«Адам өмірге келгенде бүкіл өмірі пешенесіне жазылып қояды» дегенді көп естиміз. «Алла пейіліне беріпті» деген тіркесті де жиі естиміз. Қайсысына ден қоясыз? Өміріміз соқпақты бола қалса тағдырымызға кінә артқанымыз дұрыс па?
Болашақ өмірі жайлы білгісі келмейтін адам жоқ шығар сірә. Бірақ, Өмірде қарапайым ғана қағидалар үлкен болашаққа жетелейтінін біз ескере бермейміз.
1 қағида – жүрек тазалығы, сенім.
2 қағида – ой тазалығын сақтау, пейіл.
3 қағида – тіл тазалығын сақтау, сөз.
Менің ұстазым болатын. Ілімі мен білімі мол, көпті көрген, діндар кісі еді. Сол ұстазымның айтқан ақылы, өсиеті әлі күнге жадымда жаңғырып тұрады. Тіпті, өмірлік ұстанымыма айналған. Ең бірінші адам алдағы өмірін болжау үшін жүрегіне терең үңілу керек. Жүрегіміз нені қаласа сол болады. Өмірге келген әрбір сәбидің жүрегінде «АЛЛА» деген жазу болады екен. Ғайбат сөйлеп, өсек айтып, күнә істерге барған сайын жүректегі «АЛЛА» сөзі көмескілене береді. Жүректегі АЛЛА сөзінің өшіп кетуіне жол бермеңіз. Сол жүрек біздің болашағымызды сездіруші, себебі жүректе АЛЛА бар.
Екінші біздің ойымыз. Адам болған соң жақсыны да, жаманды да ойлай береміз. Ол жай ғана ой болғанмен, біздің болашағымызға тікелей әсер етеді. Өміріміз біздің ойымыздан басталады. Адам жаны неге құштар болса, неге талпынса Құдай соны береді. «Қай нәрседен қорықсаң, сол алдыңнан шығады» деген сөз де осының дәлелі. Қорқудың өзі біздің ойымызда орын тебеді. Ылғи да ойымызға бір қорқынышты жағдайды қондырып аламыз да, сол жағдай орын алғанда «осылай боларын жүрегім сезіп еді» деп айтып жатамыз. Әрдайым болашағымызды өз ойымызда жасап, арманымызды арман деп қарамай, өмірімізде орын алып қойған сәттіліктей жарқын елестетер болсақ, ол міндетті түрде орындалады.
Менің ұстазым «Әрбір ораза айында біздің бір жылғы тағдырымыз шешіледі» - деп айтатын. Ораза айында жасаған жақсылығымыз бен құлшылығымыз есепке алынып, ниетіміз бен пейілімізге қарай алдағы өміріміз өрби береді. Мұның қаншалықты рас екенін білмеймін, дегенмен, ораза айларында барлық тілектер орындалатыны, барлық мұсылман құлшылық жасап Алладан мейірім шапағат күтетіні ұстазымның сөзіне жан бітіргендей болады.
Үшінші сөз. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр. Қай кезде болмасын сөйлеген сөзіңізге мән беріңіз. «Менің арманым бұл өмірде орындалмайтын арман» деген сияқты үмітсіз, шарасыз айтылған әңгімеңізге періште «Әумин» деп қоймасын. Жақсы сөзге де, жаман сөзге де періште «Әумин» дейді. Әрдайым жақсы сөйлеңіз, жүрегіңіздің қалауын дәл тауып, арманыңыздың орындалатыны жайлы жиі айтып жүріңіз. Жүрегіңіз не дейді? Ойыңыз не дейді? Ойыңызды басқарып жарқын болашақты ойлай аласыз ба? Болашағыңызды өзіңіз болжаңыз. Болашақта өзіңізді қай биіктен елестетесіз?