Асыл мұра (Естелік)
Адам өмірі естен кетпес естеліктермен өріліп жатса тіптен керемет емес пе? Сондай сәттерде омірге не үшін, кім үшін келгеніңді сезініп, кейде өзгелерден бөліп тұрар өзгешелігінді де біліп жатасың. Керемет кездердің керм келбеті өміріңнің бір бөлшегіне айналары сөзсіз. Бойыңдағы өзің бағалай алмай жүрген өнеріңе де махаббатың оянып, шабыттануың да ғажап емес. Сондай бір сәт өз басымнан да өткен еді, осыдан 2 ай бұрын яғни Қадір түніне тұспа тұс келді.
Тамыздың 4-жұлдызы. Каспийдің жағасындағы демалыс орынына ата-анаммен бардым. Бұл жиынға басты себеп: әкемнің әскерде борышын бірге өтеген достары жиналып, теңіздің жағасында тамаша демалыс ұйымдастырды. Ахмет аға мен Лаура әпкенің қонақтарға арнап жайған дастарханы да жайнап тұр. Үлкендер мен кішкене балаларға арналған көгілдір қауыздар мен мұндалап қол бұлғайды. Каспийдің жағасы да сылқым бикештей толқындарын жағаға лақтыра, бетін балдыр жапқан тастармен ойнап жатқандай. Демалуға келгендер де өз білгендерінше көңіл көтеріп жүр. Қауыз жақтан әсем әуендер де шарықтап жатыр. Ауланың көз тартарлық көрінісіне тамсанып, терең демалдым да қонақ күтуге арналған үйге бет алдым. Барлығы дастарханға жайғасып отырғалы жатыр екен. Мені кіші санамай өздерімен бірге ортаға алды. Отырыс басталды. Әдетте мерекелік дастархан әнсіз өтпейді ғой. Әкемнің жолдастары домбыра алдыртып араларынан «әу» дейтін қазақ іздеп таппады. Анам «Айгүл, ағаларыңа жақсы әндеріңнен орындап бер» деп өтінішін білдірген соң, қара домыраны қолға алып, «Қос бәйтерегім» деген әнмен бастадым. Әкемнің жолдастары әннің әуеніне елітіп, салқын самалға тербелген қайыңдай ырғалып, тамсанып отырды. Қазақта «жұп» деген жақсы сөз бар емес пе? Әндерімді жұп-жұбымен орындап, шағын концерт те қойып бердім. «Жеті қайқының» әндерінен, «Құнан нар», халық әні «Әдемі қыз», Сүгірдің термесі. Ән қорымдағы осы әндерді өзімше орындап шықтым. Барлығы қошеметтеп, ілтипаттарын білдіріп жатты. Арада бірнеше минуттар өтті. Қонақтар дастархан басында үреншікті әңгімеге көшті, бірі мал -жан амандығын сұрап жатса, енді бірі кәсіптерін айтып, отбасын таныстырып жатыр. Бір мезетте Ахмет ағам орнынан тұрып маңызды жаңалық айтатынын жеткізді. Бәріміздің құлағымыз Ахмет ағада.
- Мен, өзім өнерлі болмасам да, өнерлілерді бағалайтындардың қатарындамын. Бүгін ерекше күн, ерекше кездесу. Ерекше дауыс. Айгүл қызымның өнеріне риза болдым, осы кешті пайдалана отырып, Маңғыстауға белгілі жыршы Болат Шаулиевтың қара домбырасын сыилаймын,-деді. Бұл домбыраның тарихы зор екен. Ертеректе Түркіменстандағы бір шеберге жасатылыпты. Маңғыстаудың не бір маңғаздарының, атақты азаматтарының, ақын-жазушылардың келіндерінің бетін ашқан домбыра екен.Сонымен қатар Болат аға Маңғыстаудың жыр-термелерін де сахнаға осы домбырамен орындап шығыпты. Бірде Болат Шаулиев Ахмет ағаның үйінде қонақта болғанда осы домбыраны кіші баласы Рамазанға сыйлапты. Содан бері үйдің төрінде ілулі тұр екен.
- Домбыраны тартып білмейтіндердің қолында қор болғанша, пернесін басып білетіндердің жанында болсын,-деп мені қасына шақырып, домбыраны қолыма ұстатты. Сол сәттегі қуаныш менің көзімде жас болып тұнып тұрды. Өмірімдегі ең бағалы, ең құнды сыйлық осы болар. Домбыраны қолға алып, шертіп шертіп жібердім. Үні аққудікі, шегі жалдікі, тиегі арқардікі деп ағаларымда өз ішімнен баға бердім. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра». Осы жолдар ойыма орала берді, орала берді. Өнерді шын бағалайтын Ахмет ағалардай азаматтар барда, дәстүрлі әннің тыңдармандары жоқ деп қалай айта аламыз?! Бір әнді бірнеше рет айтқызып, тіпті таңға дейін жырласаң да тыңдай бергісі келетін қазақтың саны азайған жоқ. Олар дәстүрлі әннің үніне шөлдеп жүр. Олардың шөлін қандырып, мауқын басу өнерлілердің қолындағы дүние. «Тыңдарман аз деген бір жақты пікірмен жүре берсек, шын мәнінде жоқ қылып алуымыз ғажап емес. Дәстүрлі әншілеріміз қазақтың қара домбырасын қолға алып, «қоңыр үнді» аңсап жүрген ауылдық жерлерге концерттік бағдарламалармен жиі шығып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Нағыз тыңдармандар ауылда. Әрбірінің көмейінде әр әннің әуені сайрап жатыр.