«Болар бала...»

«Болар бала...»
жеке
блог

Әндігүлдің баласы «Қойшы, а, балапан!» байқауынан жеңімпаз болып оралып, бірнеше келіншек «Құтты болсын!» айтып барды. Дастархан басында «Бұдан да үлкен сахналарда ән шырқасын», «Жұлдызы жарқырай берсін» деген жаттанды ақ тілектерін айтып, іштерінен «Осының біздің баладан қай жері артық?», «Етегіне шалынысып зорға жүрген Әндігүлдің жетілгені-ай» деп, қара ой да ойлай отырды. Сосын, бір-біріне байқатпай өнерлі өреннің бас-аяғына ішіп-жеп қарады. 

Іш қанша қайнаса да әйелдің аты әйел. Біраздан соң әркім өзі үкілеп отырған айбозы туралы түрлі әңгімеге кірісті де кетті. 

- Менің қызым туа салып әндетті. Алдында «Мына бала қалай жылайды өзі?» деп алаңдап жүргем. Кейін ден қойып тыңдасам, кәдімгі қазіргі әндерді нақышына келтіріп тұрып іңгәләйді. О, Құданың құдіреті...
- Менің қызымның да бар есіл-дерті – ән! Күнұзақ ыңылдайды да жүреді. Сыпыртқыны, қасықты, қысқасы, қолына не түссе соны микрофон қылып, киімінің бір жеңін киіп, бірін кимей, иығын жалаңаштап, өзімен-өзі аласұрып жүргені...
- Менің баламның да басқа сабаққа түк қыры жоқ. Ана алгебра, химия дегендерді мүлде қойды. «Өскенде тележүргізуші болам. Оған физика мен геометрияның не керегі бар?» дейді. Онысы да рас!
- Менің қызым әнші, жүргізуші, кино әртісі болам дейді. «Оның бәрі болу оңай ма? Бірін ғана таңдасаңшы» десем, «Мам, қарасаңшы ана теледидарға. Бәрі сондай емес пе?» деп аузымды жабады. «Ұяда не көрсең...» деген осы шығар.
- Менің балам да әкесі екеуі күн-түн демей телевизорға таласады да отырады. Әкесі «Спорт, жаңалықтар, өнертапқыштар туралы көр. Ой-санаң жетіледі» дейді. Балам «Шоу көрейікші. Темір құрастырып жатқан шетелдіктерің кімге керек» дейді. Соған қарағанда менің балам да өнер адамы болады-ау деймін...

«Уһ, үйге қайтатын уақыт та болды-ау!» Ұзақ қоштасып, бір-бірін өтірік айналып, толғанып, құрбылар жан-жаққа тарады. Ешқайда бұрылмай құжырасына тура тартқан Мәндігүл терезе алдында шоқиып отырған баласының қолынан кітапты жұлып алды. «Абай жолы» екен. «Кітапта басың қалғыр сорлы-ау. Бір уақ елдің баласы сияқты телевизор көрсеңші. Солардай жаныңды жеп, ән айтсаңшы» деп, кітапты лақтырып жіберіп, долданып отыра кетті. Көз алдына бағанағы басқосуда бәрін еріксіз тыңдап, өзіне қарап біреу сөйлегенде жымиған болып, бас изеп, өңі қайта-қайта сұрланған бейшара қалпы елестеді. Баласы аң-таң...

Авторы: Қанағат Әбілқайыр