Мен марқұм Ермұрат Зейіпханұлымен кезінде Құлжаның көшесінде, қолтықтасып жүретіндей қою арласып кеткемін жоқ. Өйткені, ол жылдары Ерекең өнердегі көшелі тұлғасын кісесінен-ақ байқатып, көпке танылып келе жатқан бесті айғырдай белгілі жігіт еді. Ал, біз болсақ шыны керек сыртынан сүйіне көз тіккен көген көз көп бауырларының қатарындағы көк көздеу біреуі ғана болдық. Себебі, ол кездің студенттері бүгінгі күнгі студенттердей емес ұяңдау келетін.
Сондықтан да шығар Ерекең алыстан қараған біздерге ылғи да жұлдыз болып көктен көрінетін еді. «Жайлауым» әнін бойдақтар жағы жарапазандай жаттап алып, жатаған жатақханаларының өзін керемет кең жайлауға айналдырып әуелететін де жататын. Жалпы бұл ән бой түзей бастаған бозбалалардың бойтұмарындай қастерленіп, әсем Құлжаның құшағын махаббат бесігіне айналдырып әкететін. Мұрты тебіндей бастаған «тентектер», көңілі бұрылған қызға жүрек сөзін жеткізе алмай жер шұқылаған сәттерінде: .
Мен жүрген жайлаудың,
Тауының биігі-ай.
Арудан аумайтын,
Аяулы киігі-ай,-деген ән жолдарын сезімдеріне серік ететін де, әуелетіп ала жөнелетін. Керек десеңіз, құрбысының қолын ұстап тұрып, тұмса махаббатының тұсауын тұңғыш кескендей түшіркеніп, сол күні тілін байлаған әлгі сұлуымен түсінде той жасап шығатын. Таңғы шықтай мөлдір де таза махаббатқа құштар тау ұлдарының жүрек қалауын шынайы таба білген бұл ән, кейінгі күндері көп әндер ортасынан талданып алынып, «Іле салтанаты» атты көркем фильмінде де екі жастың тойында орындалды. Қызық болғанда мұндағы 2012 жылы, Бейжиңдегі Лу шұн әдебиет институтында болған аз ұлт жас қаламгерлерінің үйренуінде, Іле педагогикалық институынан оқу тауысып, бұл күндері өлке орталығы Үрімжіде «Шұғыла» журналында қызмет атқарып отырған, белгілі прозик бауырым Тұрсынбек Байжұмаұлы бұл әнді «Халық әні» деп орындады.
Отырыс соңынан інімнің кезектегі орындағаны авторлы ән екеніне көзін жеткізгенім де барып, өзінің осындай қысылған ортада қымсынбай орындап, қалың жұрттың қолқасынан құтылатын қоржынында бір-екі ән «көзірі» барлығын айтып, көзі баданадай болып басын шайқап таң –тамаша болды бауырым. Әрине, мұның өзін қас өнердің қасиеті, немесе, кешегі құшағындағы қара домалақ құлынына Құлжаның білдірмей тағылымдап тағып жіберген қасиетті тана тұмары десек те болғандай еді.
Құлжадағы қазақтардың көгілдір экранынан тұңғыш көрген теле жүргізушісі де топырағың торқа болсын! Осы ерекең болды. Біз емес Құлжаның көшедегі Ұйғұрлары да сол кездерде Ермұратты «ауарай қазақ» деп, сыртынан таңдана, тамсана қарасатын еді. Өйткені, Ерекең экраннан жергілікті ауа райы мәліметін ол тұстары өзі төте оқи салатұғын. Сол «ауарай қазақ» бұла бұлт болып Алатау асып кеткен соң, біз де «желдір жекендетіп» жүріп артынан қуып барған жолымызда, Қазақстанның Алматы қаласында таныстық. «ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» деген қайсы бір сәуегейдің кезінде айта салған осынау сөзі, соңғы кездері ойлап отырсаң шындыққа айналып бара жатқандай, бұл жағынан тірі пенде болған соң тіксініп те қалады екенсің.
