Болмашы құпия - 3
блог
...Жүрегімде 5% - Ержанға, 10% - Алдиярға, 85 % - өзіме деген сезім сәулесі бар.
5-қазан, 2003 жыл. Алдиярдың тобымен бірге болатын сабақта отырмыз. Кенет әңгімеден әңгіме туып, қыздар қалай мені сөз етіп бастағанын да аңғармай қалдым. Бір кезде:
- Алдияр, естіп отырсың ба? Қолынан бәрі келеді екен, жақсы келін болады - деді топтас қызы.
- Неге бірден Алдияр дейсіңдер? – деп мен өзім де сенімсіз сезімімді өзгелер сезіп қоюынан шошынып қалдым.
- Біздің Алдиярдың бір жаман қыры бар. Бірақ Балнұр өзі түзетіп алады.
- Ой, қыздар, қойсаңдаршы енді. Жетер осы қалжыңдағандарың, - деп мен қызара түстім. Ал Алдияр аузына су толтырып алған адамша тіл қатпайды.
- Үндемеген – келіскен белгісі, - деп қыздар үстемелеп, қояр емес. Олар неге бірден Алдияр деп бастады екен. Қызық! Сонда оның да маған қызығушылығы болғаны ма? Олай болса, сезім өсті: 20%. Ал егер олай емес болса, уақытша сезім болып өше салады.
***
«Оған барлығы оп-оңай» деді өзінің сүйіктісінің үш жыл бұрын жазылған күнделігін оқып отырғанын ұмытып қала жаздаған Жұбаныш...
6 қазан, 2003 жыл. Дене шынықтыру сабағында Алдиярды көрдім. Дәріс дәптерімді қайтарып тұрып:
- Рахмет, - деді жымиып. Күлгені қандай әдемі.
Қыздар ұлдардың күлкісіне де сүйсінеді екен-ау деп ойлады Жұбаныш тек жігіттер ғана солай тамсанады деген ойынан айнып.
12 қазан, 2003 жыл. Сабаққа сәл кешігіңкіреп, бірақ кабинетке апайдан бұрын кіріп үлгердім. Еркенұрдың артындағы партаға, Айбардың жанына отырайын десем, сөмке тұр екен.
- Мына орын бос па? – деп сұрадым.
- Сен мында отыр, - деді Алдияр Еркенұрдың жанын нұсқап.
Артымдағы орынға жайғасып алып, әр нәрсені сылтауратып, әңгімеге тарта берді. Сөйлей берген соң апай Алдиярға басқа орынға отыруды бұйырды.
- Осы жерде отыра берейінші, - деп қиылды. Рұқсат бермеген соң, көзін менен алмастан, басқа орынға ауысып бара жатты. Еркенұр оның дәлізде де мені көзімен ішіп-жеп тұрғанын айтты. Бұрын сұрағыма келте ғана жауап беріп, тура қарамайтынына ашуым келуші еді. Енді өзіме қарауына не себеп болды екен? Шынымен де жүрегін жаулай алдым ба?
13 қазан, 2003 жыл. Айбар бөлмеге келгіштей береді. Шаршап, мезгілсіз ұйықтайын деп жатқанымды көріп, ауырып қалмадың ба деп қамқорлық танытып жатыр. Оның да мені ұнататыны әрбір әрекеті мен сөзінен көрініп тұрады. Бірақ бір жатақхананың екі көрші бөлмесінен орын тебуді бұйырған соң, мен онымен бауырым сияқты араласамын. Менің Алдиярды ұнатып жүргенімді білсе, өзінен қандай артықшылығы бар деп ойлайтын шығар. Екеуі де жақсы жігіт. Бірақ Айбардың жүйкесі жұқа, нашар мінездері де бар. Оны түзетіп алуға болар еді. Алдиярдың да мінезі жап-жақсы екеніне кім кепіл? Артықшылығы сол: Айбар сияқты қыз қырқынға қырындап, құшақтасып, жырпылдасып жүрмейді. Айналасында миллион қыз жүрсе де, біріне артық назар тоқтатпайды. Сондай салмақтылығымен баурап алды мені.
Түсіме Ержан кірді. Неге Алдияр емес, басқа емес, Ержанды көремін? Мүмкін ол мені ойлап жүрген болар...
15 қазан, 2003 жыл. Мен және бізден бір курс жоғары оқитын Айназ есімді қыз, Алдияр, тағы да бір қыз бар – төртеуміз дөңгелек үстел басында отырмыз. Алдияр кішкене парақша бөлігіне бір нәрсе жазды да, сабақтағы жасырын хат алмасқандай етіп маған қарай ысырып қояды. Сілтідей тынып қалғанбыз. Айназ қатар отырған Алдияр екеумізге кезек-кезек қарап, басын шұлғып бір нәрсе сұрайды. Алдияр оған қарап, сыбырлап қана: «Сүйем!» - деді. Қағазға жазғаны да сол болса керек. Жанымыздағы төртінші қыз бен Айназ біріне-бірі қарап: «Сүйеді екен,» - деп еріндерін сылп еткізді.
«Сүйгені несі? Араларында мұндай байланыс болған адам туралы менен қалайша жасырады?» - деп тағатсыздана жалғасын оқыған Жұбаныш, махаббат хикаясы осылайша басталып кетті деп ойлап: «Осыдан бірнеше минут бұрын тәп-тәтті түс көріп, күліп ояндым» деген жерін оқыған соң ғана езуіне күлкі жиылды.
17 қазан, 2003 жыл. Алдиярдың тобынан бөлек, тек өз мамандығымызбен бірге өтетін сабақта қыздар Алдияр жайында әңгіменің шашауын шығара бастады. Үнемі «Алдияр» десе, «Балнұр, Балнұр» деп барлығы маған жымыңдай қалатын болыпты. Мұндай әрекетке баруларына менің тарапымнан негіз жоқ, яғни сезімім жөнінде Еркенұрдан басқаға жақ ашқан емеспін. Ал Еркенұр басқаларға сыр жаяды дегенге сенгім келмейді. Осының анық-қанығын білгім кеп:
- Қыздар, неге маған Алдиярды айта бересіңдер? – дедім.
- Сені ұнатады.
- Мені ма?
- Иә. Сен де оны ұнатасың.
- Оны қайдан шығардыңдар?
- Маржан айтты (Алдиярдың тобындағы қыз).
- Ол қайдан біледі? Олай емес. Алдиярдың көзінше айта бермесеңдерші, ұят қой. Жоқ кезінде ойнап айтқандарыңды көтеремін, ал өзі не ойлайды?
- Жарайды, қойдық, қойдық...
19 қазан, 2003 жыл. Алдияр менен сабаққа қатысты құжат алмақшы болды.
- Өзіңе бүгін қажет болады ма? – деп сұрады.
- Иә.
- Олай болса кешке жатақханаңа апарып беремін.
Сабақ соңына дейін құжатты қайтарып берді. Шынымен жатақханаға келгісі келді ме екен? Ол келіп, екеуміз себеппен оңаша сөйлесіп тұрғанымызды елестете алмай қойып едім, бұйырмай қалды. Сезімін білдіріп, ұсыныс жасамаса да, «Ұнайсың» деп өз аузымен айтса екен, білгім келеді. Қашанғы үміт пен күдіктің арасындағы тұманда жүре бермекпін? Бүгін күндегіден ерекше сұлу болып көрінді. Өзі қара торы бола тұра, қоңырқай, қою түсті киімдер киіп алушы еді. Ақ түс өзіне сондай жарасып, сымбатын айқындап тұр.
23 қазан, 2003 жыл. Бүгін Алдиярмен бірге өтетін сабақ бар екенін ескеріп, түнде «ертең не киемін», «шашымды қалай сәндеймін» деп ойланып-толғанамын деп жүріп оятқыш қоюды есімнен тарс шығарып алыппын. Сабаққа сәл кешігіп келсем, әлі бастала қоймаған екен. Мен сабақ айтып тұрғанда оның көз алмай қарап отырғаны жүрегімнің тынышын алды...