Болмашы құпия - 1

Болмашы құпия - 1
жеке
блог

Жұбаныш мысықтабандап Балнұрдың бөлмесіне жетті де, ескі қағаздарын ақтара бастады. Еркенұр Жұбаныштың: «Біз білмейтін де арман-мақсаттары бар болуы мүмкін. Балнұрым ойындағысын біреуге айтса, орындалмай қалады деп ойлайды» - деген сөздерінен кейін ғана құрбысының қуанышы үшін есік алдында тұрып, ешкім кірмеуін күзетуге келісімін берген еді. Жұбаныштың мұндағы ойы - екі апта уақыт қалған сүйіктісінің туған күніне тосын сый жасау. Ал оның не қалайтынын толық білу үшін жан баласы білмейтін құпиясын күнделігінен оқысам білемін деп ойлады да, Балнұрдың үйінде жоқ сәтін пайдаланып, Еркенұрға өтініш білдірген еді. Алайда жігіт тосын сый жасаймын деп жүріп, тосын оқиғаға тап боларын сезбеген де болатын. Сыртында «махаббат қаласы – Париждегі Эйфель мұнарасы» бейнеленген күлгін түсті күнделіктің ішінде сүйіктісінің мінезіндей майда да әсем жазулармен жазылған мынадай сөздер болды.

19 қыркүйек, 2003 жыл. Кеше сабақта Ержан менің артымдағы партада отырды. Соңғы күндері осы ұлдың менімен қарым-қатынасы өзгеше секілді. Жанындағы, артындағы достарынан сұрамай, бірнеше қыз отырғанда жай ғана таныс болып келетін менің дәптерімді алып, қателіктері болуы мүмкін екенін ескерткеніме қарамай менен көшіруі қалай? Ең артта отырған Алдиярға қарай ұрлана қарағаныма, Ержан өзіне қарап отыр деп ойлап қайта-қайта күлімдегені несі? Алдияр сұлу жігіт. Сәл ұнап жүр. Бірақ маған деген м8лдем көңілі жоқ екенін сезген соң, сәл ұнатудың еш нәрсеге ұласпауын қадағалауға тиіспін. Барлығын уақыт көрсетеді.

***

«Алдияр – сұлу жігіт» дейді. Бұл кім болды, мен неге ол туралы ешнәрсе білмеймін деп ойлады да парақтап-парақтап жіберіп, тағы да Алдияр деген жазуды іздей бастады Жұбаныш...