Болмашы құпия - 2
блог
...«Алдияр – сұлу жігіт» дейді. Бұл кім болды, мен неге ол туралы ешнәрсе білмеймін деп ойлады да парақтап-парақтап жіберіп, тағы да Алдияр деген жазуды іздей бастады Жұбаныш.
2 қазан, 2003 жыл. Бүгін өзім өзгелерден ұнатпайтын қылық жасадым. Күнде өзі сәлемдеспесе, қыз басыммен маған не жорық деп қасынан тәкаппарсып өте шығушы едім, бүгін бір нәрсе керек болған соң амалсыз амандастым. Орныма қайта келсем, Еркенұр:
- Балнұр, сен Ержанды ұнатпайсың ба? – деп сұрады күтпеген жерден.
- Басқа ұлдарға қарағанда Алдияр екеуіне ықыласым ерекше екені рас. Неге сұрадың? – дедім таңданған тұрмен.
- Көрініп тұр. Сөйлесіп тұрғанда шаштарыңды реттеп, өзіңді ыңғайсыз сезінгеніңді байқап қалдым.
- Қойшы. Барлық ұлдармен солай сөйлесетін сияқтымын ғой. Аса байқалып тұрды ма? Ұят жасаған екенмін.
- Жоға, қысылма. Мен ғана байқадым оны жақын құрбың болған соң.
Артқы партада Алдияр мен Айбар отыр. Айбар әдейі дауысын бізге естілетіндей етіп көтере сөйлеп:
- Алдияр, қарашы, мына қыз әп-әдемі емес пе? Саған ұнайды ма? – деді. Еркенұр партаның астынан менің аяғымды шымшып қалып:
- Жігіттер сенің суретіңді қарап отыр, - деп сыбырлай қойды.
Жақындап, өз көзіммен көруге ұмтылсам, суретті көрсетпей көлегейлей берді. Мұғалім басқа студентке қойған сұрағына «Мен жауап берейінші» деп едім, Алдияр:
- Жауабы қалай? – деп маған алғаш рет өздігінен тіл қатты. Әдетте өзім бір нәрсе сұрасам ғана селсоқ жауап беретін. Шын ықыласыммен түсіндіріп бердім. Жауап толығырақ болсын деп, дәптерге жазғанымды да ұсындым. Сабақ аяқталған соң тағы да алғаш рет атымды атап:
- Балнұр, сен күнделікті дәрістерді жазып жүресің ғой?! Дәптеріңді ала тұрсам бола ма? – деп сұрады.
- Әрине.
Жүрегімде 5% - Ержанға, 10% - Алдиярға, 85 % - өзіме деген сезім сәулесі бар...