аялдамадан бір автобусқа отырып, бір аялдамадан түсу... Тағдырдың жазғаны ғой. Досыма да параллель тобындағы Мадина есімді қыз ұнайды екен. екеуі арасындағы жағдай дәл Алдияр екеуміз сияқты. Мүмкін Алдияр да дәл қазір мен туралы айтып бара жатқан болар.

***

«Мадина... Ұмытып та қалыппын» - деп бір тоқталды Жұбаныш.

 12 қараша, 2003 жыл. Жатақхана адамдары бұрынғыдай жақын араласуды қойған. Сүйіспеншілікке зәрумін. Неге бәрі аяқ астынан өзгеріп кетті? Дәл осындай сәтте сенің сүйіспеншілігің болса, барлық жатақхана адамдарын қосса да сенің сүйіспеншілігің артық болар еді, Алдияр! Сен ғана жанымда болсаң, барлығына қолымды бір-ақ сілтеп бақытты болар едім, Алдияр! Жаным жабырқаулы! Күн сайын адамдардан көңілім қалып барады. Сені өте қажетсініп жүрмін. Қолымнан қатты қысып, «Мен сенімен біргемін!» деші. Келші маған, Алдияр!

«Қиналып кетіпсің-ау, Балнұрым, балым, нұрым менің!» - деп тағы тоқтады Жұбаныш.

 15 қараша, 2003 жыл. Маржан маған:

- Балнұр, сенің жігітің бар екен ғой, - дейді. Төбемнен жай түскендей болды.

- Жоға, кім айтты? – деймін абдырап.

-  Естідік қой.

-  Жоқ деймін.

-  Бар.

Кім айтқанын білетін сияқтымын. Өткен жолы Алдияр қасымнан досымды көргенде жігіті деп ойлаған шығар. Бәсе, кеше бір салқындықты байқап едім. Оған ұнататынымды білдірмей, шалқайып жүрсем, әлі сүю сезімі басталмай жатып ұнатуды ұмытуға мәжбүрлейді ме деген ой марқадай маңырап жатыр санамда. Ұнататынымды өзім сездірейін десем, қызбын ғой, намысым жібермейді.

16 қараша, 2003 жыл.

Компьютер класында отырмыз. Барлығымздың тіркелу дәптерін толтырғанымызды қадағалап жүрген апай маған келіп:

- Сен тіркелдің бе, красавица? – деді. Алдияр маған бұрылып қарады. Оның алдында ұрланып қарап отырғанын да байқадым, бірақ кей оғаш қылықтарын түсіне алмадым. Әдейі дауысын көтере сөйлеп, Айбармен басқа қыз туралы сөйлесіп отыр. Бұл «Енді менде басқа біреу пайда болды» деп білдіргісі келгені ме, әлде қызғансын деп әдейі жасады ма? Түсінгім келеді.

Өткен жолы бір жиылыста бірге болған ұл бүл үшін менің тобымдағы ұлға еріп біздің университетке келіпті. Оны жаңа байқадым. Ұсынған қолын алдым да:

-  Привет! – дедім. Қолымды жібермей ұстап тұрған күйі атын айтты.

- Біз таныспыз ғой.

-  Қай кезде?

-  Өткен жолы, отырыста...

-  А-а, - деп есіне енді түсірді, - Әдемі болып кетіпсіз ғой.

-  Сол кезде ше?

-  Білмеймін, басқа киіммен жүрген соң танымай қалдым. Ұят болды-ау.

Осының барлығы Алдиярдың жанында болған диалог. Теріс қарап, компьютерге үңіліп отырып естіді ме, естімеді ме қайдам. Универде еш қызға көз қырын салмайтын болып көрінетін оның интернеттегі қыз-қырқынға сілекейі шұбырып отырғанын көріп, бір түрлі жиреніп кеттім. Ұнатпай қалдым дегенмен неге ойларым әлі ол туралы, неге ол туралы жазуды тоқтатпаймын?

18 қараша, 2003 жыл. Енді ол туралы ойлар мазаламайтын болды. Сәл  босай қалсам, бос болмасам да, шаруамды тежей тұрып, «Қайда, кіммен, не  істеп жүр екен?» деп ойлап кетіп, жұмысыма кедергі келтірмеймін. Ең алғаш жай ұнап қалғанында мен жаққа көз қырын да салмайтынын байқап, бірден есімді жидым ғой! тағы да солай жасаймын. Маған деген жылы қабағына бола ұнаттым. Ондағы жылулықпен бірге мендегі сезім де жоғалды қазір...



Бөлісу: