Болашақ туралы естелік

Болашақ туралы естелік
жеке
блог

 Сол күні ұзақ жыладым. Сені қан майданға аттандырып тұрып, оралмайтынынды білсем де, бұл арам ойдың тар қапаста қалып, жарыққа шықпауын тіледім. Әйел баласы болып туғаныма өмірімде тұңғыш рет өкіндім. Ер азамат болғанымда ғой, бауырымды, сені, қымбатты досымды жалғызсыратпау үшін, сағындырмау үшін өздеріңмен бірге тұманды майдан даласына бірге барар ма едім?

   "Жаз!"-деп ылғи айтатынсын. Бірақ, саған хат жазғаннан басқаға көңілім ауар емес. Сендердің далада күннің аязы мен жаңбырына, ыстығы мен суығына қарамастан күресіп жатырған бейнелерін көз алдымнан кетер емес. Тіпті ұйықтай да алмаймын. Бұнымен күресудің жалғыз жолы сендерге серік болу деп шешіп, медбике болуға ұсыныс тастадым. Қабылдады.

   Сенен хат алған күн - мен үшін той. Аман екеніңнен хабар беретін жағыз нәрсе хат секілді. Сырты сарғайған, бір қолдан екінші қолға өтіп, межелі  жеріне әзер жеткен хатты алысымен, бір иіскеп, сені жанымда деп бір елестетіп аламын. Бойыма күш жинаймын да, жұмысыма қайта кірісемін.

  Бүгін сенің соңғы хатыңды алып отырғанымды білсем, мүмкін, бұл хатты ұзаааақ уақыт ашпас пе едім, кім білсін?! Анаңның "сені енді жоқ" деген хабары мені тілсіз бейшараға айналдырғанын біліп пе едің? Сені еш қиналмастан қаза тапты дейді. Өлерінде айтқан екі-ақ жол өлең шумағын мен ғана түсінетінімді сезіп, тағы әдетінше "жазуды тоқтатпа!" деп кеткенінді білгенімде мендегі жүректің парша-паршасын шығарып, езгілегенінді біліп пе едің? Жоға, сені жазғырмаймын... Сенің аман оралуыңа себепші болардай күшті болмағаным үшін өзімді жазғырамын. Кешір мені!!! 

 Сені жоғалтқаныма мойын ұсынып, өмір сүруді жалғастыра бергенімде қабырғамды қайыстырған ең ауыр соққы өзімнің бауырымды жоғалту болды. Сен "жаз" десең, ол "оқы" дейтін. Кіршіксіз ағаға деген махаббатпен, ол соғысқа өз бетіммен қатысамын деп әкеме жалынғанда, қолдау көрсетіп әкемнің рұхсатын өзім алып бергенімді сезінген сайын сол күнге лағынет деймін. Бірақ, ешнәрседен қорықпайтынымды дәлелдеймін, еліме деген махаббаты дәлелдеймін деген сөзін естігенде бойымдағы мақтанышты жасыру мүмкін емес-ті. Сол ғана мені мәжбүрледі...

  Бүгін "жеңіс туы" тігілді деп халық шулап жүр. Ал, менің күлуге қауқарсызбын. Бәрі немістерді кінәлап жала жауып жатқанда мына оқиға есіме түсті.

 Медбике болып жүргенімде немістің жаралы солдаты ес-түссіз сүйгенінің атын атап, кешірім сұраумен болды. Немісше білетінімді пайдаланып, сүйіктісі ретінде кешіретінімді жеткізгенде ғана, көңілі тыншып, ана дүниеге аттанып кете барды. Сені жыққан жаудың ұлын жақтағаным үшін жазғырмассын... Бірақ, олар да сен секілді "фашизмнің" еріксіз құрбаны деп есептеймін. Олар да сол соғысқа қатысуды борыш санады, олардың да мен секілді сарыла күтіп отырған сүйгені мен отбасы бар. Олар да - құрбан.

  Бүгін төрт жыл бұрын бәріміз бірге барған көл жағалауында тұрмын. Бұл жолы жол бойында төрт жұп із емес, жалғыз менің ізім қалып келеді. Саған ескертейін деп едім: бұл саған жазған соңғы хатым.

Адамдардың барлығы соғыстың қалдырған ізін шайысы келіп еңбек етіп жатыр. Ол жоғалтудың орнын қалайда толтырғысы келеді. Бірақ, мен ұмытпаймын!  Тек хатты жүрегімде  сағыныштың қаламымен жазатын боламын...

P.S Түсінбесеңіз, "Воспоминания о  будущем" деп аталатын фильмді көруге кеңес беремін.