Сонымен, марқұм, кездескен әне сол күнімізден бастап қауызын ерте жарған балапандай қомданып, Алматының көшелерінде етегінен біздерді ертіп жүретін болды. Бейне бұл жағынан өнер қуған оралман жастардың бағына біткен сол шаһардағы «жирен атты Жұматай (Ж.Жақыпбаев)» дерсің. Ағамыздың еңбек ақысы тиген күндері, немесе, тойлардан қоржыны томпиып оралған кездері бүйіріміз бұлтиып шығып, терлеп-тепшіп, теріге түскен қазақтай түрленіп шыға келеміз. Алматыда бақытын базардан емес, касіптен іздеп жүрген жанкешті екі оралман жігіті бар деп естісеңіз, әрине, екіленбей соның бірі Ермұрат Зейіпханұлы деп ұға беріңіз, оған бүкіл қазақстан куә! Көп жігіттеріміз «қол бұлғап» жүріп шақырып алған өз қандастарының қалтасындағы тиын-тебенін қалтарыста қағып алып, мұның өзін капиталистік қоғамның тірлігіне сайдырып, жезтырнақтай сайқалданып жүрген сол ортада, Ерекеңнің барлығын арына бағындырып, маңдай терімен жан асырап, Алматының көшесінде «Маңғабылдай» маң-маң басып жүретін жомарттығы қандай да бір ардың туын әспеттеген азаматтарымызға үлгі болғандай. Марқұм өмірінің соңғы минутына дейін осы тазалығынан тайған жоқ.
Пенделіктің есігінен телміріп көз сатпастан өнерде де, өмірде де өзінің сол баяғы бекзаттық (кыназдық) Қалыпын сақтай білді. Есесіне кез келген қыспақты жағдайда жалғыз атын түсіп беретін қас серіге тән мырзалығы, Алматыдағы біткен оралман жастарымыздың көңілін босататын. Болмаса біз айтқан алаяқ ағайындарымыздың жыл он екі ай ақша жасап келе жатқан орталығы-Алматы қалалық паспорт үстелінің (виза ашатын) білдей бірінші қол бастығы, полконик Қаттаубаевтың Ерекеңді төредей силап төріне шығарып, әкесінің қабыр басындағы ескерткіш тақтасына арнау сөз жаздырып алғанын көзімызбен де көргенбіз. Қазақстанның тұңғыш реткі «Көші-қон заңының» авторы, кезіндегі депутат, сол кездердегі Президент апаратының мемлекеттік ағарту саласы бойынша инспектор әкім Ысқақтың Ерекеңнің өнерін ұлықтап туған ауылына ертіп барғанын, керек десеңіз осы жолында сол ауылдың «құрметті азаматы» атағын бергізіп оралғанын, марқұмның Бауыржан батыр көшесінің бойындағы тұрағында мемлекет инспекторымен бірге түстеніп отырып, өз ет құлағымызбен де естігенбіз (бұл дастарқанда Алмас Ахыметбекұлы ағамыз да болды).
Тағы сол сяқты қазақстан мемлекеттік оқу-ағарту минстрі (кейінгі кездері депутат, бұл күндері мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіныің ректоры) Шәмшә Беркімбаева Ермұратты көз жұмғанға дейін кекілінен кенже інісіндей сыйлап еркелетіп өтті. Ерекеңнің отбасы, бала-шағасын аталған минстр апайының Қазақстандағы ең көркем саяхат орталықтарына өзімен бірге апарып демалдырып қайтатынын алматыдағы араласқан азаматтарының бәрі біледі.
(Жалғасы бар)
Суретте(солдан оңға қарай): Білісбек Әбдіразақ, Ермұрат Зейіпханұлы, Ауыт Мұқибек
Білісбек Әбдіразақ
Төте жазудан аударып дайындаған: Қуанәлі Алмасбекұлы