1 - бөлім
2 - бөлім
3 - бөлім
...Мен сабақ айтып тұрғанда оның көз алмай қарап отырғаны жүрегімнің тынышын алды.
24 қазан, 2003 жыл. Жатақханадағы екі ұлды Алдияр үйіне шақырып, қонақ еткен екен. Оның анасының салып беріп жіберген дәмін дастарханға қойып, ауыздарын толтырып мақтады да отырды:
- Үйлері тып-тыныш. Барлығы да өте салмақты кісілер екен. Тек анда-санда анасы: Балалар, қысылмай астан алып отырыңдар дейді. Алдияр өте жақсы жігіт, - деп айта береді.
30 қазан, 2003 жыл. Әдеттегісінше менің артымдағы партаға келіп жайғасты. Ашылып, сөйлей бастапты, әзілдеп те алады. Ол сұрап қалса, дәптерім бос тұрмасын деп қосымша берілген тапсырмаларды да жазып қойғанымды сұрап алып оқыды. Оның көп сөйлегенін бұрын естімеппін. Дәл артымнан естіліп тұрған әуезді қоңыр дауысты үнсіз сүйіп отырдым құлағыммен. Мұндай да ләззат боларын бұрын білсем ше! Міне, қызық, оның да арманы тура менікіндей екен. Дәріс біткен соң шығып кеткен Алдиярды жүрегіммен іздеп тұрдым. Қасымнан кеткеніне сағат толмай жатып, тағы да ол жүрген жерде жүргім келіп тұр. Құдайым-ау, бұл не деген сезім. Күннен күнге қалай ұлғайып бара жатқанын өзім де ұға алар емеспін. Жоқ! Неге мен оны іздеп, ол жүрген жермен жүруді қалауым керек! Керек болса, өзі іздесін мені. Керек етеді ме екен, сірә? Ұрланып қараған ұнатқан көзді көре алмай, сезімін сезіне алмай жүрмін. Мені ұнататын адамға сөздері ғана ұқсайды, көздері ұқсамайды. Жай кезде мен жаққа мүлде қарамайды. Жігіттер көзімен сүймеуші ма еді? Әлде менің ішкі жан дүниемді ғана ұнатып, сыртқы келбетімнен тамсанып қарайтындай сұлулық көре алмады ма екен? Сәл сезімі бар болса, айтса қайтер екен тағатымды тауыспай. Бірақ осылай жұмбақ сезіммен сырттай тамсанып жүре тұрудың өзі қызық шақ!
2 қараша, 2003 жыл. Сабаққа кешігіп келіп еді, маған жақын жерден орын табылмай, мен төртінші, ол екінші қатарға отырдық. Екеумізде де үшінші парта. Маған қарап отыр ғой!? іштей төбем көкке жетсе, де, сырттай байқамағансып, күлімсіреп қана сабақ тыңдап отырмын. Ұзақ қарады. Бар күткенім осы еді ғой өзіңнен, жарқыным! Мұғалім тапсырма беріп отырғанда, Айбар жалғыз орындауды қиынсынып, менен көмек алуға апайдан рұқсат сұрады. Мұғалім:
- Жарайды онда, бұл тапсырманы екеуің бірге орындайсыңдар. Балнұр + Айбар деп жазайын, - деді. Барлығы ду күлді.
- Алдия-я-яр, - деді Маржан сен не дейсің дегендей сұраулы жүзбен.
- Мен сенен айырылдым, - деді Алдияр қалжың аралас дауыспен.
Шынымен де сезімі болғаны ма сонда? Неге ашып айтпайды олай болса? Батылы жетпеуі мүмкін емес. Әлде мен сияқты сезіміне сенімсіз бе екен? Әлгінде ғана айтқаны рас болса, менің «ұнатамым» «сүйемінге» ауысатын сыңайлы. Мені әжуалау үшін барлығын әдейі жасап жүрген болса ше? Бірақ Алдиярды мұндай жаман ойларыма қимаймын! Айбардың тапсырмасын орындауға келіскен соң, Алдияр; «Менің де тапсырмамды орындап беріңізші олай болса,» - дейді. Бірден келісе салуға ұялып тұрмын. Оның өтінішінен бас тарта алмаймын. Келіскен болып үнсіз отырмын...
3 қараша, 2003 жыл. Еркенұр: «Алдияр сені сабаққа көмектесу үшін, не басқа да өз пайдасына жарату үшін ұнатқан кейіп танытып жүрген болса қайтесің? Оны да ойлану керек,» - дейді. Жоқ! Алдияр туралы ондай жамандық ойлауға дәтім бармайды. Уақыт көрсетеді.
4 қараша, 2003 жыл. Ойларым! Алдиярды өздеріңнен бір сәтке алшақтата аласыңдар ма? Түнде ұйқыға кетер алдында түрлі ой мазалайтыны аздай, таң қылаң бере, көзімді аша сала оны ойлайтыным қалай? Бұл қандай сезім өзі? Шын сүйетініме толық көзім жетпесе де, күні-түні бар ойымды бір өзі билеп алды.
Еркенұр екеуміз «Алдияр әдемі», «Жоқ, Айбар әдемі» деп сөз таластырып қалдық. Суреттерін көрсетіп, бейтаныс қыздардың жауабына жүгіндік. Екеуі де Алдирдың әдемі екенін айтты. Әрине! Бірақ ішкі сұлулығы сыртқы ұсқынына сай екеніне көз жеткізбей тұрып, ессіз сүйіп қалғым келмейді.
5 қараша, 2003 жыл. Алдиярдың алдыңғы сабақта көрген кезінде әдеттегідей амандаспай өте шыққанына ашуым кеп тұр едім, екінші рет асханадан көрген сәтте ашуым су бетіне тас лақтырғандай күмп ете түсіп, тез таралатын тербелістей бір сәтте тарап, жоқ болды. Асханада төрт адамдық бір үстелден басқасы бос болмаған соң, амалсыз Мен, Алдияр, Еркенұр, Айбар – төртеуміз бір үстел басына отырып тамақтандық. Маржан көріп: «О, екеуі бірге отырып алыпты ғой,» - деді. Әдейі отырмағанымызды Алдияр біледі. Осындай сөздерімен жалықтырды дегендей жақтырмаған сыңай танытып, көзімді бір төңкеріп қарадым да, отыра бердім. Бір үстел басында алғаш рет бірге тамақтандық. Баяу ғана «Бүгін қандай тамаша, көңілді күн» әуені қосылып тұрды. Өзімді айтарлықтай бақытты сезіндім.
6 қараша, 2003 жыл. Ақырын аяңдап университетке келе жатырмын. Ойымда... әрине... кім болушы еді? Күнделікті бұрылысыма таядым да Алдияр қай жолмен келуші еді деп ойладым. Бұрылмай, тіке жүріп, сол жүретін жолмен барсам ба екен? Университетке тек екеуміз ғана бірге кіріп келе жатсақ, қандай ғанибет? Бірақ ол аудиторияға барлық студенттен соң кіруші еді ғой. Демек мен ол келетін уақыттан ерте келе жатқан болармын. Өз жолыммен жүріп кеттім. Университетке екі жолдың қиылысуымен кіреміз. Сол бұрылысқа таяу жерде маған қарама-қарсы Алдияр келе жатыр. Сірә, амандаспайтынын білген соң, жылдамырақ жүріп кеттім де, ол менің артымда келе жатты. Ұлы өмірде де осылай ойламаған жерден, кезіге кетіп, тағдырымыз қиылысатындай, сондай қуанышты күй кештім...