Болашақ дәрігерлердің білім деңгейі қандай?

Болашақ дәрігерлердің білім деңгейі қандай?
жеке
блог

 

Адам өмірінің басты кілті Алланың құзырында болса, қосалқы бір бөлшегі дәрігердің қолында қала бермек. Ал адам өмірі, әлбетте, баланың ойыншығы емес. Ол – жаратушының сыйы, ол пендеге қатыстының «бәрі». Дәрігер сол қатыстылықтың негізінде халыққа қызмет етеді. Бұл аса ауыр және жауапты жұмыс.
Бүгінгі студент болашақта білікті дәрігер бола ала ма? Осы сұрақ төңірегінде ойланып көрейікші. Бұрын талапкерлер қиындығы мол, шым-шытырық иірімдері көп деп аталмыш мамандықты таңдап алуға жүрексінетін. Ал қазір ше? Бүгін ұрпақ батылдау ма қалай, әлде қомақты қаржы табудың көзі деп өте жеңіл қарай ма, әйтеуір дәрігер болам дегенді айтқанда өн-бойынан діріл де байқалмайды. Жо-о-оқ, біз мұнда мүлдем талапкерлердің талабына күмән келтіріп, аяқтан шалғалы отырған жоқпыз, біз болашақ адам жанын ажалдан арашалап алатын әрі абзал, әрі адал азаматтарды көргіміз келеді. Қазір мұғалім, дәрігер, заңгер болу сәнге айналып бара жатыр. Ал, дәл осы үшеуінің алдында ауыр міндеттер, жауапты кезеңдер күтіп тұрғанын ешкім сезбейді, сезбейді емес, сезгісі келмейді. Бәрі оп-оңай сияқты, қолыңда дипломың болса, кез келген қызметтің тұтқасын ұстап ап, ұранды сап кете бересің деген жеңілтек ой миымызды меңдеп алған. Тіпті, ата-аналар да осы идеямен уланып жатқан тәрізді. Сондықтан да мені бүгінгі студенттің білім деңгейінің ертең адам өміріне жауап беретіндігі үрейлендіреді. Кім де болса, білікті маман, білімді дәрігерге қаралғысы келеді емес пе? Ал біздің білім алып жатқан болашақ мамандарымыз осы талаптарға жауап бере алады ма? Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Десек те, адам өмірі туралы әңгімеде «көптің бірі» көп нәрсені шешеді ғой.
Айта кететін тағы бір нәрсе, Гиппократ антын қабылдаған соң ақ желеңді абзал жандардың білімді болуының маңыздылығымен қоса, сыртындағы ақ халат ішкі жан-дүниенің әппақ екенін дәлелдеуге ұмтылып тұратын сияқты. Бұл адамзат рухындағы рөлі мықты қасиеттердің дәрігер бойынан табылып тұруы тиіс деген сөз емес пе?! Білікті де, білімді, қайырымды да қайратты дәрігер қоғамымызда мол болсын десек, аталмыш мамандық таңдаған талапкерлерді сыннан өткізудің тест түрінен басқа тәсілін ойлап тапқан жөн сияқты. Сонда «бір қарын майды бір құмалақ шіріте» де алмас еді, біз де бұл тақырыпқа қайта оралмас па едік. Дегенмен, адам өмірі алтынға да айырбасталмайтын құндылық болғандықтан, бұл бізді толғандыра беретіні сөзсіз. Ал, сіз не ойлайсыз, оқырман?